КӘСІБИ МЕРЕКЕ АЯСЫНДА СПОРТ МАЙТАЛМАНДАРЫ АРАСЫНДА ЖАРЫС ӨТТІ

528 көрілім

Жетісай ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен «Спорт күні» мерекесі аясында аудандық спартакиада болып өтті.

Аудандағы спорт мекемелерінің қызметкерлері арасында спорттың кіші футбол, арқан тарту және үстел теннисі түрлерінен өткен шараға аудан әкімдігі аппаратының басшысы Есен Алданиязов пен спорт ардагерлері, 100-ге тарта қызметкер қатысты.

Қызметкерлер арасында салауатты өмір салтын насихаттай отырып бұқаралық спортты дамыту, достық қарым-қатынасты нығайту мақсатында ұйымдастырылған спартакиадада әр команда өздерінің дайындықтары мен жеңіске деген құлшыныстарын байқатты.

Жанкүйерлердің делебесін қоздырып, спортқа деген сүйіспеншілігін арттырған теңбіл доп шеберлері сайысының қорытындысы бойынша өзге командалардан айла-тәсілі мен тәжірибесін арттырған «Жетісай спорт клубы» құрамасы ІІІ орынға табан тіресе, ІІ орын №2 БЖСМ командасына бұйырды. Ал, жүлделі І орынды №1 БЖСМ командасының ойыншылары иеленіп, жеңімпаз атанды.

Ал, арқан тартудан ІІІ орынды №2 БЖСМ құрамасы иеленсе, ІІ орынды «Жетісай спорт клубы» мекемесінің, І орынды «Ұлттық спорт клубы» мекемесінің білекті жігіттері қанжығаларына байлады.

Сондай-ақ, жылдамдық пен дәлдікті қажет ететін үстел теннисі бойынша ІІІ орынға «Жетісай» футбол клубының қызметкері Нұрсұлтан Пазилбеков, ІІ орынға №2 БЖСМ қызметкері Дәулетбек Мұханбет Әли, ал, І орынға «Жетісай спорт клубы» мекемесінің қызметкері Мақсат Қыдырша ие болды.

Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаз командалар мен үздік ойыншылар арнайы кубокпен, бағалы сыйлықтармен марапатталып, ұйымдастырушылардың дипломдары мен медальдарына, түрлі номинацияларына ие болды.

Айта кетейік, кәсіби мереке аясында жеңімпаз шәкірт тәрбиелеп жүрген, қоғамдық істерде белсенді қызметкерлер мен ардагер спортшыларға, спорттың дамуына үлес қосып жүрген кәсіпкерлерге сый-құрмет көрсетіліп, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының, Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытовтың, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы мен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының алғыс хаттарымен марапатталды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы