Бүгін Түркістан облысының 5 жылдығына арналған мәдени іс-шаралар бойынша брифинг өтті. Аталған жиынға облыстық мәдениет және туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ә.Қонысбеков, қала әкімінің орынбасары Е.Күзембаев, САҚ киностудиясының директоры Н.Паттеев және облыстық бейнелеу өнері музейінің директоры А.Оспанов қатысты. Жиын барысында Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толуына орай Мемлекет басшысының Түркістанға тарихи және рухани елорда мәртебесін беру тапсырмасы аясында атқарылған жүйелі жұмыстарға шолу жасалды. Сонымен қатар, арнаулы күнге орай облыс басшылығының қолдауымен Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасы ұйымдастырып жатқан бірқатар іс-шаралар таныстырылды.
Атап айтсақ, «Visit Turkistan» орталығы алаңында және «Этноауылда» өтіп жатқан «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі облыс тұрғындарына керемет әсер сыйлауда. Аталған фестиваль бойынша тамыз айында 17 аудан, қалалардың ішінен үздік деп танылған көркемөнерпаздар ұжымдары мен әншілердің қатысуымен Гала-концерт ұйымдастырылып, жеңімпаздар марапатталатын болады. Ал «АРАЙ-2023» аймақтық жас эстрада әншілері мен іс-шара жүргізушілерінің байқауы мамыр айында өткен болатын. Мәдени іс-шара жүргізушілері үш кезең бойынша, жас эстрада әншілері екі кезең бойынша бақ сынасқан байқау бірнеше жас дарынды республика жұртшылығына таныстырды. «Түркістан облысына бес жыл – бес әдеби сапар» облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен Тараз, Алматы және Астана қалаларында өтті. 9 маусым күні Қызылорда қаласында өтетін іс-шара Шымкент қаласында жалғасатын болады. Рухани-мәдени сапар аясында қаламгерлермен кездесу ұйымдастырылып, өңірден шыққан ақын-жазушылар облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Дәулетұлының бастамасымен жолға қойылған «Ауыл кітапханаларына 20 мың кітап» акциясына өз үлесін қосуда.
Сондай-ақ, Халықаралық «VOICE OF TURAN – 2023» қазақ әндері байқауы қазан айына жоспарланып отыр. Байқау шығармашыл, дарынды жастарды анықтау мен қолдау көрсету, халықаралық мәдени, туристік байланысты дамыту және нығайту, рухани және мәдени құндылықтар алмасу, қазақ музыкасын әлемде насихаттау мақсатында көздейді. Түркітілдес мемлекеттер арасындағы мәдениет пен өнердің ынтымақтастығына бағытталған «АЛТЫН САҚА» халықаралық анимациялық фильмдер фестивалі 16-18 маусым күндері «Фараб» кітапханасында өтеді деп жоспарлануда. Бұдан бөлек Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толуына орай Астанадағы «QAZAQSTAN» орталық концерт залында Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның Шәмші Қалдаяқовтың әндерінен «Менің Қазақстаным!» атты ән кеші өткен болатын. Айта кетейік, осы концерт 17 маусым күні Конгресс Холл көпсалалы кешенінде өтеді. Алдағы уақытта, тамыз айында «Арыс жағасында» ретро фестивалі, «Ұлы дала дәстүрі» этнофестивалі, қыркүйек айында «Түркістан дауысы – 2023» республикалық эстрада әншілерінің байқауы, сонымен қатар мерекелік іс-шаралар мен көрмелер өтетін болады.
Жиын соңында қонақтар БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап беріп, түркістандықтарды алдағы жобаларды жұмыла жүзеге асыруға шақырды.
Дәурен ТІЛЕУХАН.