Осыдан оң бір жыл бұрын жүрегі «қазағым, елім, жерім» деп соққан» ұлтымыздың біртуар перзенті, академик Рахманқұл Бердібай дүниеден өтті. Кезінде ағаға деген сағыныштан туған естелік жазбаны назарларыңызға ұсынуды жөн көріп отырмын.
«Қазақ әдебиеті» газетінің жетпіс жылдығына арналған «Ұлттық рух жаршысы» атты көлемі шағын кітабым Алматыдағы «Алаш» баспасынан шыққан еді. Ұлт мүддесінен сомдалған «Қазақ әдебиеті» газетінде отты материалдарымен өшпес із қалдырған жалынды публицист-жазушылардың рухына бағышталған еңбегімде басылымда жарияланған ұлттық рухқа қатысты материалдарға талдау жасауға тырыстық. Осы ретте Рахманқұл көкеміздің кезінде қазақ қоғамын дүр сілкіндірген «Ең үлкен мәдени байлық» (1956, 22 сәуір) атты мақаласы басты назарға алынған болатын.
Кітабымды қойныма қысып, Рахаңның үйіне келдім. Жүрексіне отырып, академикке ұсындым. Ағамыз бірауық кітапты парақтап отырды. Кей беттеріне көз жүгіртті. Байқаймын, қабағы жадыраңқы, қуанып отыр.
– Тақырыбы жақсы екен, – деді ғұлама бетіме барлай қарап, оқып шығамын.
Аз-кем үнсіз отырдық. – Осы бағытыңнан таймағайсың, Жиделі Байсыным!, – деді жайдары үнмен. Мұны ғұламаның маған берген батасы деп ұқтым. Жүрегім тулап, аузыма тығылғандай болды. Академиктің еңбегімді осыншалықты бағалағанына сенер-сенбесімді білмедім. Неге екенін кім білсін, ғұлама көке мені тұңғыш рет «Жиделі Байсыным» деп атады. Түсінсем, бұйырмасын…
Докторлық диссертациямды аяқтап қалған кезім. Қай жерде, қай елде қорғарымды білмей дал болып жүргенмін. Бізде журналистика саласы бойынша докторлық кеңес жоқ. Кандидатттық диссертациямды Мәскеу Мемлекеттік университетінің Журналистика факультетінде қорғағаныммен менің бұл еңбегіме орыс ғалымдарының қырын қарайтынын білетінмін. Себебі, жұмысымда патшалық және кеңестік орыстандыру саясаты, ұлы державалық орыс шовинизмі тұрғысында сөз қозғалған. Журналистика саласы бойынша докторлық диссертациялық кеңес ТМД елдері арасында Өзбекстанда ғана ашылған еді. Өзбек ғалымдарының жұмысыма қалай қарайтыны беймәлім. Осындай жағдайдан кейін әрі-сәрі күй кешпегенде қайтемін, қолдан келер қайран бар ма?
…Университет тарапынан докторлық жұмысымды жазуға берілген аға ғылыми қызметкерліктің де мерзімі бітіп, негізгі доценттік қызметіме қайта оралдым. Дайын жұмысты қорғаудың шешімі табылар емес. «Еңбегіңді саяси ғылымдар саласынан қорғауға болады. Алматыда диссертациялық кеңес бар ғой» – деді айтулы ағаларымыздың бірі. «Кандидаттық жұмысымды журналистика саласынан қорғағанмын. Менен саясаткер шыға қоймас», – деймін. Ес білгеннен қолыма қалам ұстадым, журналист атандым. Жер ортасынан ауғанда мамандығыма сатқындық жасау қолымнан келмейтінін түсіндім. Оның үстіне рухани ұстазым Рахманқұл ағаның айтқан ақыл-кеңесі көкейімде жатталып қалған. Шешінген судан тайынбас. Астанаға Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы қадағалау және аттестаттау комитетіне жол тарттым. Ретін тауып комитет төрағасы Б.Абдрасиловтің қабылдауында болдым. Өзі ақжарқын, кеңпейіл азамат екен. Мәселенің мән-жайын түсінді. «Өзіңіз Мәскеуде кандидаттық қорғаған екенсіз. Жұмысыңызды қабылдар. Немесе Өзбекстан Ұлттық университетіндегі диссертациялық кеңеске барарсыз. Таңдаңыз», – деді жүзіме барлай қарап. «Өзбекстан», – дедім. Өзім өзбек ағайындармен аралас-құралас жатқан Мырзашөл өңірінде туып-өскенмін, өзбек тілін түсінемін, шама-шарқымша сөйлей де аламын. Сол күні түс ауа қолыма Өзбекстан Республикасы Жоғары Аттестациялық комитетінің төрағасы К.Сұлтановтың атына жазылған жолдама-хат қолыма тиді. Қуанышым қойныма сыймай Түркістанға оралдым.
