- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Түркістанда Өзбекәлі Жәнібековтің құрметіне арналған халықаралық «Тайқазан» ұлттық және этникалық киімдер байқауы өтті. Халықаралық байқауды облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев ашты.
– Халықаралық шараның мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің есімін иеленуі бекер емес. Өйткені, Өзбекәлі Жәнібеков – тайқазанның киелі шаһарға қайта оралуына, Наурыз мерекесінің қайта жандануына тікелей себепкер болған тұлға. Облыс орталығына айналғалы Түркістанның екінші тынысы ашылуда. Мұнда бүгінде облыстық қана емес, республикалық және халықаралық шаралар да ұйымдастырылуда. Бүгінгі этнобайқаудың біздің облыста өтіп жатқаны да үлкен мәртебе. Сіздерге сәттілік тілеймін, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Облыстық мәдениет және туризм басқармасының ұйымдастыруымен өткен халықаралық шараға еліміздің түкпір-түкпірінен, сондай-ақ, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Тәжікстан елдерінен келген дизайнерлер, ұлттық-мәдени бірлестік өкілдері, сәндік қолданбалы өнер шеберлері қатысты. Байқауға әлем бойынша 30-ға жуық үміткер өтініш білдіріп,15-і іріктеуден өткен.
Аталмыш байқаудың қазылар алқасы құрамында елімізге танымал тұлғалар мен шетелдік өнер шеберлері бар. Атап айтқанда, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Ұлттық дизайн академиясының академигі Қайролла Әбішев, мәдениет саласының үздігі, Қазақстан және Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі Сейфолла Бодықов, еуропалық сән апталығының алғашқы аккредиттелген журналисі, «Lapidus», «Nina Ricco», «Paco Rabanne» сынды атақты еуропалық дизайнерлердің көрсетілімдерінің ұйымдастырушысы және сән продюсері Саят Досыбаев, Өзбекстан Республикасындағы «Өзбек-стильпром» бірлестігінің гендерлік теңдік және дизайнды дамыту жөніндегі кеңесші Хамола Гулямова, журналист, PR маманы, философия ғылымдарының докторы, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы қордың президенті Әзел Жәнібекова байқауға төрелік етті.
Жеңімпаздарды облыстық мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев марапаттады. Қазылар алқасының шешімімен «Тайқазан» халықаралық ұлттық және этникалық киімдер байқауының бас жүлдесі өзбекстандық Ирина Шариповаға бұйырды. Жүлделі І орынды Алматы қаласынан келген Лолита Ризабаева, ІІ орынды қырғызстандық Элиза Тэнтиқызы мен өзбекстандық София Ашур, ІІІ орынды алматылық Күлән Жанғұтты мен Тәжікстан Республикасының өкілі Тохир Ибрагимов, қостанайлық Тоты Шекимова иеленді. Ал, Әзірбайжан Республикасынан келген Нажит Бакшалиев пен түркістандық Нұрбибі Омарова, қырғызстандық Винера Бектенова арнайы жүлде иегері атанды. Сондай-ақ, өзге қатысушыларға да ынталандыру сыйлықтары берілді.
Айта кетейік, халықаралық байқаудың мақсаты киім мен тұрмыстағы ұлттық дәстүрді зерттеу, қазақ мәдениетіне қызығушылық қалыптастыру, заманауи сән үлгілеріне сай дәстүрлі этникалық костюмнің бірегей құндылықтарын және оның саналуандығын көрсету, кәсіби және әуесқой дизайнерлерге қолдау көрсету болып саналады.
Бауыржан ЕРМАН,
«Оңтүстік Қазақстан».