Бүгін Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының алаңында жалпы республикалық «Kitap Time – 2023» фестивалі өтті. Еліміз бойынша бір мезетте ұйымдастырылған шара мақсаты кітап оқу мәдениетін көтеру, әдеби кітаптарды насихаттау, оқырмандардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру болып саналады. Бұған дейін ірі қалаларда өткен бұл фестиваль мәдениетін көтеру, әдебиетті насихаттау, тұрғындарды кітапханаларға тарту және оқырмандардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға бағытталып, фестиваль аясында: –Кітап көрмесі–Кітап жәрмеңкесі–Буккросинг–«АвтографTime»–KazakhComic–«Журналистің қоғамдық миссиясы» (Бас редакторламен кездесу) –«ПоэзияParty»– «Non-Fiction»–«Блогерлер құпиясы»,– «OYNA» балалар институтымен бірлесе өтетін «Оқимыз, жазамыз, сурет саламыз!» шарасы–Моно қойылымдар, және басқа да мәдени шаралар өтеді.
Сондай-ақ, «Отандастар қоры» КЕ АҚ ұйымы алыс-жақын шетелде тұратын қазақтарға «ӘР ҚАЗАҚҚА БІР КІТАП!» жобасымен кітап сыйлау акциясын жариялады. Республика деңгейіндегі аталмыш шараға зиялы қауым өкілдері, қаламгерлер, суретшілер, ұстаздар, әртістер, студенттер, оқушылар, БАҚ өкілдері және бір топ зиялы қауым қатысады.
Түркістан төрінде өткен игі шараны аталған кітапхана директоры Жанат Шардарбекова ашып берді. Жиынға Түркістан облыстық Қоғамдық кеңесінің мүшесі, Түркістан облысының құрметті азаматы Бақытжан Жармаханұлы және зиялы қауым өкілдері қатысты. Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Өнертану доценті, әнші, композитор Сауранбек Елеуовпен кездесу ұйымдастырылды. Автордың орындауында әндер шырқалды.
Облыстық кітапхана ұжымы бұл шараны Түркістан және Кентау қалалық мен Сауран аудандық кітапханаларымен бірлескен түрде ұйымдастырған. Фестиваль аясында келушілерге «Ғажайып кітап әлемі» тақырыбында кітап көрмесі таныстырылды. Сондай-ақ кітап жәрмеңкесі, «Автограф Time» сынды шаралар өткізілді. Балалар бағыты да назардан тыс қалмады. Кішкентай оқырмандар өлең оқып, талант иелері өнер көрсетті.
Айта кетейік, республика көлемінде биыл екінші рет ұйымдастырылған фестивальге облыстағы 396 кітапханалар жүйесі де атсалысты. Әрбір кітапханада кітап оқуға шақыратын ерекше шара мен оқырманмен кездесулер ұйымдастырылды.