ТҮРКІСТАН: ЖАСЫНДАЙ ЖАРҚЫРАҒАН СПОРТ САҢЛАҒЫ

114 көрілім

Сидней Олимпиадасының чемпионы, Қазақ елiнiң жарық жұлдызы Бекзат Саттархановты дүниеге әкелген Сырлыкүл анамен сөйлесіп, әңгiме-дүкен құрған едiк. Әуелi, Бекзаттай батыр ұлды дүниеге әкелген Сырлыкүл ананың өмiр жолына көз жүгiртсек.

Сырлыкүл Адырбекқызы Шойбекова 1950 жылы 3 шiлде күнi Түркiстан ауданы, Крупская колхозы Жалаңтөс ауылында дүниеге келген. Орта мектептi бiтiргеннен кейiн Түркiстандағы мед.училищеде бiлiм алып, алғашқы еңбек жолын 1968 жылы Отырар ауданындағы медпункт меңгерушiсi қызметiнен бастаған. Ал, 1975 жылдан бастап Түркiстан қаласындағы темiржол ауруханасына қарасты медпункт меңгерушiсi қызметiн, одан кейiнгi жылдары хирургия бөлiмiнде мейiрбике қызметiн атқарды. 1995 жылы денсаулық саласында атқарған 30 жылғы еңбегiнiң зейнетiн көру бақыты бұйырып, зейнет демалысына шықты.

Сырлыкүл ана мен Сейiлхан аға 1970 жылдың 29-ыншы сәуiр күнi өмiр жолын бiрге аттап, салиқалы отбасы иелерi атанды. Батыр ұлдың әкесі Сейілхан аға 2020 жылы өмірден озды.

Тұңғыш ұлдары Бағдат пен келiндерi Майра екеуiнiң 3 қыз, бiр ұлы бар. Бағдат қалалық ішкі істер бөлімінде абыройлы еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан. Қазағымның даналығы керемет қой, шіркін! «Келін ененiң топырағынан жаралады» деп дөп айтқан. Келiнi Майраның мамандығы мейiрбике, екiншi анасының жолымен жүруде. Екiншi ұлдары Болат қаламыздағы №4 спорт мектебінің директоры қызметін атқаратын болса, жұбайы Шарапат Абай атындағы орта мектептiң қазақ тiлi пәнiнiң мұғалiмi. Екеуiнiң үш қыз, бiр ұлы бар. Ал, үшiншi ұлдары Мақсат экономикалык тергеу департаментінде қызмет етеді, жұбайы Гүлзира Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-iнде оқытушы. Бiр ұл мен бiр қызды гүлдендiрiп отырған отбасы иелерi.

Иә, төртiншi ұлдары Бекзат Саттарханов. Қазақтың Туын көкте желбiретiп, бүкiл әлемге қазақ елiн паш еткен, жүрек жұтқан батыр ұл. Осы тұсқа келгенде, осынау ұлды дүниеге әкелген ананың жүрегi қайтып сыр бермесiн, тыңдап отырған бiздiң де, тiптен әрбiр қазақ жүрегiнiң әлi күнге дейiн күйiп-жанып отырғаны…

– Иә, Құдайға шүкiр дей отырып, тәубе келтiремiн. Алайда, Бекзатымның орны бiлiнедi де тұрады. Егер тiрi болғанда Бекзатым биылғы жылы 43 жасқа келер едi. Қайтыс болғанына да 23 жылдан асты.

Кiшкентайынан бастап, мерекелерде құттықтап тұратын. Өзi салған суреттерiн немесе қолына пластмасса гүлдерiн алып келiп, ұсынатын. Ал, спортпен айналысып, шет жақта жүргендерiнде, әсіресе 8-наурыз мерекесi күнi қай елде жүрсе де телефон шалып, «мама мерекеңiзбен, қолымдағы роза гүлiн сыйлаймын» деген дауысының ашық-жарқын шыққанының өзi көңiлiмдi көтерiп тастайтын. Құлағымда әлi күнге дейiн сол дауысы қатты сақталып қалған. Құлағыма сол дауысы келiп, естiлiп тұрғандай әсерде боламын. Ана үшiн әрбiр ұлының орны ерекше.

