Түркі жұрты түп отаным деп танитын Түркістанның төрінде кезекті ұлттық құрылтай бастау алды. Барша жұрт игілік күткен басқосуда әзірге қандай мәселелер талқыға түсетіні жария етілген жоқ. Дегенмен ұлы даланың ұпайын түгендеу жолындағы келелі кездесуде Түркістан тақырыбы назардан тыс қалмайды деп сенеміз. Түркістанның мәртебесі мемлекет деңгейінде қарастырылып жатқан негізгі мәселе екені анық. Бұл ретте арнайы заң жобасы қаралып жатқанын да оқтын-оқтын естіп жүрміз. Пайымдап қарайтын болсақ Түркістан туралы заңның негізі – түркі халықтарына ортақ қалада халықаралық деңгейдегі мәселелердің шешілуіне, жергілікті жерде жоғары тұрған органдарға аса жалтақтамай шешім қабылдайтындай құзырет берілетін шығар деген де ойымыз бар. Әйтпесе, біздің мемлекеттің заңдық жүйесінде бір қаланың әкімі немесе өзге де жауапты тұлғасы халықаралық тұрмақ облысаралық тіпті ауданаралық деңгейдегі өзара шешім қабылдау үшін ең болмағанда өңір басшысының бас изеуін күтетіні жасырын емес. Жалпы жұртқа ерсі көрінгенімен жүйедегі қалыптасқан жағдай екенін мойындау керек. Осы тұрғыда Түркістан қаласы туралы заңда аймақты дамыту жолында әрекет етемін деген жанға осындай қолбайлау болатын кедергілерді алып тастамаса да ептеп жұмсартқаны жөн.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өз сөзінде еріктілердің жұмысы туралы жиі айтады және көңіл бөліп келеді. Бұл осы заманғы халықтың өз мәселесін өзі шешуге деген құлшысынан пайда болған топтар. Волонтер деп те атап жүрміз оларды. Міне, осындай күтпеген жерден бой көрсете алатын еріктілер жасағы қазіргі күнде еліміздегі көптеген мәселелердің жеңілдеуіне және оның түбегейлі шешілуіне атсалысып жүр. Бір ғана мысал айтайық. Үйге шын мұқтаж деген көптеген жанұя мемлекеттен берілетін тұрғын үй кезегін сарыла күтпей осындай ерікті топтардың көмегімен баспаналы болып жатыр. Сонымен бірге, қазіргі таңда мектеп бітірген түлектердің 10, 20, 30, 40 жылдық басқосулары да қайырымдылық шараларынсыз өтпейді. Соның арқасында аймақтардағы жалпы орта мектептерде ірілі-ұсақты мәселелер шешіліп, көпшілік орындардағы бұқаралық спортқа қажетті алаңдар тағысын тағы әлеуметтік нысандар бой көтеріп халық игілігіне беріліп жатыр. Әрбірден соң бір ауылдың әлеуметтік жағдайына ықпал ететін жобалардың да қолға алынып жатқанын көріп жатырмыз. Осы тұрғыда билік пен еріктілер арасында үйлесім табатын заңдық байланыс орнатып, ары қарай осы жүйені халықпен бірлесіп дамытуға жол ашу қажет секілді.
Бұны айтып отырған себебіміз, Түркістанда өтіп жатқан Тәуелсіздігімізді нығайтуға негізделген Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында жаңа саяси кезеңдегі қадамдары мен Жаңа Қазақстанның ұзақ мерзімді даму стратегиясы аясындағы жұмыстар сарапқа салынатыны сөзсіз. Себебі, оған Ұлытауда өткен басқосуда негіз қаланған еді. Оған қоса тілге, жерге қатысты мәселелер, еліміздің демократиялық бағыттағы даму жоспарын және оған қатысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының нақты ұсыныстары мен тиісті салаларға жүктеген міндеттері бар еді. Енді бұл игі бастамалар қалай жүзеге асырылуда? Жалпы жаңадан құрылған Ұлттық құрылтайдың араға тура бір жыл салып өтіп отырған екінші басқосуында нендей жаңалықтарға куә болады екенбіз? Міне, осындай ой төңірегінде сөз басын бірқатар ұсыныстарымызбен бастап отырмыз.
ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Ұлттық құрылтайдың басты міндеті – ұлтты ұйыстыратын парасатты тың идеялар мен ұсыныстарға айрықша мән беріп, жалпыұлттық бірлікті нығайту көзделген. Осы ретте Түркістандағы кездесуде Тәуелсіз еліміздің еңсесін одан әрі тіктей түсуге бағытталған маңызды шешімдер қабылданады деген сенімдеміз.
М.ДӘУЛЕТОВ.