КЕНШІ ҺӘМ ҚАЛАМГЕР

186 көрілім

Кеңес Одағының тұсында Қазақстан Жазушылар Одағы бастамашылық көрсетіп, қаламы қалыптасқан жазушылар мен ақындарға жаңадан ашылған өндіріс орындарына барып, сонда еңбек етіп, бастан кешкендерін кітап етіп жазу ұсынылды. Сол кезде бірер жазушы ғана өнеркәсіп орындарына аттанса, негізі Алматыда қалып қойды.

Қазақ әдебиетіндегі дара тұлғалар Мұхтар Шаханов тракторист, Сәтімжан Санбаев зауыт жұмысшысы, Олжас Сүлейменов геолог екенін екінің бірі біле бермейді. Біздің кейіпкеріміз, өзіміздің жерлесіміз Түркістан және Кентау қаласының Құрметті азаматы Өскенбай Құлатайұлын жергілікті тұрғындар кенші һәм қаламгер ретінде таниды.

Өскенбай Құлатайұлы 1941 жылдың 16 шілдесінде қазіргі Сауран ауданының Мес-Ата ауылында дүние есігін ашып, онжылдық мектепті күміс медальға бітіреді. Жиырма жасында Талғар ауыл шаруашылығы техникумының зоотехника бөлімін қызыл дипломмен тәмамдайды. Оқуын бітірген соң, бұрынғы Түркістан ауданы, Абай атындағы колхозға мал тұқымын асылдандыру зоотехнигі болып жұмысқа кіріседі.

1967 жылы Алматы политехникалық институтынан тау-кен инженері – маркшейдер мамандығын алып шығып, Ащысай түсті металл комбинатына жолдама алады. Осылайша, оның кенші ретіндегі еңбек жолы басталады. Комбинаттың «Байжансай» кенішінде бөлім маркшейдері, аға маркшейдер, шахта бастығы, кеніш басқармасының бас инженері болып 1985 жылға дейін қызмет атқарады.

1985-1991 жылдары Кентау қаласында комбинаттың қауіпсіздік техникасы бөлімінің аға – инженері, «Мырғалымсай» кеніші бас инженерінің қауіпсіздік техникасы жөніндегі орынбасары, 1991-1996 жылдары «Кентау» кенішінің бастығы, «Южполиметалл» ғылыми – өндірістік бірлестігі бас директорының көмекшісі, «Ачполиметалл» АҚ-ы еңбек қорғау және қауіпсіздік техникасы жөніндегі бас директорының орынбасары қызметтерін атқарды. 1996- 2001 жылдары «Стройтехнопроект» АҚ бас директорының орынбасары, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінде зертхана меңгерушісі, 2001-2013 жылдары Ұлттық Банктің құнды қағаздар тіркеу саласында жауапты қызметтер атқарды.

Дарабоз тұлғаның бұл тек кәсіби еңбек жолы болатын. Өмір жолы оны басқа арнаға бұрып әкеткенімен, Өскенбай Құлатайұлы қолынан қаламын бір сәт тастамады. Жазушы, журналист әрі ақын азамат өзін толғандырған құбылыстарды өлеңмен өрнектеді. Өскенбай Құлатайұлының «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Өмір өрнектері» және «Сағым жылдар» атты кітаптары оқырмандарын бей-жай қалдырған жоқ.

«Өмір өрнектері» кітабы естеліктер мен әңгімелерден және бозбала шағында жазған балаң жырлардан тұрады. Қаламгердің есімі оқырманға аса таныс болмаса да, шығармаларына арқау болған, басынан өткерген оқиғалары өмірдің өзінен ойып алынғандықтан өте әсерлі, жеңіл оқылады.

Аталмыш баспадан 2006 жылы жарық көрген «Сағым жылдар» кітабы алпыс жасқа толғанда шығарған алғашқы жинағының жалғасы іспетті. Бұл жинаққа да автордың көркем әңгімелері, жолжазбалары және жаңа өлеңдері енгізілген.

«Клараның күнделігі» бөлімінен өмірден ерте өткен жары Клара Қалмолдақызының жазбалары арқылы ауылдағы қазақы салт-дәстүр туралы, қазақтың келіні болудың қасиеті төңірегінде ой қозғап, ауыл мұғалімінің көкейкесті мәселелерін жан-жақты әрі шынайылықпен көрсетеді. Қазіргі жастарға, әсіресе, шалғайдағы елді мекендерге мұғалім боп баратын немесе келін боп түсетін бойжеткен үшін бұл шығарманың берері мол.

Өскенбай Құлатайұлының 2007-2011 жылдарда жарық көрген «Анаға тағзым», «Игілік», «Бір әңгімем бір ділла», «Ата мешіті», «Замандастар» атты кітаптары да оқырман көңілінен шыққан дүниелер.

