Түркістан қаласында облыстық түрік этномәдени қоғамдық бірлестігінің тілі, мәдениеті және салт-дәстүр күні мерекесіне орай «Өз тіліңді құрметтеу – мәдениеттің белгісі» атты мерекелік іс-шарасы өтті.
Аталған шара Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-сі мен «Ұлы Дала Елі» орталығының қолдауымен ұйымдастырылды.
Мерекелік шарада Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-сі басшысының орынбасары Ерназар Баетов, Республикалық түрік қоғамы орталығы Президентінің кеңесшісі Яша Чилингаров құттықтау сөз сөйлеп, қоғамдағы бірлік пен келісімді көздің қарашығындай сақтау керектігін атап өтті. Сондай-ақ жиында сөз алған «Ұлы Дала Елі» орталығының басшысы Гүлжанат Дүйсенбаева және Түркістан қалалық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Әбдіхалық Әбдіқадыров еліміздің тұрақтылығы жолында баршамыздың тізе қосып қызмет ету абыройлы міндетіміз екеніне тоқталды.
Рухани мазмұны мол жиында Түркістан облыстық түрік этномәдени қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сарманбай Сафаров өңірімізде қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, бірлік пен достықты, этносаралық ынтымақтастықты нығайтуға елеулі үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарға Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының басшысы Ерлан Күзембаевтың Алғыс хатын табыстады.
Мерекелік шара концерттік бағдарламаға ұласты. Онда «Қазақ тілі», «Қазақстаным» атты патриоттық рухтағы әндер шырқалып, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Бұдан соң жиналған қауым «Ұлы Дала Елі» орталығындағы тарихи жәдігерлермен танысып, түркі әлемінің тұтастығын дәріптеген арнайы бейнероликті тамашалады.