– Сіз туралы Болат Абдрасилов айтқан, – деді Карим Сұлтанұлы құжаттарымды қарап отырып. – Бір проблема бар. Жұмысыңыз қазақ тілінде екен. Бізде өзбек, орыс не ағылшын тілінде ғана қорғай аласыз. Сондықтан диссертацияңызды осы тілдердің біріне аударуыңыз керек. Бұған біраз уақыт кетеді. Қазірге менің қолымнан келетіні, Өзбекстан Ұлттық университетіндегі докторлық диссертациялық кеңеске тіркетіп қою. Ондағы азаматтармен өзіңіз тіл табыса жатарсыз…
Осылайша, сең қозғалды. Таңды-таңға ұрып, тапжылмастан аудармамен айналысамын. Орысша-қазақша сөздік жан серігіме айналды. Жасыратын несі бар, аудармам қарабайыр болғандықтан, орыс тілді стилист ғалымдардың көмегіне жүгінуге тура келді. Түркістан мен Ташкенттің арасын қаншама шиырлағаным есімде жоқ. Таң ата үйден шығып, түс ауа өзбек ағайындардың арасында жүрген ғылым жолындағы күндерді еске түсірудің өзі қиямет-қайым. Сол жылдары «Кісідегінің кілті аспанда» деген сөздің мәнін терең ұғынғандай болдым. Рухани ұстазым – ғұлама көкемнің «әбден қажыдың-ау», «титықтап біттің-ау» дейтіні де осы жылдары.
Ғұламаның кабинетінде отырмыз. Төрт қабырға сірескен кітап. Бір шетте Шыңғыс ханның билерінің бірі болған Саңғыл бидің суретші қолынан шыққан үлкен портреті көз тартады. Ғұлама көке сөйлеп отыр. Бұрын дәл осылай ашылып, ағыл-тегіл әңгіме айтқанын естіген емес едім. Жаныма жақын, еліктірер сөз маржандары матап тастағандай. Ғұлама «көзқамандар, мәңгүрттер көбейіп жатыр» деп көкірегі қарс айырыла күйінеді. Кезінде қазақ қоғамының мерезіне айналған көзқаман мен мәңгүрт ұғымдарының аражігін ашып, тайға таңба басқандай етіп берген ұлт зиялысы Рахманқұл көке еді ғой (Көзқамандар кімдер? // Қазақ әдебиеті. 1996. 30 сәуір). Ғұлама мәңгүрттік пен көзқамандық құбылыстарын былайша жіктейді: Мәңгүрттер дегеніміз жау қолында тұтқын болып, қорлық-зорлық атаулының бәрін көріп, миына жазылмастай зақым келген, қай елден шыққанын, кімнен туғанын білмейтін, тек кеудесінде жаны бар, ішіп-жеуге, қарадүрсін жұмыстарды атқаруға ғана қабілетті аянышты пенделер екен. Олар – алыс пен жақынды ажырата алмайды, өз анасын дұшпан санап атып та жібере салады. Жадында ешнәрсені сақтай алмайтын мұндайлар миғұла, мәңгүрт деп аталады. «Ал көзқамандар ақыл-есі ауысқандар емес, – деп, нақтылай түседі академик. – Бұлар мектеп, университет бітірген, жоғары лауазымды қызмет атқарғандар болуы да әбден мүмкін. Кейбіреулері талай елдердің тарихы мен философиясын жатқа айтып, жаңғақша шағып беретіндер, әділдік, адам құқы, өркениет, достық, ынтымақ, бейбітшілік секілді сөздерді судай сапыратындар… Бірақ бұлардың жазылмайтын немесе ұзақ емдеуді керек ететін ауруы – туған халқының дәстүрін танып-білуге салғырттығы, сөз жүзінде отаншыл болып көрініп, былай шыға бере елдің хас жауларымен тіл тауып, халықтың түпкілікті мүддесін сатып жіберетіндігі, ең жаманы – жұртының қадір тұтқан қымбаттарын, тәуелсіздігімізді тәрк етуді көздеп отырғандармен ауыз жаласып, соларға арқа тіреп, намысымызды таптап кететіндігі. Мәңгүрттер есінен айырылған міскіндер болса, көзқамандар – елдігімізге саналы түрде қарсы шығатын қаскүнемдер…».
