КЕЛЕС АУДАНЫНДА 1-СЫНЫПҚА 3100-ДЕН АСА ОҚУШЫ ҚАБЫЛДАНДЫ

2  480 көрілім

Бүгін Келес ауданындағы барлық білім ордалары білім алушыларға есіктерін айқара ашып, мектеп табалдырығын алғаш аттаған кішкентай бүлдіршіндерді ықыласпен қарсы алатын күн. Осы орайда, аудан орталығындағы №2 Ө.Жәнібеков атындағы мектеп-гимназиясында «Алғашқы қоңырау» салтанаты өтті. Ақ бантик тағып, бірдей мектеп формасын киген оқушылар мереке сәнін келтірді.

Салтанатты шараға аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев қатысып, барлық оқушыларға, мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндерге алдағы уақытта сапалы білім мен тәрбие алуға, еліміздің үлгілі азаматтары болып қалыптасуына тілектестік білдірді.

– Бірінші қыркүйек – жаңа бастамалдардың, жаңа ізденістердің, жаңа идеялардың символы. Бұл мейрамның әрбір адам өмірінде алар орны ерекше. Әсіресе, мектеп табалдырығын тұңғыш аттайтын балалардың жүрегінде бүгінгі күн мәңгіге сақталады. Сондықтан олардың білім шаңырағындағы әр сағаты қызықты сабақтармен, таңғажайып жаңалықтармен ұштассын. Еңбектің ең үлкені – білім. Білім беру ісі – бұл тамыры тереңде жатқан, ұлт пен дінге бөлінбейтін, бір күн немесе бір жылда көрінбейтін ғаламат құндылық. Өз кезегінде білімі терең, ойы озық ұрпақты тәрбиелейтін мұғалімдер қауымына зор жауапкершілік жүктеледі. Сіздердің бүгінгі шәкірттеріңіз – Еліміздің жарқын болашағы. Баршаңызға шәкірт тәрбиелеуде зор табыстар тілеймін, – дейді аудан басшысы өз құттықтауында.

Оқушылар асыға күткен алғашқы қоңырау соғылғаннан кейін аудан басшысы мектеп ішін аралап, мектеп жетістіктері мен тарихынан сыр шертетін көрмені және 1-4 сыныпта оқитын оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету процесін қарап шықты. Сондай-ақ, алғаш мектеп партасына отырған бүлдіршіндердің қадамдарына сәттілік тіледі.

Айта кетейік, Келес ауданында 2023-2024 жаңа оқу жылында 1-сыныпқа 3100-ден аса оқушы қабылданды. Сонымен қатар, жаңа оқу жылынан бастап аудандағы 1-4 сыныпта оқитын 13000-нан аса бала бір реттік ыстық тамақпен қамтамасыз етілетін болады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы