Қала әкімдігінің кіші мәжіліс залында дербес бөлім мамандары, білім беру мекемелері, халыққа қызмет көрсету орталығы мамандары, БАҚ өкілдерінің қатысуымен Электрондық үкіметтің «E-gov mobile» жаңа мобильдік қосымшасының жұмыс жүйесін кеңінен түсіндіру мақсатында семинар өтті.

Семинардың басты мақсаты туралы мәлімет беріп өткен қала әкімі аппаратының басшысы Жәнібек Наушабайұлы жаңа мобильдік қосымша бүгінгі күннің қажетті дүниесіне айналғандығын, мемлекеттік органдардың қызметтерін пайдалануды ыңғайлы және жедел деңгейде жеткізуге мүмкіндік беретіндігін айтты. Сондай-ақ, кәсіпкерлер үшін бизнесті дамытуда әкімшілік кедергілерді жою және жемқорлықтың алдын алуға мол мүмкіндік беретіндігі туралы жеткізді.

Сонымен қатар семинарда «Электронды үкімет порталының» жетілдірілген мүмкіндіктері туралы №1 халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Құндызай Әбдікәрім мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының ресми өкілі Амантай Егембердиевтер Электрондық үкімет порталының «E-gov mobile» жаңа мобильдік қосымшасының қолжетімді тұстарын, алдағы уақытта ұялы телефон арқылы 50-ден астам электрондық қызмет пен сервисті пайдалануға болатындығын айтып өтті. Атап айтсақ, «Мобильді жеке кабинетте» азаматтың орналасқан жері, тұрғылықты және тіркелген мекен-жайы, заңды тұлға құрамына кіру, некеге тұру, жол-қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін айыппұлдардың бар-жоқтығы, сонымен қатар, тұрғын үйге кезегі мен техникалық қараудан өту мерзімін қарау тағы басқа да қызметтерді пайдалана алатындығы туралы толық ақпарат берілді.

Айта кетейік, жоғарыда аталған қызметтерді үйден шықпай-ақ пайдалануды жөн санасаңыз алдағы уақытта жаңа жүйенің жаңа мүмкіндіктерін толыққанды меңгеріп алған жөн деп білеміз.
Райымжан ӘЛІБАЕВ,
«Түркістан».