Облыс орталығына келушілер қатары күн сайын артып келеді. Жыл басынан бері «Әзірет-Сұлтан» қорық мұражайына келуші зияратшылар мен туристердің саны 461 657 адамға жетіп, 2022 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда едәуір артқан.
Бүгінде шаһарда туристерге барлық қолайлы жағдай жасалған. Қазіргі таңда туристер жайғасатын қонақ үйлер саны 56-ға жетсе, төсек-орын саны – 2 536-ға көбейген. Одан бөлек, жыл соңына дейін қалада 5 жұлдызды «Medina palace» қонақ үйі мен «Мұз айдыны» спорт кешені қолданысқа беріліп, туристерге арналған демалыс орны арта түспек.
Ал облыс бойынша 225 орналастыру орындары оның ішінде қонақ үйлер, хостелдер, демалыс аймақтары, балалар лагерьлер және 68 санаториялық-курорттық ұйымдар жұмыс істейді.
Татулық пен берекенің шырағын жаққан шаһар облыс орталығына айналғалы бері қаншама ғимараттар бой көтеріп, күллі әлем назарын өзіне аударды. Соған сай туризм саласында ауыз толтырып айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізіп жатқаны рас. Осы орайда кейінгі уақытта қаламызда туристерге қызмет көрсетуде қандай жобалар жүзеге асып жатқанын бағамдап көрдік. Мысалы, кейінгі уақытта Республикалық деңгейде іске асырылатын тарихи-мәдени мұраны сақтау бойынша ауқымды жобалар іске асуда. Әсіресе, Күлтөбе қалашығының тарихи нысандарын қалпына келтіру, «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің аумағын абаттандыру, «Қожа Ахмет Ясауи», «Жұма мешіті», «Есім Хан» және «Рабия Сұлтан Бегім» кесенелері мен қақпаларын қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүріп жатқанын көріп жүрміз. Сәулеті келіскен шаһарды жаңғыртатын жобалардың ішінде демалыс, сауда орталықтары да бар.
Онымен қоса өңір басшысы Дархан Сатыбалды да:
– Елге қажетті әрі туризмді дамытуға серпін беретін нысандар салуға басымдық берілсін. Бос, қолданылмай тұратын ғимараттар керек емес. Жаңа ғимараттар қаланың Бас жоспарымен және даму тұжырымдамасымен үндесуі тиіс. Мәселен, спорт ғимараттарын алайық. Қанша ғимарат керек? Қайда орналасқаны жөн? Ол салынған тұрғындарға қаншалықты оң әсер етеді? Мәдениет, туризм, білім нысандарын салуда осы сұрақтар назарға алынып, сәулетшілер аталған сала өкілдерімен ақылдасулары қажет. Әр ғимарат қаланың сәніне сән қосатындай сәнді әрі өзара үйлесімді болғаны абзал. Тарихи-мәдени орталық маңындағы жеке үйлерден саяхатшыларға арналған шағын хостелдер жасақтау үшін жобалар ұсынылсын. Ол үйлер қазақы нақыштағы ою-өрнектермен безендірілуі керек, – деген болатын. . Туризм – экономиканың қарқынды дамыған және көп табыс беретін салаларының бірі. Ол жиі аймақтық даму «катализаторы» рөлін атқарады. Туризмнің дамуы, бірінші кезекте, саяхаттауға ыңғайлы жерлердің пайда болуына қатысты. Себебі әлемдегі дәстүрлі саяхат орындары бүгінде өзінің маңыздылығын жоя бастаған. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанда туризмге мол мүмкіндік бар және соның нәтижесінде әлемдік туризм нарығының биігіне көтерілуі мүмкін. Сол мүмкіндіктің бірі Түркістан аймағындағы тарихи байлықтар мен мәдени және рухани құндылықтарды сақтаудың қазіргі жағдайы – кесенелер мен ежелгі мешіттерді және қалашықтарды жөндеу, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізе отырып, солардың негізінде тарихи, мәдени музей-қорықтарды қалыптастырумен сипатталады.
Туризмнің орталығына айналған Түркістанда туристік сервис те жедел дамып келеді. Туристер жиі келетін қалада қонақ түйлер, мейрамханалар, жалпы туристерге қызмет көрсететін нысандардың көбеюі заңдылық.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, Түркістан – Қазақстанның ТОП-10 туризмді дамытудың негізгі туристік дестинацияның қатарына қосылған болатын. Бүгінде облыс аумағында 1 754 тарихи және мәдени ескерткіш бар.