Біраз жыл бұрын, қаңтар айының iшi болатын, үйге бiр жас жiгiт келiп: « Апа Өскеменнен келе жатырмын. Бекзат ағамның басына тәу етiп келдiм. Зиратқа барып, аға рухына Құран оқыдым. Батыр ұлдың ата-анасын көру де бақыт қой, сiздермен танысуға келдiм», – деген болатын. Бекзатты ұмытпай іздеп келіп тұратын ізбасарлары бар екеніне қуанамын. Оның несiн айта берейiн, аналық шерлi жүрегiм ғой шымырлайтын. Бекзаттың зиратына қаншама жерден тәу етiп келiп жатқандар баршылық. Барлығы да биiк мақсаттарды бағындырғысы келетiн жас өрендер. Бекзат ағаларының рухына сиынып, күш-жiгер алатындай сенiмде болады. Мiне, осындай мақсатпен келген жас өрендер Бекзат зиратын жарқыраған пiшiнде, айналасындағы гүлдердiң жайнап өсiп тұрғанын көрсе екен деймiн. Осы бiр көрiнiстiң өзi оларға қаншама күш-жiгер беретiндей әсер қалдырады емес пе?

Мен, жалғыз өз отбасымның амандығын тiлеумен шектелетiн ана емеспiн. Халқы үшiн маңдай терiн төккен ер Бекзатты дүниеге әкелген ана болғандықтан елiмнiң тiлеуiн тiлеп отырған анамын. Бақ қонып, қыдыр дарыған отбасылар көбейсiн. Тек жақсылық тiлеймiн халқыма,-деп Сырлыкүл ана өз ойымен бөлiстi.

Бүгiнде Саттархановтар отбасында ер Бекзат ағасының есімін иеленген Бекзат Саттарханов ержетіп, 21 жасқа келді. Осы орайда Сырлыкүл ана батыр ұлының есімін иеленген немересі Бекзат туралы айта отырды.

– Бекзатым өмiрден қайтқанда қаншама ақындар жырларын арнаса, жазушылар, журналистер қауымы естелiктер жазып жатты. Сондағы айтайын дегенiм, ақиық ақын Қаныбек Сарыбаевтың оқыған өлеңiнен «Бекзатжан, кiмге тастап барасың қолғабыңды?» деген жолдар есiмде жатталып қалып қойды. Сонда бiр немереме ер Бекзатымның есiмiн қойсам,-деген ойда болдым. Ауыл имамдарына жолығып, сұрағанымда, есiмiн қоюға болады,-деген жауаптарын алдым. Сөйтiп, Болат ұлымыздың баласына Бекзат есiмiн қойдық. Өзi өте еркелеу болып өстi. Сондағы айтайын деген ойым, Қанекеңнiң әлгi өлеңi жан жүрегiмдi ауыртқаны. Бекзат есiмiн қойсам Бекзат ағасының жолын қуып, қолына былғары қолғап киер деген үмiтте болғанмын. Немерем Бекзат 2002 жылғы. Мектепті 2019 жылы бітірісімен Астанадағы Мақсұт Нәрікбаев атындағы заң университетіне оқуға түсіп, биылғы жылы бітіреді. Мамандығы заңгер. Бекзат ағасының жолын қуып, біраз жылдар бокспен айналысып, кейін денсаулығына байланысты тоқтатты.

Былғары қолғапты ұршықша үйiретiн қазақтың кiшкентай қарадомалақтары көбейе берсiн. Олар барда Бекзат Саттарханов есiмi өшпейді деген ойдамын, – дейді батырдың анасы.

Батыр ұлды дүниеге әкелген Сырлыкүл анамен болған әңгiме-дүкен осылай өрбiдi. Халқымыздың бірлігі мен мемлекет тұтастығына Батыр ананың қосқан үлесі зор. Бүгінгі таңда 10 немере, 8 шөбере сүйіп отырған Сырлыкүл анамызға: «Деніңіз сау болып, жүз жасаңыз!» деген ақ тілегімізді айтамыз.

Ләззат САРЫБАЕВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы