Елімізде 2003 жылдан бері тамыз айының үшінші жексенбісі спорт күні ретінде аталып келеді. Елде билік тарапынан спорттың дамуына, бұқаралық спорт қозғалысын кеңейтуге, спорттағы жетістіктерді ынталандыруға ерекше көңіл бөлініп отыр. Қазақстандық спортшылар тәуелсіздік алған жылдардан бері халықаралық жарыстарда үздік нәтиже көрсетіп келеді. Сондықтан да шығар халықаралық жарыстарды өткізуге Қазақстан да мүдделі. Атаулы дата қарсаңында Түркістан облысындағы спорт саласы бойынша атқарылған жұмыстарға тоқтала кеткенді жөн көрдік.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы негізгі екі бағыт бойынша алдына міндеттер қойған. Оның бірі бұқаралық спортты дамыту болса, екіншісі – жоғары жетістікке жеткен спорт түрлері бойынша қарқынды жұмыс істеу. Осы бағыттардағы жұмыстарды облыс бойынша 104 мемлекеттік спорт мекемесі мен мен мемлекеттік-жекешелік әріптестік кәсіпорындары атқарады. Оның ішінде облыстық дәрігерлік дене тәрбиесі диспансері, 24 облыстық спорт мекемесі, 52 аудандық, қалалық балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері және 27 мемлекеттік-жекешелік әріптестік мекемелері бар.
Аталған спорт мекемелерінде спорттың 61 түрі бойынша 2430 жаттықтырушы 58 658 баламен жұмыс істеуде. Сондай-ақ, облыс әкімдігінің қаулысымен «Сауран аудандық №1 және №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемелері ашылды. Оған қоса Түркістан қаласындағы жаңа әкімшілік-іскерлік орталығы аумағында «Мұз Сарайы» спорт кешені пайдалануға берілмек. Сонымен қатар үлкен теннисті дамыту мақсатында «Түркістан теннис клубы» мекемелері жаңадан құрылды.
Осы жылдың 7 айында дене шынықтыру және спортпен шұғылданатын барлық жастағы тұрғындар саны 880 493 адамға жетіп, бұл облыстағы жалпы халықтың 41,37 %-ын құрады (Биылғы жоспар – 42%).
Биылға бекітілген жоспарға сәйкес, облыс аумағында 1293 бұқаралық спорттық іс-шара өткізіліп, оған 177 342 адам қатысса, оның ішінде ауылдық жерде өткен 957 іс-шараға 113 179 адам қатысты.
Облыста мемлекеттік-жекешелік әріптестік бағдарламасы аясында жалпы барлығы 22 жоба жүзеге асты. Аталған жобаларда спорттың 25 түрін дамыту жолға қойылған. Онда 114 жаттықтырушы 5548 баламен күнделікті жұмыс атқаруда.
Биыл жеті айда мемлекеттік-жекешілік әріптестік ұйымдарында тәрбиеленген 1232 спортшы аудандық, облыстық және республикалық жарыстарға қатысып, 68 алтын, 111 күміс және 227 қола медальге қол жеткізді.
Түркістан облысында ұлтымыздың төл спортының 10 түрі (асық ату, қазақ күресі, көкпар, теңге ілу, тоғызқұмалақ, аударыспақ, бәйге, жамбы ату, саят, жекпе-жек) қарқынды дамыған. Облыс аумағында жұмыс істеп жатқан 2071 спорттық секцияда 110 385 адам тұрақты шұғылданады.
Облыста 97 508 мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген. Оның ішінде спорт және дене шынықтырумен айналысуға қарсы көрсетілімі жоқ 42 098 адам бар.
Дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар саны – 4298, ал, ауылды жерде – 3135 адам. Бұл спорт және дене шынықтырумен айналысуға қарсы көрсетілімі жоқ мүмкіндігі шектеулі азаматтардың 10,2%-ын құрайды. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған «Сауран» спорт клубы жұмыс істейді. Онда 34 жаттықтырушы 266 мүмкіндігі шектеулі азаматпен күнделікті жұмыс жүргізуде.
Биыл наурыз айында Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында есту қабілеті нашар спортшылар арасында дзюдодан Азия-Тынық мұхит аралдары чемпионатында Шадияр Қуандық мен Тоқтарбек Айдарбек 2 алтын медаль жеңіп алды. Астана қаласында өткен дзюдодан Азия чемпионатында Зәуре Айтек пен Дилярам Диханова 3-орынды иеленсе, жалпы командалық жарыста Балғынбек Оңалбек 1-орынды жеңіп алды.
Осы жылдың 7 айында клуб спортшылары ел чемпионаттарында 28 алтын, 31 күміс, 16 қола медальге қол жеткізіп отыр. Биыл Қытай елінде өтетін жазғы ПараАзия ойындарына облыстан 2 спортшы қатыспақ.
Осы мерзімде облыс спортшылары ел чемпионаттары мен кубогі жолындағы жарыстарға қатысып, 336 алтын, 242 күміс, 248 қола медальге (жалпы 826 медаль) қол жеткізсе, жыл басынан бері өткен Азия чемпионаттары мен Кубоктарында 59 алтын 41 күміс және 22 қола медальге (жалпы 122 медаль) ие болды. Енді осы жетістіктердің ішіндегі айтулы жеңістерге тоқтала кетейік.
Биыл көктемде Астана қаласында дзюдодан өткен Азия чемпионатында облыс спортшысы Балғынбек Оңалбек, Самарқанд қаласында ескек есуден өткен Азия чемпионатында Карина Семеникин, Бекарыс Раматулла чемпион атанды. Иордания елінде 12-20 шілде күндері еркін күрестен өткен Азия чемпионатында Бекасыл Асамбек алтын медальге қол жеткізді.
Жыл басынан бері облыс спортшылары әлем чемпионаттары мен кубоктарында 10 алтын, 5 күміс және 3 қола медальге (жалпы 18 медаль) ие болды. Венгрияның Помаз қаласында жамбы атудан өткен жарыста облыс спортшысы Айкөз Ералхан әлем кубогінің иегері атанса, Ресейдің Сочи қаласында өткен әлем кубогі жарысында Елнұр Төребек, Меруерт Әбен, Данияр Қайратұлы, Мариям Алиджани және Жасұлан Бекмұрат 1-орынды жеңіп алды.
Қазіргі уақытта облыста 9 ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 21 ҚР спорт шебері, 130 ҚР спорт шеберіне үміткер спортшы бар.
2023 жылы Түркістан облысының атынан футболдан ел чемпионатында «Мақтаарал» футбол клубы, Бірінші лигада «Тұран», «Қыран», «Арыс», және «Түркістан» футбол командалары, Екінші лигада «Тұран-Жастар», «Мақтаарал-Жастар», «Жетісай» футбол командалары және әйелдер арасындағы чемпионатта «Томирис-Тұран» футбол командасы өнер көрсетуде.
«Тұран» спорт ойын түрлері клубының «Тұран» ерлер волейбол командасы сәтті өнер көрсетіп келеді. Олар ел чемпионатында 2022-2023 жылғы жоғары лига ойындарының жеңімпазы атанды.
Баскетболдан «Тұран» әйелдер командасы ел чемпионатының 2022-2023 жылғы Ұлттық лигасында 2-ші рет қатарынан жеңімпаз атанып, көш басын ешкімге бермей келеді. Ал, «Тұран» ерлер және әйелдер гандбол командалары 2023 жылғы Супер және Жоғары лига ойындарының 2 дүркін чемпионы атанып үлгерді. 2023 жылғы Қазақстан Республикасы чемпионатының II тур қорытындысы бойынша 1-орында келеді. Чемпионат жалғасуда. Сонымен қатар Италия елінің Терамо қаласында гандбол клубтары арасында өткен әлем кубогінде түркістандық «Тұран» ерлер гандбол командасы жүлделі 2-орынды иеленді.
Клубтың «Томирис-Тұран» әйелдер футбол командасы 2022-2023 жылғы УЕФА чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде «Реал Мадрид» (Испания), «Манчестер Сити» (Англия), «Штурм» (Австрия) командаларымен бір топта өнер көрсетті. «Томирис-Тұран» әйелдер футбол командасы биылғы ел кубогінде күміс жүлдегер атанды.
2023 жылдың 23 қыркүйегі мен 8 қазаны аралығында Қытай елінің Ханчжоу қаласында өтетін жазғы Азия Ойындарына Түркістан облысынан 35 спортшы спорттың 15 түрі бойынша қатысады. Ал, 2024 жылы Францияда өтетін ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарына қатысуға мүмкіндік беретін лицензиялық жарыстарға қатысу үшін Түркістан облысының 11 спортшысы үміткер болып отыр. Қазіргі уақытта бұл спортшылар ұлттық құрама сапында оқу-жаттығу жиындарын өткізуде.
Қазіргі таңда облыста 4674 спорт ғимараты тіркелген. Ел Үкіметі тарапынан қолдау тапқан Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес, биыл өңірімізде дене шынықтыру және спорт саласына бағытталған нысандарының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Түркістан қаласында Халықаралық Теннис орталығының құрылысы аяқталып, маусым айының басында пайдалануға берілсе, Түркістан қаласы, жаңа әкімшілік-іскерлік орталығы аумағында Мұз сарайының құрылысы аяқталып, 29 тамыз күні ресми ашылу салтанатын өткізу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, Түркістан қаласында орналасқан Б.Саттарханов атындағы облыстық спорт мектебінің спорт кешенін қайта құру және 320 көрерменге арналған қосымша ғимарат салу жаңа әкімшілік-іскерлік орталығы аумағында Ескек есу каналы бағытындағы спорт кешенінің құрылыс жұмыстары қолға алынған.
Облыс аумағында «Ауыл – Ел бесігі» республикалық арнайы жобасы аясында Сауран ауданы, «Бабайқорған» ауыл округінде спорт залдың құрылысы, Мақтаарал ауданы, «Мырзакент» кентінде, Төлеби ауданы, «1 Мамыр» ауылында, Бәйдібек ауданы, «Ағыбет» ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы, Жетісай ауданы, «Өркенді» ауылында заман талабына сай футбол алаңының құрылысы және Сайрам ауданы «Қарасу» елді мекені дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде. Аталған құрылыс жұмыстары осы жылдың қараша-желтоқсан айларында аяқталады деп күтілуде.
Қанат Жолдықараев,
Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы.
