- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
«Ақ кимешек көрінсе сені көрем, ақ кимешек жоғалса нені көрем?!»
Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев осылай жырлаған. Түркістан топырағында ардагерлер кеңесі жанынан құрылған әжелер алқасына биыл 10 жыл. Айтулы дата Түркістан төрінде «Ата баба дәстүрі- ұрпаққа аманат» бағдарламасы аясында «Әжелер – ұлт ұйытқысы» тақырыбында кеңінен аталып өтті.
Салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпқа негізделген шараның бастауы кесене алдынан қонақтарды күтіп алумен басталды. Қаз-қатар тізілген әжелеріміз ұлттық тағамдарды меймандарға ұсынса, халық әндерінен шашу шашылып, “Яссы” би ансамблі қазақ биімен кесене аспанын әлдилесе, жаршылар Түркістанда әжелер тойы басталғанын ат үстінде хабарлап, көпшіліктен сүйінші сұрады. Қазақтың жеті қазынасы қыран бүркіт пен құмай тазысы, батырларымыз шараның шырайын келтірді.
Бабадан бата алып, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов ақ батасын беріп, сәттілік тіледі.”Фараб” кітапханасына беттеген Түркістан облысы ардагерлер кеңесінің және қазылар алқасының төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов бастаған топты ақ кимешек киген әжелеріміз жылы шыраймен қарсы алды. Түркістанның мақтанышы Қасымхан Исахан “Түркістан” атты туындыны таңдай қақтырып оқып берсе, айтыскер ақын, талай додаларда топ жарып жүрген Тұрар Тілеулиев арнауымен көпшіліктің ықыласына бөленді.
Кітапхана кіреберісіндегі үлкен файеде салт-дәстүрлерімізбен танысты. Оның ішінде бесікке салу, бауырынан табақ жүргізу, тұсау кесер, тоқымқағар, ертегі айту сынды әдет-ғұрыптан үзінділер көрсетілді. Сондай-ақ, әжелеріміз күбі пісіп, қолдан жапқан наны мен сары майынан дәм татып, қолөнер шеберлерінің құнды дүниелері кеңінен таныстырылды. Өзбек этно-мәдени орталығының “Келін сәлем” рәсімі де көпшілік назарына ұсынылды. Әжелердің әжесі Ырыс апа кілем тоқу, кимешек кию әдебіне қатысты шеберлік сағаттарын өткізді.
Кең залға көрермендер мен қазылар алқасы, қаламыздың зиялы қауым өкілдері жайғасты. Сахна шымылдығы “Гүл мекенім Түркістан” әнімен ашылды. Көгілдір экраннан Әжелер алқасының 10 жыл көлемінде атқарған ілкімді істері таныстырылған бейнеролик көпшілік назарына ұсынылды. “Асыл әжем” әнімен сахнаға шыққан әншілер әжелерді ортаға алып, әуезді әнді арнады. Құшақтары гүлге, көңілдері нұрға толған әжелеріміз сахнаның ажарын аша түсті. “Яссы” би ансамблінің “Қыз ғұмыры”, “Ақбаян” атты билері әйел, ана табиғатының нәзіктігін барынша көрсеткендей. Ежелден дәріптеліп, бүгінде ұмыт болған қызды оң босағаға шығару дәстүрі көрсетілді. “Елге сәлем”, “Ел аман болсын” әндері шырқалып, бейбіт елдің ақ жаулықты әжелеріне құрмет көрсетілді. Қалалық ардагер әжелер хорының орындауында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұловтың «Ардагерлер» әні шырқалды. Әженің қоғамдағы өскелең ұрпаққа халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыпын насихаттау, халықтық дәстүрдің озық үлгілері арқылы жастардың рухани байлығын арттыру.
Ата-баба дәстүрін жандандыру, үш ұрпаққа, яғни, ата, әке, бала арасындағы сабақтастықты дамыту, келешек ұрпақтың сана-сезімін оятып, әдептілікке, имандылыққа, отансүйгіштікке, бауырмалдыққа тәрбиелеу мақсатында өткен шарада Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов сөз алып, шараның маңыздылығына тоқталып, хор ұжымының мүшелері мен әжелер алқасының белсенділерін марапаттады. “Әже-ұлт ұйытқысы» дейді. Осы тұста асыл әжелеріміздің жастар тәрбиесіне араласып қоғамдағы бірлік пен ынтымақты, озық үлгідегі салт-дәстүріміз негізінде тәрбиелеуде атсалысып, үнемі үлгі-өнеге болатынын мақтанышпен айта аламыз