Конституция күніне орай Келес ауданындағы Жамбыл ауылында 150 орындық Мәдениет үйі пайдалануға берілді. Жаңа нысанның ашылуына Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев қатысты.
Жыл басында аудан әкімі жергілікті тұрғындармен кездескенде халық көптеген мәселелерді көтерген болатын. Ол мәселелердің негізгілері – Мәдениет үйі мен көгілдір отынның қажеттілігі еді. Халық өтінішін назарға алған аудан басшысы бұл бағыттағы жұмыстар жедел қолға алынатынын жеткізген.
Нәтижесінде тұрғындардың тілегі орындалып, аталған мәселелер өз шешімін тапты. Бұған дейін ауылға жаңа мектеп салынса, жақында ғана көгілдір отын қосылды. Сонымен қатар ұялы байланыс жүйесінің базалық станциясы орнатылды. Енді, міне, жаңадан бой көтерген Мәдениет үйі ашылып отыр.
– Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жақында ауданымыздағы осы ауылға ат басын бұрып, ауылдың тыныс-тіршілігімен танысқан болатын. Сол кезде осы мәдениет нысанының құрылысымен танысып, ауылдың әлеуетін көтеретін жүйелі жобаларды жүзеге асыруды жалғастыратынын атап өтті. Өткен жылы ҚР Ұлттық қор трансферттер есебінен ауданымызда екі мәдениет үйінің құрылыс басталған болатын. Бүгін басталған іс соңына жетіп, ауылдағы мәдениет үйі, клуб және кітапхана ел игілігіне беріліп отыр. Жамбыл-2 ауылы заман ағымына сай дамып, түрлі әлеуметтік нысандар бой көтеріп келеді. Ендігі кезекте ауыл азаматтары болып ғимараттарымыздың айналасын көгалдандырып, тазалыққа мән бергеніміз абзал. Алдағы жоспарымызда ауыл ішінен сквер салып, абаттандыру саласына басымдық береміз, – деді аудан басшысы.
Аудан басшысы жаңа ғимаратты аралап көріп, оның жоспарлы жұмысымен танысты. Айта кетсек, ғимараттың құрылысы былтыр басталып, қазіргі таңда жұмыстар толығымен аяқталған. Зәулім ғимаратта түрлі үйірмелермен қатар кітапхана жұмыс істейтін болады.
