Сібір жарасы – антропозоонозды, аса қауіпті, қоздырғышы жанасу механизмі арқылы берілетін, тері қабатының карбункул тәрізді зақымдалуымен, қызба және интоксикациямен, кейде сепсис дамуымен сипатталатын жұқпалы аурудың түрі. Бұл ауру малдың қанында, зақымдалған барлық мүшелер мен тіндерде және ауру малдың дәреті мен нәжісінде кездеседі. Түйнеменің таралуына үй жануарлары арасында қансорғыш буынаяқтылар да себепші болады, бұлар – шыбын, масалар. Адамның ауруға шалдығуы көбіне аурумен немесе өлген малмен жанасқанда, күтім жасағанда, сойғанда, терісін алғанда, көмгенде болады. Сонымен қатар ауру малдан алынған азық-түліктен жұқтыруы мүмкін. Аурудың жасырын кезеңі адамдарда бірнеше сағаттан 8 күнге дейін созылады, көбіне қоздырғыштың теріге ену қақпасында кішкентай дақ пайда болғаннан кейін 2-3 күн. Егер ем уақытында басталса, ауру тез сауығады.
Сібір жарасы Түйнеменің алдын алудың басты бағыты – ауыл шаруашылық жануарларын иммунизациялау.
Үйде жеке мал болса, әр малды түйнемеге қарсы егу керек. Егер сіз жануарлардан аурудың белгілерін байқасаңыз, дереу үйге ветеринар шақырыңыз. Малды сою ветеринар қарап, жануардың денсаулығы туралы анықтама бергеннен кейін жүргізілу керек. Мал еті ветеринардан алдын ала тексеріліп, анықтама бергеннен кейін тек базарларда сатылуы керек.
Алдын алу шаралары.
1 –Адамдар мен жануарлар арасында сібір жарасының алдын алу шарасы – жыл сайын ауруға қарсы егу жүргізу.
2-Егілген адамдар жұмысқа 2 аптадан соң ғана жіберіледі және жыл сайын екпе алып отырулары қажет.
3-Өлген малды терісімен бірге өртеу немесе қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып мал көметін жерлерге өртеу үшін апару қажет.
Қаперіңізде сақтаңыз! Ет және басқа да жануарлардан алынатын өнімдерді арнайы мал дәрігерінің бақылауынан өтпеген, сатуға рұқсат құжаттары жоқ жеке тұлғалардан алуға ТЫЙЫМ САЛЫНАДЫ.
А.Аманбай
ҚР ДСМ СЭБК «ҰСО» ШЖҚ РМК
«Түркістан облысы бойынша
дезинфекция орталығы»
дезинфекциялық
секторының эпидемиолог көмекшісі
