Консервіленген тамақтарды тұтынғанда абай болыңыз! Себебі, ботулизм ауруының өршу кезеңі күз, қыс айлары. Осы мезгілдерде қысқы салаттарды, қиярды, қызанақты, саңырауқұлақты консервілеу және тұтыну науқаны басталады.
Ботулизм ауруы «Clostridium botulinum» токсиндерімен улану нәтижесінде пайда болатын жедел инфекциялық ауру. Адам ағзасына ботулотоксин қажетті өңдеуден өтпеген тамақтарды тұтынғаннан түседі. Олар көп жағдайда консервіленген азық-түліктер, ысталған шұжық пен балықтар.
Ботулизмнің тағамдық, жаралық және балалар ауыратын негізгі осы 3 түрі бар: Жиі кезедестін тағамдық түрі. Ол адамнан адамға жұқпайды. Ботулизм споралары жоғары температураға төзімді және қоршаған ортада кеңінен таралған. Әсіресе топырақта, өзен, тоған суларында кездеседі. Ал, ауасыз (анаэробты) ортада споралар көбейіп, токсиндердің белсенділігі (токсичность) арта түседі.
Ауру белгілері: Ботулизм ауруының белгілері бірнеше сағаттан бірнеше күнге дейін пайда болады. Токсиннің ағзаға ену әдісіне қарамастан, оның нәтижелері бірдей. Ауру келесі симптомдармен пайда болуы мүмкін: көздің қосарлануы немесе бұлыңғыр көру, қабақтың ауырлығы, сөйлеудің бұзылуы, жұтыну қиындықтары, құрғақ ауыз және бұлшықет әлсіздігі (иықтан басталып, бүкіл денеге таралады). Нәтижесінде тыныс алу бұлшықеттерінің сал ауруы пайда болады, бұл науқастың өліміне әкеледі.
Түркістан облысы бойынша 2022 жылы ботулизм ауруымен 12 адам ауырып, 1 өлім жағдайы тіркелген. 2023 жылдың басынан бүгінгі күнге дейін 3 адам ауырған.
Аурудың алдын алу: Ботулизмнің қоздырғышы қоршаған ортада кең таралған, сондықтан бұл аурудың алдын алу үшін санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтауды талап етеді. Үй жағдайында консервілеу барысында:
- тазалықты сақтау, бүлінген көкөністерді, жемістерді консервілеу үшін пайдалануға жол бермеу консервілеуге тек қана таза, бұзылмаған, топырақтан тазартылған көкөністерді қолдану қажет;
- көкөністерді ағынды таза сумен жуып, топырақтан тазарту қажет;
- банканы, қақпақты стерилизациялау әдісін қатаң сақтау;
- көкөністерді термиялық өңдеуден өтуін қатаң қадағалау;
- консервілерді төмен температурада сақтау;
- қақпағы көтерілген, түсі бұзылып иісі шыққан банкілерді жедел түрде жою қажет, тіпті дәмін де татуға болмайды.
- аурудың белгісі пайда болған жағдайда өнім қалдықтарын тастамай зертханалық бақылау үшін сақтаңыздар
- үй жағдайында консервіленген салаттар, саңырауқұлақ, қияр, қақталған балық, окорокты т.б. базардағы және көшелердегі сатып жүрген белгісіз адамдардың қолынан сатып алмау керек.
- үйде әзірленген консервілерді, окорокты т.б пайдалану алдында қуыру немесе 15-20 минуттай қайнату.
А. Искаков,
Түркістан облысының СЭБД басшысының орынбасары
