Көзіміз ашық, көкірегіміз ояу болған соң айналамыздағылардың пікіріне құлағымызды түріп жүреміз. Соңғы кездері көпшіліктен «ән мәтіндері қалай болса солай жазылатын болды. Тойдың әндері үлкен сахнаға шығып кетті. Бұған тоқтам бола ма, жоқ па?» деген реніштерді жиі еститін болдық. Иә, «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды». Өткенде Қазақ радиосынан таңертеңгілік берілетін «Армандастар» бағдарламасын тыңдап отырғанбыз. Әншіміз: «Алдасаң алда, қалмасаң қалма, Сенің қолың мұз, менің жаным күз» деп ышқынады. Бұған күлесіз бе, жылайсыз ба, қайтесіз? Ол аз десеңіз, енді бір өнерпазымыз: «Сағынышпен бір құшақтап алғым келеді, Ай-күнім-ай деп осы әніме салғым келеді» деп әндетеді. Па, шіркін- ай, айтып тұрған сөзіңе болайын, әніңе болайын!
Осы біз «Әннің де естісі бар, есері бар. Тыңдаушының құлағын тесері бар» дегенді естен шығарып алған жоқпыз ба? Осы ой көпшілікті жиі мазалайды. Әйтпесе, жоғарыдағыдай жайлар эфирден жиі орын алмас еді ғой. Бүгінде әннің сөзін де, музыкасын да өзі жазып, өзі орындайтындар жиі кездесетін болды. Рас, Ақан сері де, Біржан сал да, басқалар да осылай істеген. Бірақ, олар бірінші орынға тыңдаушының талғамын қойған ғой. Қазіргі «бесаспап өнерпаздар» сол талғам дейтін ауылдан табылып жатса, оларға ешкім де ренжімес еді. Мәселен осы талғамда да.
Ертеректе өнер ордаларының жанында көркемдік кеңес деген болушы еді. Ән-күйлерді алдын- ала тыңдап, көркемдік кеңес мүшелерінің қолдауымен ғана үлкен сахналарға жолдама берілетін. Өкінішке қарай, осы үрдістің тіні үзіліп қалған сыңайлы.
Бір анығы, өнердің иесі, сахнаның киесі болады. Көпке топырақ шашудан аулақпыз. Дегенмен, жоғарыда біз әңгіме еткен қарадүрсін, тәрбиелік мәні жоқ әндердің эфирден берілуінің жөні бола қояр ма екен? Ал, мұны дәл қазір біз айтпасақ, кім айтады? Кеш болып, өкініп қалмаймыз ба? Ойланайық, ағайын!
Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ.
Созақ ауданы.