Коммунистік партия идеологиясының шарықтап тұрған кезі ХХ ғасырдың 60-70 жылдарымен тұспа-тұс келді. Көпшілік тек орыс тілінде сөйлеп, «КСРО-ның азаматы» атанды. Осындай қиын сәттерде намыс туын қолға алып, кеңестік саясатқа қарсы тұрған «Ащысай» түсті металдар комбинатының жігерлі азаматтарының істерін Өскенбай Құлатайұлы 2012 жылы «Тағдыр» атты жинағы арқылы оқырман қауымға ұсынады.

Автордың негізгі мақсаты – ұлт азаматтарының атқарған істерін өскелең ұрпаққа үлгі етіп көрсету еді. Туындыда сол оқиғаларды көзімен көрген жандардың әңгімелері баяндалады. Ел ішінде атқарылған игі істерге ұйытқы болған Өскенбай Құлатайұлының бұл жинағы тәуелсіз еліміздің келешегінің кемел болуына үлес қосатын туындылардың бірі болды десек, артық айтқандық болмас.

Қаламгер Өскенбай Құлатайұлы журналистік жолжазбаларын, өлеңдерін, газеттерге жарияланған түрлі тақырыптағы мақалаларын және өзінің басынан өткен хикаяларын жинақтап «Атың барда жер таны…» атты кітабын 2014 жылы жарыққа шығарған болатын.

Бұл кітап автордың тоғызыншы кітабы. Өскенбай Құлатайұлының кезекті еңбегі оның сапарнамалық эсселерінен тұрады. Туған ел мен шет мемлекеттерді аралаған қаламгер көргенін, көңілге түйгенін қағазға түсіріп отырған. Жазбаларында әр жердің ерекшелігін, құпиясын, тарихын баяндай отырып, оқырманға «туған елдей ел болмайтынын» ұғындырады.

Жазушының 2016 жылғы «Елу жылда ел жаңа», 2018 жылғы «Жадымдағы жаңғырық» атты шығармалары, 2015 жылы жарық көрген «Арпалыс» атты деректі кинофильмін де ерекше атап өтуге болады.

Өскенбай Құлатайұлының 2017 жылы жарыққа шыққан «Письмо 43-х Кунаеву» атты еңбегі қалың оқырман назарынан тыс қалған жоқ. Ащы шындық айтылатын шығарма әдебиет сүйер қауымның талқысына да түсті. «Техникумда оқыған жылдары Өскенбай өлең жазып жүретін. Менің де ептеп өлең жазып жүретінім бар еді. Екеумізді осы өлеңге деген әуестігіміз де жақындастырып жібергенді. Техникумда бірге оқып жүрген курстастарымыздан бөлектеніп, бір-бірімізге қауырсыны қата қоймаған өлеңдерімізді оқып, рахаттанып қалатын едік»,- деп еске алады бала кездегі досы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі ақын Шәймерген Әлдибекұлы.

Өскенбай Құлатайұлы 2008 жылы Қазақстан Журналистер одағының, 2014 жылы Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі атанды. «Түркістан» халықаралық саяси апталық газетінің қоғамдық негіздегі тілшісі де болды. Өскенбай Құлатайұлы кешегі кеңес заманының қиын-қыстау кезінде тынбай еңбек етіп, бес баланы ешкімнен кем қылмай өсірген ардақты әке. Бүгінде солардан немере мен шөберелер сүйіп отыр.

Ардақты азаматты елі марапаттан кенде етпеді. «Мәдениет саласының үздігі» медалі, «Кентау қаласына 60 жыл» мерекелік медалі, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалі, «Батыр шапағаты» секілді медальдармен марапатталды. Тіпті, көрші Ресей елі де Өскенбай Құлатайұлына құрмет ретінде «Признания», I дәрежелі «За службу Родине и Особые заслуги» ордендерін табыстады.

Түркістан және Кентау қалаларының құрметті азаматы Өскенбай Құлатайұлының көпшілік үшін атқарған игі істерін санап тауыса да алмайсыз. Алайда, ең сауапты ісінің басында 2008 жылы Түркістан қаласындағы «Құлатай» мешітін салуға мұрындық болуы тұрды.

– Кімде кім еңбек етуге талпынса, барлық жағдай жасалып жатыр қазір. Пәтер алу мәселесі, еңбек, жұмыс орны бойынша барлық жағдай жасалған. Кәсіп жасауға мүмкіндік аясы кең. Қаншама мүмкіншіліктер беріп жатыр. Енді осының бәрін қазіргі жастар пайдалану керек. «Еңбек, еңбектің түбі зейнет» деген. Кім еңбек етсе, кім адал еңбек етсе, сол жақсы өмір сүреді,-дейді Өскенбай Құлатайұлы.

Қазіргі таңда, Алланың берген үш ұл, екі қыздан он алты немере, сегіз шөберенің тәрбиесімен айналысып жүрген Өскенбай Құлатайұлының жүріп өткен жолы баршамызға үлгі. Сексеннен асса да елдің игілігі үшін әлі де қызметтер атқарып, жақсылықтың жаршысы болып жүр. Әр істің көзін тауып, кеншілігімен қатар қаламгерлігімен де танылған қадірменді қарияға ұзақ ғұмыр, мол табыстар, биік белестер тілейміз!

Ескендір ЕРТАЙ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы