БОЗ КІЛЕМДЕ САМБО САҢЛАҚТАРЫ

1  627 көрілім

Кеше самбо күресінен 17 мен 23 жас аралығындағы ұлдар мен қыздар арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты бастау алды. Ел біріншілігінде республикамыздың барлық аймақтарынан келген 280-ге жуық спортшы қатысуда.


Салтанатты ашылу рәсімінде Самбо күресінен ҚР төрешілер алқасының төрағасы Берік Жұмағалиев, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Полат Қырықбаев құттықтау сөз сөйлеп, спортшыларға сәттілік тіледі. Жарыстың ресми бөлігінде «Қазақстандық спорттық және жауынгерлік самбо федерациясы» атынан Жұмағали Байдуллаевқа «самбо күресінің құрметті ардагері» және Айзада Шараповаға «самбо саңлағы» төсбелгісі табысталды.


«Елімізде самбо спорт түрінің даму қарқыны айтарлықтай нәтижелі. Өздеріңізге мәлім, біршама уақыт бұрын Өзбекстан Республикасының Ташкент қаласында самбодан әлем біріншілігі өтті. Байрақты бәсекеде Қазақстан спортшылары үш алтынға қол жеткізді. Бағы жанып үздіктер қатарынан көрінген түркістандық самбошылар – Бибарыс Әбдіғани, Бексұлтан Дүйсенов, Перизат Жанұзақ ел қоржынына екі күміс, бір қола салды. Жиырма жылдан бері Талдықорған қаласында ұйымдастырылып келген дәстүрлі турнир облыс орталығында алғашқы рет өткізілуде»,-деді самбодан облыстың аға жаттықтырушысы Самат Рысбеков.


Командалық жарыс үш күнге жалғаспақ. Жүлдегерлер кубок пен қаржылай сыйлыққа ие болады. Жүлде қорына I орынға – 300 мың, II орынға – 200 мың, III орынға – 100 мың теңге белгіленген. Өз салмағының мықтысы атанған 1-орын иегерлері спорт шебері атанады. Газетіміздің келесі санында жарыс қорытындысы туралы толық ақпарат ұсынатын боламыз.

Нұртас КЕҢЕСБЕКОВ,
«Түркістан».
Суреттер автордікі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы