Әбдісалан Нұрмаханов, Октябрь Жарылқапов, Хайс Аққалиев, Бекзат Саттархановтар спорт әлемінің аңыз адамына айналған тұлғалар. Бүгінгі күні киелі өңірдің төл перзенттерін үлгі тұтып, жетістігімен шаһар мерейін үстем етіп жүрген спортшылар жетерлік. Облыстық, республикалық тіпті халықаралық додаларда топ жарып жүрген сайыпқырандар – ел мақтаныштары. Облыс орталығының жұртшылығы спорт саңлақтарына құрмет көрсетуден аянып қалған емес.

Қала әкімі Рашид Аюпов Түркістан спортының дамуына елеулі үлес қосып жүрген спортшылар мен бапкерлерді марапаттады. Алдағы уақытта спорт аламанында қарсылас шақ келтірмей, жеңіс тұғырынан көрінуге тілектестік білдірді.

«Ертеңгі үмітіміз, болашағымыз сіздерсіздер. Байрақты бәсекелерде намысты қолдан бермей, абырой биігінде болыңыздар. Бекзат туған топырақта тағы да әлемді мойындатар чемпиондар шығарына сенімдімін. Барлығыңыз да құрметке лайықтысыздар. Әлемдік жарыстарда Көк байрағымызды желбіретіп, Әнұранымызды шырқату бақыты бұйырсын» ,- деді Рашид Абатұлы.

Дзюдошы Айдар Арапов, самбошы Молдаш Кемелбек, боксшы Бек Нұрмағанбеттің есімі аталып, алғыс хатқа ие болғандардың осалы жоқ. Талай сайыстарда бәсі биік екендігін дәлелдеп, әлемнің түкпір-түкпірінде өткен жарыстардан жүлдесіз оралмаған кіл мықтылар. Солардың бірі – былғары қолғап шебері Әділжан Жандарбек пен волейболшы Нұрай Жұмағұл жүрекжарды лебіздерін білдіріп, бапкерлері мен командаластарына рахметін жеткізді.
Нұртас КЕҢЕСБЕКОВ,
«Түркістан».
