ТҮРКІСТАН: «12 АЙҒА – 12 КІТАП» БАЙҚАУЫ ӨТУДЕ

90 көрілім

Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында жылдың басынан бері «12 айда 12 кітап» атты мектеп оқушылары арасындағы байқау өтуде. Аталған байқаудың мақсаты да техниканың дамыған кезінде, смартфондардың жетегінде кеткен жастарды кітап оқуға шақыру болатын. Осы арқылы көпшілікпен араласып, ойын еркін түрде жеткізетін оқушылардың ойлау қабілеті де жақсарып, бәсекелестік қабілеті шыңдалары сөзсіз. Байқау ережесі бойынша қатысушыларға әр айдың басында оқитын кітаптың (шығарманың) атауы белгілі болады.

Жас оқырмандарға шілде   айына  оқуға Халық Қаһарманы  Б.Момышұлының «Ұшқан ұя» шығармасы берілді. Төменде аталған туынды туралы  Некрасов атындағы №9 мектеп-гимназиясының 9 сынып оқушысы Төлеген Аят Пернебайұлының пікірін ұсынып отырмыз.

Тәрбие мен даналықтың символы

Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен өтіп жатқан «12 айда – 12 кітап» байқауының қатысушысы болғаныма қуаныштымын.  Байқау барысында біз көптеген кітаптарды оқып, біліп жатырмыз. Ал біздің осы айда оқыған кітабымыз Б.Момышұлының «Ұшқан ұя» шығармасы.

Бауыржан Момышұлы – батырлық пен батылдықтың, елдік пен ерліктің, тәрбие мен даналықтың символы. Жігіттік намыс, адалдық, шыншылдық сынды қасиеттердің барлығы аты аңызға айналған қаһарман Баукеңнің бір бойына жиналған. Батыр Бауыржанның халқының қалаулы азаматы болып қалыптасуына өзінің отбасы, «Ұшқан ұясы» көп септігін тигізген. Батыр өз ұясында анасындай болған ақ жаулықты әжесінің мағынасы терең, шындық пен ғажайыптан құралып, адалдық пен зұлымдықты бір арнада тоғыстыра білген ертегісін тыңдап, өнегеге толы өлең-жырларына сусындап, әкесінің асқан сабырлылығын, ұстамдылығын өзіне үлгі тұтып, өсиет тұнған сөздерін бойына сіңіріп өскен. Әжесі Қызтумас пен әкесі Момыштың айтқан ақылдары, ел ағаларынан алған ақ батасы бала Бауыржанның жұдырықтай жүрегіне батылдық пен адалдық ұялатты, қанатын құлаш сермеп, биікке самғатты.

Мен осы уақытқа дейін Бауыржан Момышұлының ерліктерімен, оның жазушылығымен сырттай ғана таныс едім. Батырдың «Ұшқан ұя» шығармасы қолыма тиіп, оқыған сәттен бастап менің бойымда еліме деген, шежірелі тарихыма, туған тіліме, салт-дәстүріме деген ықыласым артып, құрметім күшейе түсті. Себебі, бұл шығарма – тәрбиенің ошағы.
Маған аталған шығарманың ерекше әсер еткен тұсы – жазушының әйел теңдігі туралы қалам қозғаған ойлы сөздері. Шынында, әйел үлкен мәселелердің бірі. Біз әйелді адалдықтың айнасы, тазалықтың тұнығы, мейірім мен махаббаттың белгісі деп білеміз. Әйел намысы – ер намысы, барша жұрттың намысы деп, арын аяққа таптатпай қадірлейміз. «Қыз – қонақ» деп қашанда төрден орын беріп, сыйлаймыз. Алайда, жұрт аузынан шыққан бір сөздің өзі барлық әйел затына өшпес қара таңба болып жабысарын ойламаймыз. Қолмен ұстап, көзбен көрмей жатып өсек сөздің жетегінде кете барамыз.

Бұл сөзге үлкен мысал ретінде айтар болсам, шығармадағы Аққұл мен Бауыржанның көкесі Момынқұлдың арасындағы болған жағдай. Әңгіме желісі бойынша бір кісі Зәуре мен Момынқұлды бірге көргенін айтып, Аққұлдың еліне жеткізіп барады. Қарт шабандоз Аққұл да істің байыбына бармай жатып, Момынқұлды топ жігітпен келіп сабап кетеді. Не болғанын түсінбеген Момынқұл мен Момыш жағдайдың ақ-қарасын білу үшін Жарымбет биге төрелік етуін сұранады. Жиынның соңында Зәуре келіп, мұндай үлкен жалаға шыдай алмайтынын, жұбайы Жақсыбаймен ажырасатынын айтып шағымданады. Осылайша Аққұл да, Момынқұл да, Зәуре де нақақтан жабылған жаланың құрбаны болып қала береді.
Дана Бауыржанның шығармасында бала тәрбиесі жайында да сөз қозғалады. Батыр өзінің бір нақыл сөзінде: «Мен өзінің сәбиіне бесік жырын айта алмаған анадан, өз немересіне ертегі айта алмаған ата мен әжеден қорқамын»,- дейді. Расында, кішкентайынан анасының әлдилеген ақ үнін, әжесінің шытырманға толы ертегісін тыңдамай өскен адам, тас жүрек, рухани керең деп білемін.

«Ел болам десең – бесігіңді түзе» деген дана халқым. Бүгінгі қоғамда өз туған баласынан безінген, тасбауыр аналар мен безбүйрек әкелер көбейіп барады. Ананың ақ сүтіне қанбаған, әке махаббатына тоймаған бала қалайша саналы адам болмақ? Сол себепті, ұлт болып қалыптасу үшін, саналы қоғам болып қалыптасу үшін, бесікте жатқан сәби күннен бастап балаға ақ пен қараны, жақсы мен жаманды үйрету – отбасы парызы.

Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» шығармасы – мен оқыған шығармалардың ішіндегі ең үздігі. Бұл шығарма – оқыған адамға рухани азық болары анық.

Төлеген Аят Пернебайұлы,

 Некрасов атындағы №9 мектеп-гимназиясының 9 сынып оқушысы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы