Ауыз қуысында жиі кездесетін аурудың бірі – тіс жегі (кариес). Мұнда алдымен тістің эмалі үгітіледі де, содан кейін дентині ойылады. Сәбилердің сүт тістері, жалпы жас балалардың тістері жиі ойылады. Ал, мамандардың мәлімдеуінше, біздің елімізде ересектердің 80 пайызы тіс кариесіне ұшырайды екен.
«Сау тіс – ажарың» деп жатады көнекөздер. Әйтсе де, тісіміздің саулығын сақтауға келгенде көбіміз салғырттық танытып жататынымыз рас. Ең құрығанда жылына бір рет профилактикалық тексеруден өтіп, дәрумендер қабылдау да қаперімізге кірмейді. Сонан тек ауырып, ісіп, шарасыз жағдайда ғана дәрігер алдына барып жатамыз.
Тісжегі – бірқатар қолайсыз факторлардың әсерінен қатты тіс тіндерінің бұзылуының патологиялық процесі болып табылатын, әлемдегі ең көп таралған ауру. Бір жастан 14 жасқа дейінгі балалар тісжегі ауруы бойынша ерекше қауіп тобына жатады. Балалар эмальының қышқылдардың әсеріне жоғары сезімталдығы, гигиена негіздерінің жоқтығы және дұрыс тамақтанбау- осының айқын дәлелі. Бұл күндері балалар арасында тіс ауруы жиілеп кетті. Бұл қоғамдағы өзекті мәселелердің қатарына еніп отыр. Себебі, тісі енді ғана шыққан кішкентай бүлдіршіндердің тіс жегіден зардап шегіп жатқандығын жиі байқап та, көріп те жүрміз. Тіс дертіне дауа табар дәрігер зор тәжірибелі, өз ісінің қыр-сырына қанық болуы шарт. Адам аса мән беріп, көптеп көңіл бөлмесе жеңіл-желпі ауру созылмалы дертке демде ұласып, біраз әбігерге түсіруі әбден мүмкін. Сол себепті әр жарты жылда бір мәрте болса да дәрігер алдынан өтіп, кеңесіне құлақ түрген жөн.
Баланың жасына қарамастан, олардың дұрыс тамақтануына аса мән беру керек. Қытырлақ, газдалған су, қымбат емес тәттілерді жеу, түнге карай тәтті су, шырындар, сүт ішу баланың тістерінің күйіне теріс әсер етеді. Сондықтан баланың рационына кальцийге бай препараттарды енгізіп, қарапайым көмірсуларға негізделген өнімдерді пайдалануды мүмкіндігінше шектеу қажет. Рационға сүт, сүзбе, қатты ірімшіктерді міндетті түрде қосу қажет, ал витаминдерге келетін болсақ баларға өте тәтті емес жемістерді берген жөн, ал күзгі-қысқы кезеңде витаминді-минералды кешендер міндетті түрде қабылдауын ұмытпаңыз. Сонымен қатар, баланы ауыз қуысының гигиенасына үйрету өте маңызды.
Тіс пастасы мен тіс щеткасын дұрыс таңдау маңызды рөл атқарады. (Бұл мәселені маманмен шешкен дұрыс болады).Тіс пастасын жұтып қою қаупін болдырмау үшін ата-аналар 7 жасқа дейінгі балалардың тіс тазалау процесін қадағалауы керек. Сонымен қатар, гигиеналық өнімдерді үнемі жаңартып отыру керек екенін ұмытпаңыз.
Соңында айтатын жайт, тісжегі ауруын болдырмаудың сенімді профилактикасы да, оны табысты емдеудің де негізі болып табылатын ең маңызды мәселе – тіс дәрігеріне үнемі бару әдеті. Тек маман ғана қажетті ұсынысты уақтылы бере алады, аурудың дамуын уақытында анықтап, оны ерте кезеңдерде тоқтатады.
Б.Сұлтанбек.
Түркістан қалалық СЭББ бас маманы
