Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап ел тізгінін қолына мықтап ұстаған, 1991 жылдың 1 желтоқсанында ҚР Президентінің жалпыхалықтық сайлауында жеңіске жеткен Тұңғыш Президентіміз, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың елі үшін, халқы үшін еткен еңбегі орасан зор. 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күнін атап өту біріншіден, бұл мемлекеттің іргетасын қалаған Тұңғыш Президентімізге ілтипат, екіншіден халықтың қандай елде тұрып жатқанын еске салып, сыйластыққа, достыққа шақыру, береке-бірлікке жетелеу болып табылады.
Өткен жылдың орта тұсында Елбасының Жарлығымен Түркістан қаласы облысы орталығы мәртебесіне ие болды. Осынау тарихи шешім қабылданған күннен бастап көне шаһар қайта түлеп, жаңаша кейіпке еніп келеді. Ал, осы қыруар жұмыстардың сапалы, пәрменді жүргізілуі Елбасының тікелей бақылауында. Жақында Түркістанға сапары кезінде бір жыл ішінде атқарылған жұмыстарға көңілі толған Елбасы құрылыс жұмыстарына өз үлестерін қосқан барлық өңірлерге, компанияларға, басы-қасында жүрген жауапты тұлғаларға ризашылығын білдірген еді.
Түркістан қаласының түркі тілдес халықтардың мәдени және туризм орталығы ретінде танылуына қаладағы түрлі этнос өкілдері, атап айтсақ түрік, славян, өзбек этномәдени бірлестіктерінің қосар үлесі зор. Киелі қалада бүгінде облыс көлемінде түрлі деңгейдегі іс-шаралардың қасынан табылып жүрген этнос өкілдерінің мақсаты бір – Елбасының сара саясатын қолдау арқылы халықты бірлік пен ынтымаққа шақыру. Осылайша әлемнің ірі саясаткерлері мен мемлекет басшылары құрмет тұтатын, елінің ыстық ықыласына бөленген Елбасымен біз әрдайым біргеміз.
Бахадыр ИРСМЕТОВ,
қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы.