«ТҮРКІСТАН ТӨРІНДЕГІ ӘДЕБИ КЕШ МАҚСАТЫ – ОҚЫРМАНМЕН ҚАУЫШУ»

6  982 көрілім

 «Қалам, қағаз, сөздер, өлең»,

«Сұлу, сезім, көздер, өлең» – деп жырлаған Оңтүстік өңірдің тумасы, лирик ақын Дәурен Айманбеттің «Өмір – өлең» атты поэзия кеші Түркістан төрінде өткен еді. Біз кештен кейін қазақтың дара ақыны Дәурен ағамызбен шығармашылығы жайында әңгіме өрбіткенбіз.

– Жуықта ғана Түркістанда әдеби кешіңізді өткіздіңіз, кештің негізгі мақсатына тоқталсаңыз?

Түркістан төрінде әдеби кеш өткізудегі мақсатым оқырманмен қауышу болатын. Ақын не жазып жүр екен деп іздеген оқырмандарға шығармашылық есеп беру керек болды. Негізі мен сахнаның адамы болмаған-дықтан аса бір шығармашылық кештер өткізуге құмартқан емеспін. Сондықтан да қатты қобалжыдым, әдеби кеш беру де оңай емес екендігін түсінгендеймін.

– Өнерге енді ғана бет бұрып жатқан жастарға берер бағыт-бағдарыңыз қандай?

– Шынтуайтында ақындық, өнер деген Алланың адам бойына дарытатын қасиеті дегім келеді. Бірінші кезекте қабілет, сонан соң еңбектің арқасында сөз зергері болатынымыз хақ. Сұрағыңыз өте орынды біз тек бағыт-бағдар бере аламыз. Кейде алдыма жас ақындар туындыларын алып келеді. Қарай келе, өлеңнің ұйқас жағынан немесе техникалық тұсынан қателіктері болса айтып жол сілтеуге тырысамын. Ал, әдемі өлеңдер кездессе әрине жоғары бағасын беретін де кездер болады. Бірақ асыра сілтеп мақтамаймын себебі, мен дайынмын, ақындықтың межесі осы екен деп тоқмейілсу дұрыс емес. Жас таланттарды қамшылап тұру керек. Қатты мақтамаймын, сын көзімен қарауға тырысамын. Өйткені мақтау адамды өшіреді, ал сын өсіреді. Міне осылайша талай ақынды қамшылағанбыз, бірі сынды дұрыс қабылдайды, кейбіреулері сынды керісінше ішітарлық деп түсінгендерін де жасырмады. Қашанда сын болуы тиіс, егер де сын шын болса, ол құптарлық.

– Жас ақындардан кімдерді мойындайсыз? Алдыңғы толқын ағалардан кімдерді үлгі тұтасыз?

– Мен бір ақынның өнеріне тәнті болып жүріп, уақыт өте келе оның ақындығын мойындағым келмей қалды. Байқасам оның жазуы тоқыраған екен. Керемет жырлар жазып бастады да өзін құртып алды. Сол себептен де мына ақынды мойындаймын деп айтуға қорқамын. Дегенмен еліміздің түкпір-түпірінде өздерін мойындатып келе жатқан қаламгерлер жетерлік. Ел көлемінде қарасам, Шығыс Қазақстаннан Мерей Қарт, Солтүстіктен Мерген Тоқсанбай, Батыстан Асылбек Жаңбырбай, Қызылордадан Ақжол Түменбай, Қарағандыдан Жанат Жаңқашұлы, Ақтөбеден Дәурен Тілеухан інім бар. Оңтүстіктен Ғали Кенжетай, Әлімжан Әлішер, Сүндет Сейіт деген талантты ақындарымызды айтпасқа болмас. Қыздардан Салтанат Мадиярқызы, Сезім Мергенбай, Арайлым Мұратәліні атасақ болады. Алдыңғы толқын ақындардан кімді үлгі тұттыңыз десе, бәрі де өмірден озған ақиық ақын Мұқағали Мақатаевты айтатыны сөзсіз. Мұқағали ағамыз әлемдік деңгейдегі ақын ғой. Алайда ақиық ақынның деңгейіндей бола алады ау деген бүгінгі күннің рухты ақындарында қоса айтқым келеді. Қалқаман Сарин, Бақытжан Алдияр, Бақыт Беделхан, Рахат Әбдірахманов сынды ағаларымызды мойындау керек.

