ТАЙҚАЗАННЫҢ ТУҒАН ОТАНҒА ОРАЛҒАНЫНА – 34 ЖЫЛ!

488 көрілім

     

          Күллі түркінің тұмар қаласына  айналған Түркістанның  Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің төрінде тұрған Тайқазан турасында тағдыршешті оқиғалар көп болған. Үлкен мәдениеттің жарқын үлгісіне айналған бұл қазан орта ғасырдан бергі түркі өркениетінің, қазақ тарихының куәсі болып келеді.  Көркем кесененің көркіне айналған бұл жәдігердің жасалу тарихы да тереңде. Сирек кездесетін 7 түрлі металл қоспасынан құйылған бұл Тайқазанға биыл 620 жыл, ал оның Түркістанға әкелінгеніне 34 жыл толып отыр. Дүниежүзіне атағы дүркіреген алпауыт ескерткішті жасау да таңдаулы шеберлерге ғана бұйыратын бақ болары хақ. Тарқатып айтсақ, Тайқазан 1399 жылы Қарнақ елді-мекенінде Әбділ Әзиз ибн Шарафаддин Тебризидің ұстаханасында құйылған. Қазанның салмағы 2 тонна, сыйымдылығы 3 мың литр, диаметрі – 242 см, тұғырдың диаметрі – 60,7 см, биіктігі 162 см, тұғырының биіктігі 54 см. Зерттеушілердің дерегінше, он бөліктен тұратын қазанның астындағы тіреуіші сегіз бөліктен құралған. Бүгінде қазан құйылған пештің орны анықталып, сол кезде жұмыс істеген шеберлер жайлы зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Тайқазанның бетіндегі жазулар үш бөліктен тұрады. Жоғарғы бөлігінде Тәубә сүресінен үзінді жазылса, одан кейін Пайғамбар хадисі жалғасады, төменгі бөлігінде қазанның жасалу мақсаты мен аяқталған жылы берілген.  Алғашқы қатардағы Құранның «Тәубә» сүресінің 19-аятынан үзіндіде Пайғамбарымыздың: «Кімде — кім Алла тағала үшін су құятын ыдыс жасаса, жұмақта оған арнап хауыз дайындайды», – деген хадисі, сондай-ақ «әлемдегі шайхтардың сұлтаны Ахмет Ясауидің мазары үшін Әмір Темірдің бұйрығымен жасалған», – деген сөзбен қатар «жиырмасыншы шәуәл, 801 жыл» деген уақыты айшықтаған. Бұл біздің жыл санауымыз бойынша 1399 жыл деген сөз. Тарих бетттерінен белгілі болғандай, сұлу өнер туындысына сұқтанып, құйтырқы саясатпен айналысқан жандар да болған. Тарихтың түрлі көлеңкелі тұстары туралы деректер қайта жарыққа шыға бастаған кезеңнен бастап, Тайқазанның тағдыры жайлы толығырақ біле бастағанымыз анық.

          Әріден бастасақ, 1935 жылы түркілердің қазынасына айналған қасиетті тайқазан Ленинградта, яғни, қазіргі Санкт-Петербург қаласында өтетін Иран шеберлерінің III Халықаралық конференциясына үш айға жіберіліп, араға 54 жыл салып, 1989 жылдың 18 қыркүйегінде тарихи отанына қайта оралды. Тек қазақтың ғана емес түбі бір түркі жұртының киесі саналатын алып қазанды қайтаруда Өзбекәлі Жәнібеков бастаған ұлт жанашырларының, бұл тақырыпқа алғашқылардың бірі болып қозғау салған, 1988-1995 жылдары «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайында директор қызметін атқарған Нұрмахан Назаровтың  еңбегі орасан.  Айта кетейік, аталған 54 жыл аралығында жылдар бойы Түркістанның төріндегі тайқазанның елімізге қайтарылуы туралы мәселе өзекті болғанмен, оған қол жеткізу оңайға соқпады. Архив деректеріндегі тайқазан тарихына үңілсек, саяси қуғын-сүргіндердің кесапатынан, 1941-1945 жылғы алапат соғыстың салдарынан, 1946–1953 жылдардағы Сталиннің қаһарлы жүйесінен ел тарихын түгелдеу кейінге шегеріле берді. Осылайша,  жарты ғасыр Эрмитажда Иран сәулет өнерінің озық үлгісі ретінде Шығыс залында орналасқан Тайқазан мен екі шырағданды қайтару қиынға соқты. Өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілген сәт  1985 жылдарға таяу Кеңес Одағында М.Горбачев жариялаған саяси реформаның нәтижесінде туды десек болады.  Бұл реформалардың арқасында одақ құрамында болған мемлекеттер өз жоғын жоқтауға мүмкіндік алды. Осы кезеңде жоғарыда аталған тұлғалар бастаған  ынталы топ Одақ басшыларына Эрмитаждағы Тайқазанды қайтару жөнінде қоғам, әдебиет және өнер қайраткерлерінің қолдары қойылған хаттарды жібере бастаған еді. Осы орайда, Қазақстанның Мәдениет қайраткері, түркістантанушы, Түркістан қаласының Құрметті азаматы Нұрмахан Назаровтың сөзін еске ала кетсек:

          – Тайқазанның туған Отанымызға оралуына ең алғаш мұрындық болған көрнекті мемлекет қайраткері, Алаштың ардақты азаматтарының бірі, этнограф-ғалым Өзбекәлі Жәнібеков еді. Мавзолей кешенін түгел музейлендіруге теңдессіз еңбек сіңірген Өз-ағам болатын… Ол заманда, республика басшылары Одақ басшылығына уақытша берілген затымызды қайтарыңыз деу, ол кездегі әдепке жатпайтын. Себебі, бәрімізде Кеңес Одағы деген бір-ақ Отанымыз болды. Солай бола тұра, сол кездегі Мемлекет және қоғам қайраткері, ұлтжанды жан Өзбекәлі Жәнібековтің дипломатиялық жолдармен (коммунистік партия съездерінің делегаттары, Одақтың еңбекшілер депутаттарының сессияларына қатысушылар арқылы хаттар жолдау) әрекеттер жасалды.  Әділетін айтсақ, осы жұмыстардың ба­сында кемел ақылды, қазақи қанды, ұлт­жанды мемлекет қайраткері, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков тұрды. Біз де Өзағаңның қамшылауымен 1989 жылдың 6 шілдесі күні Қожа Ахмет Ясауи мавзолейі ұжы­мы­ның атынан, темірді қызған кезінде соқ дегендей, КСРО халық депутаттарының съе­зіне жеделхат жолдадық. Онда былай де­лінген: «Мәскеу. Кремль. Халық де­пут­аттарының съезі. КСРО Жоғарғы Ке­ңесі төрағасының бірінші орынбасары А.И.Лукьянов жолдасқа. Екі мың жылдық тарихы бар ежелгі Түркістан қаласының еңбекшілері Ленинград Эрмитажындағы Қазанды өзінің нағыз иесіне, Ахмет Ясауи музейіне қайтару туралы Жоғарғы Кеңестен бірнеше рет өтініп сұраған едік. Мәскеу біздің өтінішімізді қанағаттандырады деп сенеміз. Ахмет Ясауи музей-мавзолейінің директоры Н.С.Назаров» – дейді атамыз.

          Қиын-қыстау заманда, қылышынан қан тамған қатал жүйеге қарамастан Тайқазанның туған отанға қайта оралуы осындай ерліктермен жүзеге асқан болатын. 1989 жылы 18 қыркүйекте ырыс-несібе, бақ-берекеміздің символы Тайқазан Түркістан қаласына қайта оралып, бүгінде миллиондаған туристерге тамаша әсер сыйлауда. Тарихи маңызы бар бұл оқиғаға биыл 34 жыл толып отыр. Жыл сайын «Әзірет Сұл­тан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде айтулы күнге орай түрлі тағылымды іс-шаралар өтіп тұрады. Түркі жұрты төбесіне тұтқан бұл ескерткішке шаһар қонақтары мен шетелдік саяхатшылар да үлкен қызығушылықпен қарайтыны анық. Жыл сайын өтетін көрме, рухани-танымдық кездесулердің басты мақсаты да осы болмақ. Ортағасырлық құнды мұраларды дәріптеу арқылы жеткіншектерге, әлем жұртына тарихымызды таныту, жастарды елдік санаға баулу тұрғысынан мұндай маңызды оқиғалар міндетті түрде аталып өтілері анық. Сонымен қатар, Тайқазанды қайтаруға зор үлес қосқан құрметті азаматтармен кездесу кештердің жиі өтуі де бүгінгі қоғам үшін керек тағылым. Тайқазан туралы тың деректермен толығып жатқан тарих беттері болашаққа айтарлықтай олжа.  Атап айтсақ, 1864 жылы орыс саяхатшысы Николай Кунның альбомындағы тайқазан фотосуреттері, 1930-1935 жылдары түсірілген архивтік фотосуреттерді танымдық көрмеден тамашалау арқылы әрбір түркі баласы өз тарихымен, бай мәдениетімен мақтанатыны сөзсіз. Осынау асыл мұрамыз елге оралғанда жүрегі толқымаған жан болмаған шығар?! Бақ-ырыстың бастауы, тарихымыздың құты болған Тайқазанды Нұрмахан атамыз:

Тарих – баян, сыр қылып,

Айтып келем, Тайқазан!

Елу төрт жыл қыдырып,

Қайтып келген, Тайқазан! – деп жырға қосқан еді. Түркі әлемінің мәдени-рухани  астанасына айналған кезеңде қасиетті мұраның да маңызы арта беретіні сөзсіз. Осыған орай киелі шаһардың шамшырағын қайта жаққан айтулы азаматтардың ерлікке пара-пар еңбектері де елеусіз қалмасы анық.

Дәурен ТІЛЕУХАН.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы