ТҮРКІСТАН: ЖҮЗДЕН ЖҮЙРІК ЖАСҰЛАН

221 көрілім

Олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановтай тұлға болуды армандамайтын жастарымыз жоқтың қасы. Елін күллі әлемге танытамын деген рухты жастарымыз күн өте артып келуде. Қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы, ақын М.Жұмабаев «Мен жастарға сенемін» – деп айтқандай бірі білім саласын бағындырса, енді бірі спорт саласын бағындырып, дүйім жұрттың ақ батасын алып жүр. Сөзімізге дәлел, өңіріміздің намысын арқалап жүрген Жасұлан Джумашев. Жасұлан 2009 жылдың жетінші наурызында көршілес мемлекет Қырғызстанда дүниеге келген. 2011 жылы өз елі Қазақстанға қоныс аударып, киелі мекен – Түркістанға табан тірейді. Ата-анасының үш қыздан кейінгі күткен кенже ұлы. Қазіргі таңда №19 Төле би атындағы жалпы орта мектебінде 8-ші сыныпта дәріс алады. 2018 жылы спортқа ынтасы ашылған жеткіншек №1 Балаларға арналған жасөспірімдер спорт мектебіне қабылданады. Бапкері Марат Сарсенбаев, Түркістан қалалық №1 спорт мектебінің жасөспірімдер жаттықтырушысы. Бойында қайсарлық пен өжет мінезі бар Жасұланның арман-мақсаты Бекзат Саттарханов пен Геннадий Головкин секілді атақтан арын биікке қоятын чемпион болғысы келетіні айдан анық көрінеді. Сөзіміздің бір дәлелі, жастайынан спортқа бейім Жасұланның жаттығудан тыс уақытта да ізденіп, еңбектенуі.

Республикалық және облыстық деңгейдеге жарыстарда дес бермей жүлделі орындардан көрініп жүрген Жасұлан Мамраимов, Аппаз Ерқанатұлын еске алуға арналған республикалық ашық турнирінде І-орын иеленеді. Әбдіғаппар Шәймерденовті еске алуға арналған республикалық ашық турнирінде ІІІ-орынға жайғасты. Төлеген Омаровты еске алуға арналған жарыста І-орын иегері атанады. Ә.Нұрмаханов атындағы ОРМБЖСМ-нің ашық біріншілігінде ІІ-орынмен шектелді. Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай және Ұлы Отан соғысының батыры Абдулла Үсеновты еске алу жарысында І-орын алады. Д.Қонаевтың 110 жылдығына орай өткен жарыста І-орынға тұрақталды. Елебаев Төлғозы Ағабекұлының жүлдесіне арналған ашық республикалық турнирінде қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, үздіктердің көшін бастады.

Жасұланға үміт артып, әлемдік деңгейде үздіктер қатарынан көрінеді деп сенім артатын жанкүйерлері жетерлік. Соның бірі, былғары қолғап кигізіп, шаршы алаңның ережесімен таныстырған бапкері – Марат Сарсенбаев өз сөзінде: «Болашақта Жасұлан баламыз үлкен белестерге жететініне сеніміміз мол. Шығар шыңдары алда, әлі-ақ әлемдік деңгейдегі жарыстарда орын алатынына сеніміміз мол. Болашағынан үміт күттіретін еңбекқор, ақылды, алған бетінен қайтпайтын спортшы»,-деп шәкіртінен көп үміт күтетінін жасырмады.

Кез-келген мықтының артында алып адам тұратыны сөзсіз. Жасұланның осындай бейік белеске шығуына бірден-бір себепші өзінің анасы! Осы тұста, ақжаулықты ананың да пікірін сұраған болатынбыз. «Чемпион болу әр спортшының арманы шығар. Алла нәсіп қылса неге болмасқа-деп алға бір қадам жасауына аз да болса үлес қосамын. Барлығы Алла қаласа болады балам, әр нәрсе уақыт сәтімен, сен болашақ чемпионсың» – деп қанаттандырамын дейді. Жастар – ұлттың үмітін арқалаған ел ертеңі. Үміт пен сенімді ақтау сол буынның парызы. Сол себепті де жастарымыз елдің жүрегі болуы керек. Жасұландай ел беделін ойлайтын жастарымыз өсіп келе жатқаны қуантады. Болашақ чемпионымызға деніне саулық, спорттағы мансабына жетістік, өмірде өз орнын табуына тілектеспіз!

Ту-Бегі АБЫЛАЙ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы