«Ерлік – елге деген құрметтен басталады», – дейді Оспанғазы Жанқожаев. Ол көзсіз батырлығының арқасында «Ерлігі үшін» медалін елімізде алғаш алғандардың бірі. Оспанғазы Балақожаұлы 1958 жылы Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Билікөл совхозында дүниеге келген. Алғаш еңбек жолын аталмыш совхозда қарапайым жұмысшыдан бастап, еңбекке ерте араласқан. КСРО-ның кезінде 1977-1979 жылдары Германияда әскери борышын өтеп, 1986 жылы Шымкент қаласы, Еңбекші ауданының коммунистік партия бөлімінің жолдамасымен ІІО-на облыстық ішкі істер басқармасы жанындағы күзет басқармасында қатардағы милиция лауазымынан қызметін бастап, полиция полковнигі шенімен зейнетке шыққан. Қазіргі таңда Түркістан облысы полиция департаменті ардагерлер кеңесінің төрағасы. Зейнеттегі жанмен тілдесіп, бұл қиын да жауапты саланың қыр-сырына қанықтық.
«1989 жылы кезекші бөлімнің нұсқауымен Шымкент қаласындағы Советская-Баумана көшесінде орналасқан көлікжайдан көліктер ұрланып жатыр деген хабар бойынша кезекші оперативтік топпен оқиға орнына шықтық. Қылмыскерлер гараж есіктерін бұзып екі көлікті сыртқа шығарып, үшіншісін оталдыруға әрекет жасап жатыр екен. Көлікжайдың есігін ішінен жапқан ұрылар біз барғанда артқы есіктен тыпырлап қаша жөнелді. Әріптесім учаскелік инспектор А.Оразбахов екеуміз артынан қуа жүгірдік. Соңғы қашып бара жатқан қылмыскерге жете бергенімде бұрылып шолақ мылтықпен атып қалды. Ет қызумен алғашында білінбегенмен, шөкелеп отырып, көз қарауытып талып қалған екенмін. Аурухана төсегінде ұзақ емделіп, ауыр операциялар жасалып, 1990 жылы қызметіме қайта оралдым. Денеме тиген 18 оқтың 5-і алынбай іште қалды.
Өлім аузынан аман қалған айрықша күн менің өмірімде осылайша екінші туған күніме айналды. Арада бес жыл өткеннен соң «Ерлігі үшін» медалін Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан алдым. Бұлттың арқасынан күн шығатыны секілді сол бір сәттегі мұндай бақытты тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Себебі, төсбелгіні Тәуелсіздік алғаннан кейін алғашқылардың бірі, әрі Елбасының қолынан алу бұйырды», – дейді Оспанғазы Балақожаұлы.
Оспанғазы Жанқожаев үйдің отанасы Мариямен бірге көздерінің ағы мен қарасы 2 қыз бен 1 ұлды тәрбиелеп, құтты ұясына қондырып аяқтандырған. Осы күні батырдың ұлы Абылайхан әке жолын қуып, Шымкент қаласындағы Әл-Фараби ПБ-ның аға тергеушісі. Ал, төрағалық жасап отырған облыстық полиция департаменті ардагерлер кеңесі көп іске мұрындық болуда. Атап айтсақ, айтулы күндерде осы саладан зейнеткерлікке шыққан қарттарды арнайы құттықтап мерейін үстем етсе, биылғы полицейлер күніне орай шахмат пен бильярдтан ардагерлер арасында жарыс өткізгендігін де тілге тиек ете кету керек. Сондай-ақ, оның айтуынша жыл сайын қарттарымызға құрмет ретінде қоғамдық ұйымның атынан өңіріміздегі шипажайларға демалуға жолдамалар да беріліп тұрады.
«Алпыс нарың болғанша, ақылды жарың болсын» демей ме дана халқымыз. Басқа түскен ауыртпашылықпен қиын сәттерде қасынан табылып, өлім аузынан аман қалған кезде бәйек болып денсаулығы үшін алаңдаған жарына айтар алғысы шексіз. «Жарақат алып ауруханада жатқанда өмірімде жар таңдаудан қателеспегенімді ұқтым. Биыл шаңырақ көтергенімізге 37 жыл толып отыр. 12 желтоқсан жарым Марияның да туған күні.
Əйел деген – отбасының тамыры,
Əйел деген – махабаттың тəңірі.
Əйел – ана, əйел – деген гүл шыбық,
Әйелдерсіз болмас жерде тіршілік, – деп ақындарымыз бекер өлең жазбаса керек», – дейді Оспанғазы Жанқожаев.
Орынбек ҚАСЫМБЕКОВ.