Қазіргі өмірді электр қуатынсыз елестету әсте мүмкін емес. Қоғамда электр энергиясына деген сұранысты орындау күн тәртібіндегі аса маңызды мәселе. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты халыққа Жолдауында Шымкент, Қызылорда, Талдықорған және Түркістан облыстарында жалпы қуаты кемінде 1500 МВт болатын генерациялаудың маневрлік режимі бар бу-газ қондырғыларын салу жөнінде тапсырма берген болатын. Осы міндет шеңберінде «Түркістан облысында қуаты 1000 МВт бу-газ қондырғысы базасында электр станциясын салу» жобасы іске асырылуда.

ТМД аумағында баламасы жоқ жобаның қыр-сырымен танысуға, Түркістан облысы, Төлеби ауданының бүгінгі тыныс-тіршілігін, қам-қарекетін сараптап, әлеуетін бағамдау мақсатында өңірдің БАҚ өкілдері бас қосып пресс-турмен шұғыл жолға шықтық. Бұл құрылыс Төлеби ауданына қарасты Киелітас ауылдық округіне қарайтын елдімекенде орналасқан. Түркістан облысында БГҚ базасында салынатын қуаттылығы 1000 МВт құрайтын электр станциясы стратегиялық маңызы бар нысан болып табылады. Жаңа электр орталығы өңірде энергия тапшылығын жойып қана қоймай, өндірісті дамытуға да оң серпін береді деп күтілуде. Пресс-тур аясында аудандағы №8 колледж студенттерімен бірге тарихи сәттің куәсі болдық. Олай дейтін себебіміз электр энергиясы саласының мамандары аталған оқу орнымен келісім-шарт жасасты.

Электр энергиясын тұтынушыларға тиісті деңгейде жеткізу, оны іске асыру мемлекеттің басты мақсаты. Түркістан өңірі қажетті электр қуатының 80%-ын сыртқы көздерден тасымалдайды. Бұл жоба бойынша облысқа болжаммен 600 млрд. теңге жеке инвестиция тартылады. Бу-газ қондырғысы базасында салынатын станцияның негізгі қондырғылары біршама қолжетімді технологиялар (әрі қарай БҚТ) болып табылады. Жоба 2024-2026 жылдары жүзеге асырылады.

Жоба еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін және ұлттық энергетикалық жүйенің, әсіресе, энергия тапшылығы бар оңтүстік өңірінің мәселесін шешеді. Икемді генерациялау режимі бар аралас циклді зауыттың құрылысы Қазақстан Республикасының энергетика жүйесіне жаңартылатын энергия көздерін біріктіру үшін қолайлы жағдай жасайды. Жергілікті тұрғындарға, өңірдегі оқу орындарда оқитын жастарға түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.
«Қазіргі таңда энергия саласында мамандардың аздығына байланысты оқу орындарымен бірлесе жұмыс жүргізіп, кәсіби тағылымдамадан өту жөнінде келісім-шарт жасауды мақсат етіп отырмыз. Бұл жоба сарапшылардың айтуынша қоршаған ортаға зиянсыз, Түркістан облысы бойынша тұрғындар мен жастар арасындағы жұмыссыздықтың алдын алып, жаңа жұмыс орнын ашып, қажетті мамандарды даярлауға арналады. Оқу-тағылымдамасы арқылы Атырау облысы Атырау қаласындағы Қарабатан станциясында атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, келісім-шарт бойынша жарты жыл тағылымдамадан өтеді. Құрылыс жұмыстары біткен соң көрші елдерден алып отырған 760 МВт-қа тәуелділіктен арылып, Түркістан өңіріне 1000 МВт қуатты тұрғындар игілігіне қолдануға бере аламыз. Негізгі жұмысқа мамандар тарту көзі Төлеби ауданынан басталып, Түркістан өңірі бойынша жүзеге асырылады.
Құрылыс нысаны ретінде «Бадам» су қоймасы таңдалды, өйткені сол маңда «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралдық газ құбыры жүріп жатыр. Газ бен суды қыздырып, бумен турбинаны жандырғаннан кейін ток шығарады. Ток шығару көлемі 1000 МВт-қа дейін. Мұның халыққа пайдасы қандай десеңіз – тұрақты электроэнергия, одан кейін болашақта зауыт немесе басқа да өндірістік кәсіпорын ашамын деген инвесторларға электр энергиясы дайын, әрі жеткілікті болады» – дейді құрылыс алаңының жетекші инженері Нұрлан Омаров.
Естеріңізге сала кетейік, былтыр Төлеби ауданында 1000 МВт бу-газ қондырғысының естелік капсуласы салынып, маңызды жобаның таныстырылымына «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев, Түркістан облысының экс-әкімі Өмірзақ Шөкеев қатысқан еді.
Мамандар бұл жобаның ТМД аумағында баламасы жоқ деп бағалап отыр. Құрылыс кезінде 2000-ға жуық адам жұмыспен қамтылады. Қондырғы іске қосылған соң 300-ден астам тұрақты жұмыс орыны ашылып, Түркістан өңірінде ғана емес, жалпы Қазақстан Республикасында электр энергиясының сапасы артады. Жобаны іске асыру кезеңінде бюджетке 1 трлн. теңгеден астам төлем күтілуде. Жобаланып жатқан станцияда қолданылатын газ турбинасының өндірушіден берілген ақпараты бойынша шығындыдағы азот оксидінің -NОx ең жоғары мөлшері – 50 мг/нм3, көміртегі монооксидінің – СО ең жоғары мөлшері – 12,5 мг/нм3 (ҚР СТ Р 54203-2013ж. және Директив N 2010/75/ЕС бойынша NOx рұқсат етілген мәні 20-50 мг/нм3, СО рұқсат етілген мәні 5-100 мг/нм3) құрайды. Сонымен қатар шығындылар құрамында қандайда бір озон газының мөлшері 0 %. Жоғарыда атап өтілгендей станциядан шығатын шығындылардың мәндері Қазақстан Республикасының Ұлттық Стандартының рұқсат етілген мәндерден аспауы себепті адам денсаулығына қатері мен зияны жоқ деп қарастыруға болады. Сонымен қатар, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтерінде БГҚ базасында салынған электр станцияларының тікелей адам ағзасына зиянды әсері келтірілмеген. Қазір облысқа қажетті электр қуаты 320 МВт болса, аталған жоба арқылы қажеттіліктен үш есе артық электр өндірілмек. Осы арқылы оңтүстік өңірі энергия тапшылығынан құтылып қана қоймай, өзге аймақтарды да қамтамасыз етпек. Облыста энергия тапшылығы жойылған соң ірі кәсіпорындар мен өндіріс те дамиды деп сенеміз.
Азамат ӘЛІБЕК.