Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен жазғы Азия Пара ойындарында Қазақстаннан 131 спортшы 14 спорт түрінен бақ сынады. Байрақты бәсекеде ел намысын қорғаған Түркістан өңірінің спортшылары елге жүлдемен оралды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Азия Пара ойындарында ел намысын қорғап, көк туымызды көкке көтерген спортшылармен кездесіп, сый-құрмет көрсетті. Жеңімпаздармен пікірлесіп, алғысын білдірді.
– Сіздерге Түркістан жұртшылығы атынан және жеке өзімнің атымнан шексіз алғысымды білдіремін. Сіздермен мақтанамыз, жастарға айтып жүреміз. Мәдениет саласындағы болсын, спорт саласындағы болсын, жетістік – еліміздің еңсесін, облысымыздың рухын көтереді. Байрақты сайыста өздеріңізді көрсеттіңіздер. Ол біз үшін үлкен мәртебе. Түркістанда спорт саласын дамытуға басымдық берілуде. Жаңадан салынған стадион, теннис орталығы,«Мұз сарайы» сияқты түрлі бағыттағы спорт нысандары елге қызмет етіп жатыр. Бұдан да басқа спорт ғимараттарының құрылыстары жалғасуда. Осында тәрбиеленген жастарымыз әлемдік додаларда ел абыройын көтереді деп сенемін. Сіздер өз салаларыңыз бойынша өңірдің дамуына еңбек сіңіріп келесіздер. Отаншыл мінездеріңіз бен шынайы еңбектеріңізге алғысымды білдіремін. Сіздердің өнегелі істеріңіз жастар, қоғам үшін үлгі. Сіздерге қажымас қайрат, зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін, – деді Дархан Сатыбалды.
Басқосуда облыс басшысы жеңімпаздарға Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігінің төсбелгілерін тағып, Алғыс хаттарды табыстады. Атап айтсақ, Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігінің «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісімен каратэден Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген жаттықтырушысы Мелдеханов Нұрмахан марапатталды. Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігінің «Дене шынықтыру және спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен «Сауран» мүгедектер мектебінің директоры Қазиев Абай марапатталды.
Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрінің Алғыс хатымен байдарка мен каноэде есуден Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушысы Ковалева Ольга мен байдарка мен каноэде есуден Қазақстан Республикасының жоғары санатты жаттықтырушысы Кеңесов Еркебұлан марапатталды.
Облыс әкімінің Грамотасымен бокстан ҚР-ның еңбегі сіңген жаттықтырушысы Айтжанов Мырзағали мен параканоэден ҚР-ның жоғары санатты жаттықтырушысы Иванов Геннадий марапатталды.
Азия және Азия Пара ойындарында орын алған спортшыларды облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Атап айтсақ, параканоэдан ҚР-ның халықаралық дәрежедегі спорт шебері, параканоэдан ҚР 3 дүркін чемпионы, Азия Пара ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері Спатай Бибарыс, жеңіл атлетикадан ҚР-ның чемпионатының жеңімпазы, Азия Пара ойындарының қатысушысы Айтмырзаев Мұқан, параканоэден Азия Пара ойындарының күміс жүлдегері Тайкенов Жалғас, параканоэден Азия Пара ойындарының қола жүлдегері Балтабаева Жаңыл, Азия Пара ойындарының қатысушысы Дайырбек Темірхан, байдаркада есуден Азия ойындарының күміс жүлдегері Шмелева Ольга, каноэде есуден Азия ойындарының күміс жүлдегері Киселева Ульяна, бокстан Азия ойындарының қола жүлдегері Тоғамбай Сағындық марапатқа ие болды.
Естеріңізге сала кетейік, сары құрлық елдерінің саңлақтары арасында өтетін бұл дода 23 қыркүйек пен 8 қазан аралығында өтті. Қазақстанның намысын қорғайтын Түркістан облысының 27 спортшысы байрақты додаға қатысты. Олардың қатарында еліміздің талантты боксшысы, 51 келі салмақта атой салатын Токио олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов пен 86 келі салмақта өнер көрсететін түркістандық Сағындық Тоғамбай бар. Бокстан Қазақстан ұлттық құрама командасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов шәкірттерінен мол үміт күткнн болатын. Бұдан өзге 90 келі салмақтағы дзюдодан Дидар Хамзаға да жаттықтырушысы өзінің әкесі Марат Файзиев жүлде үшін таласты. Дидар бұған дейін Джакартада өткен Азия ойындарының жеңімпазы және екі олимпиада ойындарына қатысып, тәжірибе жинақтаған спортшы.
Ал, су спорт түрлерінен де 9 спортшымыз ел намысын қорғады. Академиялық ескек есуден Александр Афанасьев, Анжела Полянина, Мелани Жакупова, Владислав Яковлевтер еліміздің намысын жоғары дәрежеде қорғау үшін дүбірлі додаға аттанған еді. Сонымен қатар, байдарка есушілер Бекарыс Раматулла мен Ольга Шмелева Азия ойындарында бар күш-жігерлерін ортаға салса, каноэ есуден Ульяна Киселева да қатысып, жүлде үшін жарыс жолына шығады. Сонымен бірге облысымыздың мақтаныштары Аделайда Пчелинцева мен София Сподаренко жүзу спортынан бақтарын сынады.
Төрт жыл сайын өтетін айтулы додада каратэден облысымыздың талантты спортшысы Әсел Қанай жарыс жорлына шықса, таеквондодан Нұрлан Мырзабаев татами төрінде күшін сынап көрді. Ал, бадмитон спортында Дмитрий Панарин мен Камила Смағұлова еліміздің мерейін үстем ету үшін, бар өнерлерін ортаға салды. Сонымен қатар, теннистен Гозаль Айнитдинова бағын сынаса, садақ атудан Бунед Мирзаметов мергендігін көрсетті. Бұл аламан додада гандбол шеберлері де күштерін сынап көрді. Еліміздің құрамасы сапында 8 бірдей түркістандық саңлақ бар. Олардың қатарында Одилжан Газиев, Бекзат Анарбаев, Мирас Қалдыхан, Айбек Туранов, Данияр Ирисметов, Севара Реджеметова, Мария,Валентина Ситниковалар бар. Ал, баскетболдан Руфина Гаврилюк елміздің құрамасында өнер көрсетеді.