– Бүгінгі таңда қандай кітаптар оқып жүрсіз? Жастарға оқуға кеңес беретін үздік үш кітапты атай аласыз ба?

– Мен жас буынға Абайды, Қадыр Мырза Әлиді оқы деуден жалықпаймын. Себебі өзімізде бала кезден Абайдың, Мұқағалидың шығармаларымен сусындап өстік. Ал қазір, мен жастарға проза жанрын кеңінен оқуға кеңес берер едім. Өйткені прозада ой қайталау болмайды, сөздік қоры керісінше артады. Негізі біз өлеңде бұрынғы жазып қалдырған ақындардың сезімдерін басқаша формада қайталап жүрміз. Ал проза ондай қателіктермен жұмыс жасауға таптырмас оқулық. Өзім сүйіп оқитын көзі тірі классиктерден Тынымбай Нұрмағамбетовті айтар едім. Ал поэзиядан нағыз ақылдың философияның өкілі Жұмекен Нәжімеденовтің жинақтарын әлі де оқимын.

– Түркістан, облыс орталығына айналғалы биыл бес жыл толып отыр, көне де жаңа шаһар жайлы не айта аласыз?

– Түркі әлемінің орталығы жайлы көп дүние айтуға болады. Ел үшін бұл қала рухани астана болса, мен үшін руханилықпен қатар, ұмытылмас балалық шағымның мекені. Маған Түркістанның әрбір көшесі ыстық. Түркістан ұдайы жаңару үстінде, әр келген сайын бір жаңа дүниені көре қаламыз. Әдебиет, тарих, мәдениеттің ұштасқан қамалы жайлы қанша айтсақ та аз. Руханиятымыздың ордасына айналуының себебі бәріне айқын: тарихы терең, киелі қала болғандығында деп білемін. Ақынбыз ғой, Түркістанға өлең арнамай әңгімені аяқтағым келмеді!

Күртесін ауыстырып ала-құла,

Құлпырып кетіпті ғой қала мына.

Шөлдегі оазистей мен-мұндалап,

Түркістан жан бітірді қаламыма.

Кескінін кешегінің жалғап ары,

Ескіні жаңғыртыпты, таңғалары.

Елдегі…

елдегі емес, әлемдегі

Барады қызықтыртып бар қаланы.

Кимеген кесенесі арзан бөрік,

Әр тасын келген жұртпыз – маржан көріп.

Кешегі бұл Тұранды жырға қосқан,

Көрсе еді бүгінгісін Мағжан келіп.

Тарихын шаһардың бұл кім білмейді,

Жарыла сонда да сыр білдірмейді.

Домбыра-кеудем осы – Тұран десе,

Қоңыр бір үн шығарып күмбірлейді.

Қарашы, көз ілеспес жылдамдықпен

Жайнауын,

бабаларым жылдар күткен.

Үп етсе самала жел қызыл-сары,

Билей бір жөнеледі гүлзар біткен.

Дария ғасыр бойы толғатқандай,

Туылды Тұран қайта, көр мақтанбай.

Бүгінгі көркі мына, тіл-көз тасқа,

Ертеңгі Түркістаным болмақ қандай.

Пай-пай…

– Дәурен аға, қаламыңыз ұштала берсін, риясыз сұқбатыңызға көп рақмет!

Сұхбаттасқан:

Нұрсұлу БӨКЕНБАЙ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы