Түркістан қаласы әкімдігінің «Инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімі» мемлекеттік мекемесінің «Түркістан-Су» МКК ұйымдастыруымен 2023 жылға арналған жұмыстар бойынша баспасөз туры өтті. Аталған кездесуге Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысының орынбасары Ақтілеу Балғабекұлы, қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сарсенбаев, қалалық мәслихат депутаттары Бекахмет Абусейтов, Ғалымжан Худияров және аталмыш мекеменің директоры, қалалық мәслихат депутаты Ақниет Асылов пен БАҚ өкілдері қатысты.
Баспасөз турының негізгі мақсаты – инвестициялық бағдарламаның орындалуы, кәсіпорын объектілерін қайта жаңарту, активтерін жетілдіру, сондай-ақ инвестициялық бағдарламаны іске асырудан алған нәтижелерді халыққа жеткізуді көздеді. Сондай-ақ, тарифтерден алынатын қаражатты мақсатты қолдану туралы тұтынушыларға түсіндірме жұмыстарын жүргізу бойынша ұйымдастырылды.

Пресс-тур барысында сарқынды су айдау станциясы мен тозығы жеткен ауыз су жүйесін ауыстыру жұмыстары жөнінде ақпарат берілді. Дәлірек айтсақ, «Түркістан-Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директорының орынбасары Сейілбек Дайрабай мекеме жұмысымен таныстырды. Атқарылатын ағымдағы жұмыстардың жоспарымен бөлісіп, арнайы сарқынды су айдау станциясына алып барды. Ондағы мамандардың қызметімен танысқан қалалық мәлихат дептутаттары мен БАҚ өкілдері тарапынан бірнеше сұрақтар қойылды.
– Жөндеу-жұмыстары бойынша іс-шараларды жүргізу, инфрақұрылымдарды жаңарту бойынша жыл басынан бері министрлік үлкен ауқымды жұмыстар жүргізді. Бірінші кезекте табиғи монополия субьектілерінің жалақысын көтеру бойынша нормалары қарастырды. Сонымен қатар, қосымша инвестициялар көлемін ұлғайту мәселесін көтерді. Үшінші кезекте иесіз қалған жерлерді күтіп-баптап ұстау шығындарын ретке келтіру жобасы құрылуда. Жоғарыда айтылған инвестициялық бағдарлама жобасында «Түркістан-Су» МКК жаңа тарифтік саясат шеңберінде желілерді қайта құру және жаңғырту жолымен негізгі құралдардың тозуын 15-20%-ға төмендету жоспарланып отыр. Мұның бәрі алдағы уақытта аталған «Түркістан-Су» мекемесінің тозу деңгейін төмендетіп, үлкен инвестициялық бағдарламамен жаңартылатын болады. Тағы бір ауқымды жобалар аясында мұндағы мамандардың айлығы да өсетін болады, – деді Ақтілеу Балғабекұлы.
Дәурен ТІЛЕУХАН.