«Түркістан тәтті» кондитерлік дәмханасының маманы Гүлмира Өтегенова: «КОНДИТЕРЛІКТІ ХОББИДЕН БАСТАДЫМ»

3  053 көрілім

Кондитер – қазіргі таңда сұранысқа ие мамандардың бірі. Кез келген мейрамхана, асханалар дәл осы қызмет түріне жүгінеді. Өйткені тұтынушыға сапалы өнім мен қызмет көрсетуде кондитерлердің бағасы артып келеді. Жалпы олардың арнайы білімінен гөрі жасаған тәтті тағамдары мен шеберлігі маңыздырақ. Бүгінгі сұқбаттасқан қонағымыздың негізгі мамандығы – бас аспаз. Дегенмен біраз жылдан бері тәтті тағамдар пісіруге қызығып, осы қызығушылығын өзінің кәсібіне айналдырған.

Бұл істе айтарлықтай маңызды талаптар өте көп. Атап айтсақ, тәтті тағамдарды пісірумен қатар оны безендірудің өзі бір өнер. Осындай тәтті тағамдарды кәсібіне айналдырған «Түркістан тәтті» кондитерлік дәмханасының маманы Гүлмира Өтегенова ханыммен сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

– Гүлмира ханым, өзіңіз жайлы қысқаша айтып өтсеңіз?

– Мен елордамыз Астанада 1968 жылы дүниеге келдім. Қазір Шымкент қаласында тұрғаныммен, осы Түркістанға келіп, киелі қалада қолымнан келетін кәсіп түрін бастадым. Тәуекел етіп бастаған ісім қазіргі таңда өз жемісін беруде.

– «Егер қаласа, адамның қолынан бәрі келеді» деген сөз бар. Сіздің кон-дитерлік әлемге деген қызығушылы-ғыңыз қалай пайда болды?

– Негізі бас аспазшы болып жұмыс атқарғанмын. Бұл салада үлкен тәжірибем бар. Алдыма қойған негізгі мақсатым кондитер болу емес еді. Бұл менің хоббиім десем де болады. Бәрі осы қызығушылықтан басталды. Жалпы қолымнан бәрі келетін, тек торт пісіре алмайтынмын. «Адам істегенін адам істейді» демекші, қолыңнан келмеген дүниені басқалардан көргенде, өзіме осы ой келді. Сенімділіктің арқасында кондитерлік салаға келдім. Қазір айтарлықтай нәтижелерге жетіп жатқан жайым бар.

– Кез келген салада бағыт-бағдар берушінің үлкен үлесі болатыны анық. Сіздің ас үйдегі ұстазыңыз, өзіңізді осындай біліктілікке жетуге бағыттаған жан туралы айтып өтсеңіз…

– Иә, ол кісі өзбек ұлтынан болатын. Ташкент азаматы еді. Есімі – Рустам. Шымкенттегі үлкен ресторанда жұмыс істегенде мен оның көмекшісі болып жұмысқа кірдім. Жұмыста да, өмірде де үлкен тәжірибелерімен бөлісіп отырған Рустам ағадан көп тәлім, тәрбие, үлгі алдым. Енді сол кісінің жолымен келе жатырмын. Оның бір сөзі есімде қалып кетіпті: «сіздер бас аспазсыздар, сол үшін барлық затты көзбен граммдап үйренулеріңіз қажет»,- деген болатын. Осы еңбектің басында қолдау білдіргенде сол кісі еді.

– Алдағы жоспарыңызбен бөлісе кетсеңіз?

– Алдағы жоспарым кондитерлік цех ашу. Соны жүзеге асыру мақсатында жұмыстар жасаудамыз. Қазір енді Түркістанның 100 пайызы болмаса да, 50 пайызы танып, тапсырыс беріп тұрады.

– Әр дүние өзінше сәнді, сәулетті болғанын қалайтын боларсыз. Оның үстіне тапсырыс берушінің талғамынан шығатын тәтті жасау да оңай емес. Бір тортты жасауға қанша уақыт кететінін айта кетсеңіз…

– Бір тортты жасау процесі ұзақ болғандықтан, бисквиттерді пісіріп, суыту, сондай-ақ, крем даярлау да біраз еңбек. Мұздатқышта 6-7 сағат тұратын торттың ең соңғы жұмысы оны безендіру болады. Осындай бірнеше кезеңдік жұмыстардан соң шамамен қанша уақыт кететінін болжай беріңіз…

– Қазіргі таңда кондитерлік өнер бизнестің дамуына қаншалықты үлес қосады деп ойлайсыз?

– Үлкен үлес қосады. Себебі дәл осы кондитерлік өнімді елдің бәрі тұты-нады. Осыған қарап-ақ, өнімнің сұра-нысқа ие екенін аңғару қиын емес деп ойлаймын. Туған күн, мейрамдарды, түрлі мерекелерді тортсыз елестету қиын. Бұл да жаңа заман талабына сай мерекелік көңіл-күй сыйлайтын жақсы өнім. Сұраныс артқанда, бәсекелестік те жоғары болады. Бүгінде үлкен қалаларды былай қойғанда, шағын аудандардың өзінде тәттілермен айналысатын жандар көп. Тіпті өз қызығушылығының арқасында үй жағдайында да тәттілер пісіретін қыз-келіншектер баршылық.

– Бизнесті енді бастап келе жатқан әріптестеріңізге айтар кеңесіңіз?

– «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей»,- демекші, үнемі ізденісте болу арқылы алға ұмтылудан үлкен нәтиже шығады деп айтар едім. Ешқашан бастаған істі орта жолдан тастап кетпеу керек. Табандылықпен кіріскенде ғана істеген ісіңнің нәтижесіне жетесің деп ойлаймын.

Сұхбаттасқан:

Арайлым МАДЕН.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы