RIXOS TURKESTAN ҚОНАҚҮЙІ
«RIXOS TURKESTAN» қонақүйінің іргетасы Түркістан қаласының туған күніне орай қаланған. 6 қабатты қонақ үй Түркістан қаласына кіреберіс аймақта, Б.Саттарханов даңғылы бойында салынған. 120 орынға арналған отель көне қала — облыс орталығына келушілердің сұраныстарына сай қызмет етуде. Әлемдік деңгейдегі қонақ үй қала халқы үшін жүзден астам жұмыс орнын берді. 5 жұлдызды «RIXOS TURKESTAN» 120 орынға шақталған қонақүйінде 3 бірдей мейрамхана, SPA салондар, кинотеатр және іскер топ өкілдері үшін бизнес орталық орналасқан. Жобаның құны – 10,4 миллиард теңге. Қонақ үй 2020 жылы пайдалануға берілген. Қонақүйде сәнді де жайлы бөлмелермен қатар караоке бар, жабық бассейн, бөлмелерде тегін интернет сервистері қызметі үшін бағасы тәулігіне 60 000 теңгеден басталады.
Мекен жайы: https://go.2gis.com/5hm089
KARAVANSARAY KAGANAT ҚОНАҚҮЙІ
Karavansaray Kaganat 5 жұлдызды қонақүйіне орналасу тәулігіне 73 000 теңгеден басталады. Онда орналасқан бөлмедегі терезеден Керуен сарай көрінісі тамаша көрінеді. Қонақ үй кешенінің қызметі де жоғары деңгейде. Тұтынушыларды дәмді тағамы, жанды музыкасы, қаланың ең әсем жерінде орналасқаны үшін қызықтырады. Қонақүй Түркістанның мәдени-рухани орталығында, дәлірек айтсақ, Б.Саттарханов 25А мекен жайында орналасқан. Ясауи кесенесі, Ұлы Дала орталығы мен Visit Centre Turkistan маңайында орналасқан ғимараттың айналасы қазіргі жаңа қаланың әсем көрінісін тамашалауға таптырмас жер. Сондай-ақ, мұнда қосымша ақыға әуежайға тасымалдауды ұйымдастыру қарастырылған. Нысанның сыртқы беті көне ғасырдың ғимараттарын еске түсіреді. Қонақүй орта ғасыр мен қазіргі дәстүрлерді сәтті үйлестіре отырып, қаланың стилін толықтыра түскен.
Мекен жайы: https://go.2gis.com/folnz
ХАНАКА ҚОНАҚҮЙІ
Ханака қонақ үйі Түркістан қаласының орталығында орналасқан. Онда тегін Wi-Fi және кондиционері бар бөлмелердің сапасы мен бағасы келуші қонақтарға қолжетімді болып табылады. Сонымен қатар, туристерге тегін жеке автотұрақ қарастырылған. Мейрамханада жергілікті тағамдар ұсынылады. Бөлмелерде гардероб және жалпақ экранды теледидар бар. Таңертең швед үстелі, континентальды немесе халал таңғы ас беріледі. Қабылдау үстелінің қызметкерлері орыс, ағылшын және түрік тілдерін біледі және туристік ақпарат береді. Қосымша ақыға әуежайға тасымалдауды ұйымдастыру қарастырылған. Қонақүйдегі екі адамға арналған стандартты орындар 21 000 теңгеден басталады. Орындарды алдын ала тегін және бастапқы төлемсіз алу қызметі де бар. Қонақүй (Байбұрт көшесі №3А мекен-жайы) Ясауи кесенесі, этно ауыл кешені және амфитеатр ғимараттарына, туристердің көп келетін Керуен сарай, Президент саябағы кешендеріне жақын орналасқан.
Мекен жайы: https://go.2gis.com/mxtkw
ТҮРКІСТАН МУЗЫКАЛЫҚ ДРАМА ТЕАТРЫ
Киелі қалада бой көтерген мәдениет нысандардың бірі – Түркістан музыкалық драма театры. 4 қабаттан тұратын ғимараттың жалпы көлемі 9700 шаршы метрді құрайды. Мәдени ошақ заманауи үлгіде, барлық талаптарға сай салынған. Мәдениет ошағында бір мезетте 510 көрермен қойылымды тамашалай алады. Қазіргі таңда, театрда «Бөрте», «Фариза», «Махаббат мұнарасы», «Қорқыт туралы аңыз», «Мағжан», «Шинель» спектакльдері және «Гамлет. Қарагөз. Фауст» триптихі қойылып, қала қонақтары мен тұрғындарын тәнті етуде.
Қаланың бас жоспарына енген объектілердің арасындағы Түркістан музыкалық драма театрының құрылысын Ақтөбе облысы сый ретінде салып берді. Мердігер ретінде BI Group компаниянсы таңдалды. Театр құрылысы 2019 жылы басталып, 2021 жылы аяқталды. Театрдың директоры әрі көркемдік жетекшісі болып 2021 жылдың 16 сәуірде белгілі продюсер Айнұр Көпбасарова тағайындалды.
Түркістан музыкалық драма театры – эксперименттік театр болып саналады. Оның актерлары мен артистерінің басым көпшілігі жоғары оқу орнын енді аяқтаған жастар. Олардың үш жылға дейін тәжірибе жинақтауына, шеберлік сабақтарына қатысуға, қосымша рольдер арқылы сахнаға бейімделуіне мүмкіндіктер қарастырылған. Театр актерлары мен артистері Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының түлектерінен және Астана қаласындағы Шабыт өнер академиясы, Қазақ ұлттық хореография академиясы, А.Я.Ваганова атындағы Орыс балет академиясы және А.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесі, «Belcanto» Вена академиясын бітірген өнерпаз жастардан құралған. Түркістан музыкалық драма театрының алғашқы қойылымы 2021 жылдың 9 қазанында жұртшылыққа ұсынылды. Театр шымылдығы драматург Дулат Исабековтың “Бөрте” пьесасына қойылған спектакльмен ашылды.
Мекен жайы: https://go.2gis.com/80glma