Бүгін қаламызда КСРО мен Қазақ КСР-на еңбек сіңірген жаттықтырушы, Волейболдан қазақтан шыққан тұңғыш КСРО-ның спорт шебері Октябрь Жарылқаповтың жүлдесіне арналған волейболдан 2003-2004 жылдары туылған ұлдар арасындағы республикалық ашық турнир жалауын желбіретті. Қазақ волейболының атасы атанған түркістандық спортшының даңқын асқақтатқан дода 24-қарашаға дейін жалғаспақ.

Салтанатты ашылуында облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы Полат Қырықбаев, қалалық мәслихаттың депутаты Мұхаммедәлі Қорғанбаев құттықтау сөзге шығып, спортшыларға сәттілік тіледі. О.Жарылқапов туралы естеліктерімен бөліскен шәкірті Есмұхамбет Баймұратов ұстазы жайлы айтары көп. Айтуынша, өмірі өнегеге толы тұлғаның спорттағы жетістігі үлгі боларлық дара жол.

«Келесі жылы жарыстың халықаралық деңгейде өткізілуі жоспарлануда. Қазақ волейболының болашағы жарқын. О.Жарылқаповтың шәкірттерінің арасынан еуропа және әлем жеңімпаздары, екі Олимпиада чемпионы шыққан. Ол дегеніміз үлкен жетістік. Сондықтан спорт саңлағының волейболға қосқан еңбегі өлшеусіз. Аңыз адамның есімін ұлықтауға арналған жарысты өткізудің мәні айрықша»,-деді Түркістан облысының волейболдан бас бапкері Марат Божбанбаев.

Республикалық турнирге Ақтөбе, Қызылорда, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстары, Түркістан, Кентау қалалары мен Сайрам ауданынан келген 100-ден астам спортшылар қатысуда. Жүлдегерлерге кубоктар мен медальдар, арнайы дипломдар табысталатын болады. Қорытынды бойынша қосымша мағлұмат туралы газетіміздің келесі санында құлақтандыратын боламыз.
Нұртас КЕҢЕСБЕКОВ,
«Түркістан».
Суреттер автордікі.