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында көзқамандар әрекеті, тіпті, Ресейдің империялық пиғылдағы саясаткерлерімен, шовинистерімен тізе қоса жымысқылық жасауға ұласып отырғанына дәлелдер жеткілікті болды. Дәл осы көзқамандар дегенің Қазақстан Республикасы мемлекетінің тәуелсіздігін тәрк етіп, қазақ жерін Ресейдің бір бөлшегіне айналдыру мақсатын көздейтіні құпия болудан қалды. Кезінде ғұлама көкеміз қазақ көзқамандарының шын бет-бейнесін осылайша әшкерелей білді. Сол күні ғұлама көкемен түн ауғанша отырдық. Ұлт мүддесі тұрғысында академиктің делебесі қозып, әй бір ағыл-тегіл ақтарылды дейсіз. Кеш бата дастархан жайылып, Бибізада жеңгеміздің палауына да бас қойғанымыз бар.
– Түркістанда сұхбаттасып отыратын адамым да жоқ, – деді ғұлама қамығыңқырап. – Жиі келіп тұрсайшы.
Сәл үнсіз отырдық. – Зада, Зада, – деді көкеміз дауыстап, – менің әмиянымды әкелші. Кербез жеңгеміз күлімсірей келіп, көкеге қара әмиян ұстатты.
– Өзіңді шақыртқан себебім де осы еді. Ұмытып барады екенмін ғой, – деді жымиып. – Кәрілік қой. Қолыма бір уыс теңге ұстатты. Санаған да жоқ. – Оу, көке, мұныңыз не? – деп азар да безер болдым.
– Енді сен мені тыңда, Жиделі Байсын! – деген ғұлама қатулана бастады. – Қаржыдан қаншалықты қиналып жүргеніңді білмейді ғой деймісің. Бір аяғың Түркістанда, бір аяғың Ташкентте. Докторлық қорғау жолында азып-тозып жүрсің. Сүйенерің де жоқ. Жалғызілікті азаматсың. Айтарға уәж қалмады. Пендешілік қой, бір жағынан шүкіршілік те еттім. Сыртқа шыққан соң қарасам, елу мың теңге! Бұл дегеніңіз тарығып жүрген мен үшін үлкен дүние болатын.
Сонымен, араға алты жыл салып, он екінші жылдың жиырма тоғызыншы наурызында Мирзо Улугбек атындағы Өзбекстан Ұлттық университетінің филология факультеті жанындағы докторлық диссертациялық кеңесінде 10.01.10 – журналистика саласы бойынша жұмысымды сәтті қорғадым. Еңбегімді өзбек ғалымдары жоғары бағалады. Негізгі оппонент, академик Бактияр ака Назаров диссертацияны көпшілікке көрсетіп тұрып, «Бұл жұмысты Америкада, Европада қорғауға болады. Мұнда патшалық, кеңестік озбырлықты қазақпен бірдей көрген өзбектің де, тәжіктің де, қырғыздың да мұң-зары жатыр» – деп сөзін бастаған еді. Диссертацияның қалай қорғалғанын маған тілеуші болып келген дос-бауырларым, ғалымдар Ш.Нұрғожина, Х.Тұрсын, Қ.Алдабергенов, М.Тоқтағазин, А.Есдәулетов, тағы басқалар өз көздерімен көріп, естіді. Мен жатқан пәтерде дуылдатып, тойладық. Ниеттес достар ертеңіне елге қайтты.
Жанымда жарым Жанна мен ұлым Ысқақ қалды. Бір күннен кейін олар да жолға дайындалды. Ал құжаттарымды реттеп, кеңеске тапсырғанымша оншақты күндей уақыт өтетін түрі бар.
– Түркістанға жетісімен авторефератты Рахманқұл көкенің қолына тигіз, – деп жұбайыма табыстадым.
Түнімен дөңбекшіп жаттым. Көзім ілініп кеткенде түсіме ғұлама көке кірді. Қабағы салыңқы, әлденеге жабырқаулы. Арбасы өз-өзінен қозғалып, алыстап бара жатқандай. …Шошып ояндым. Қараңғы бөлмеде ұзақ жаттым. Көктемнің таңы да ағарып атты. Екінші сәуір болатын. Ертелетіп Жаннаға телефон соқтым.
– Авторефератты көкеге бүгін апарып беремін, – деді.
– Кешеден бері не бітіріп жүрсің, – деп тас-талқан болып, айғайға бастым. – Дәл қазір апарып бер! Мұндай қызбалыққа салына бермейтінімді білемін. Өзіме өзім ие бола алмай қалдым. Бойымды дегбірсіздік билеп алған. Түске таман Жанна хабарласты. – Көкеміздің қуанышында шек болмады, – деді ол. – Академик те балаша қуанады екен ғой. «Құдайдың көзі оң болды» деп әлденеше рет қайталады.
…Тілеуімді тілеп жүргенін, балаша қуанатынын білген едім. Ғұламаның амандығына, мейірімге толы жүрегінің соғып тұрғанына мен де шексіз қуанып, рухани ұстазымның тілеуін тіледім… Ертеңіне, үшінші сәуірде түс ауа қалта телефоным безектей жөнелді. Елден. Жанна. Үнсіз.
– Не болды, айтсаңшы, –дедім. Әлдеқандай жаманат хабарды жүрегім сезгендей.
– Рахманқұл көкемізден айырылып қалдық, – деген жұбайым сөзін үзіп жіберді. Онсыз да жүрегі нәзік жарым егіліп тұрса керек.
… Диссертациялық құжаттарды дайындау оңай шаруа емес екен. Он шақты күнде ретке келтіріп, елге жеттім. Рухани ұстазым, ғұлама көкенің шаңырағына қадам бастым.
– Көкеңнен айырылып қалдық қой, сақтай алмадым ғой, – деген Бибізада жеңгеміз мені құшақтап, ұзақ егілді. Не дейін. Егіліп отырмыз.
– Бір күн бұрын сенің авторефератың қолынан түскен жоқ, – деді Зада ана сырын ақтарып. – Соңғы кезде дәл соншалықты қуанғанын көрген емеспін. Сені аузынан тастамай қайта-қайта айтумен болды. Соңғы демін алғанда сенің авторефератың жанында жатты…
Ғұлама көкем-ай! Қуанышпен көз жұмған екенсің-ау! Өзіңді ақырет сапары алдында осыншалықты шаттыққа бөлеген мен сірә да бақытты шығармын!… Кей-кейде қарт Қаратаудың ұшар басы көк тіреген биік шыңы көз алдыма келеді. «Рахманқұл шыңы» деп аталатын ондай шың бар. Ол Созақ өңіріндегі Сызған ауылы маңайында. Осыдан оншақты жыл бұрын бұл мекенде Рахманқұл көкенің ағайын-туыстары үлкен жиын өткізген. Осы басқосуға көкеміз бізді де ертіп барған болатын. Той дастарханында асаба «Жиделі Байсын бауырымызға сөз береміз» деп алғашқылардың бірі етіп, бізді де ортаға шығарған. Көкеміздің айтуымен болса керек. Сонда Жиделі Байсын болып, ағыл-тегіл сөйлегеніміз бар. Осы той-жиында сызғандықтардың Қаратаудың бір биік шыңын «Рахманқұл шыңы» деп атауға бірауыздан пәтуаласқанына өзіміз куә болған едік.
… Ғұлама көке, сезіп жатқан боларсыз, қабіріңіздің басында тұрмын. Өзіңізге құран бағыштадым. Қолымнан келері осы. Ел-жұртыңыз дін аман. Қаймана қазағыңыз сол баяғыдай, күйкі тіршілігін күйттеп жүр. Бес жыл бұрын Түркістан облыс орталығы болды. Қазір киелі шаһардың бейнесі танымастай өзгерді. Салтанатты сарайлар, зәулім үйлер, әсем ғимараттар, тағы басқалар көз қуантады. Қазір Түркістан түркі әлемінің рухани ордасына айналған… Өзіңіз де осыны армандап едіңіз. Өзіңіз секілді киелі Түркістанда мәңгілік тұрақтап қалуға бекем бел буған жайым бар, рухани ұстазым, ғұлама көкем!… «Өзге жерде сұлтан болғанша, өз еліме ұлтан болайын» дегенім ғой… Басқа жерді айтпай-ақ қояйын, қасиетті Түркістанда аруағыңа сыйынып жүрген ізбасарларың, біздер, мен, Жанымгүл, тағы басқалар бармыз. Аруағыңмен желеп, жебеп жүргейсің, ғұлама көке! Аруағыңның алдында басымды иіп тұрмын…
Сейдулла САДЫҚОВ,
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы.