«АНИМЕ» ШЫҒАРМАСЫНЫҢ БАЛА ПСИХОЛОГИЯСЫНА ӘСЕРІ ҚАНДАЙ?

2  664 көрілім

Бүгінде жасөспірімдер арасында «аниме» кең қолданыстағы сөз екені анық. Аниме сөзін орта буын өкілдері түсінбеуі әбден мүмкін. Алайда бұл жастар арасында кеңінен танымал жапондық мультфильмдер тізімі. Сонымен, аниме XX ғасырда Жапония елінде  пайда болған. Бүгінде бірқатар ел арасында танымалдығын жоғалтпаған мәдениет саналады. Көрерменге ұсынылған ең алғашқы анимелердің бірі 1917 жылы шыққан екі минуттық комедия жанрындағы Намакура Гатана фильмі еді.

Аталмыш фильмде самурай өзінің жаңа қылышын сынай келе  қарапайым адамнан жеңіледі. Неліктен аниме жасөспірімдер арасында соншалықты танымал? Аниме жасөспірімдердің психикасына әсер ете ме деген сұрақтарға жауап алу үшін біз психолог пен  попмәдениетке қызығушылық танытатын жастардың бірінен сұрауды жөн көрдік.

Жапондық мультфильмдер жанкүйерлер клубының мүшесі Әсел Исаева балалардың жапон мультфильмдеріне қызығушылық танытуының басты себебі сюжет пен кейіпкерлердің эмоциясын анимация арқылы көрсете білуінде екенін айтады.

– Әсел ханым, Анимеге қызығушылығыңыз қалай басталды?

Менің анимеден қызығып көрген кейіпкерім барлық жасөспірімге таныс «Наруто» кейіпкері болатын. Бала кезімнен мультфильмдерді жақсы көріп өстім. Ертегілер арқылы өзімді сиқырлы әлемнің бір мүшесі ретінде сезінетінмін. Осылайша күндердің бір күнінде ағам үйге «Наруто» мультфильмі таспаланған таспаны  әкелді. Ертегі Наруто есімді кішкентай жетім бала туралы болатын. Сол ертегіде Нарутоның  жаңа достар арттырып, әрі саяхаттап, арманына жеткендігі бейнеленген. Ал  қазір ойланып көрсем, сол кезде шығарманың философиялық мән-мағынасын мүлде түсінбеген екенмін. Содан мен 16 жасымда Нарутоның жалғасын көрдім, сонда ғана қанша уақыт өткенін түсіндім, және сол ертегімен өстім. Бұл таспа менің балалық шағымның символы еді. Айтқым келетіні, аниме тек балаларға арналған мультфильм емес, керісінше ересектер де қызықтап тамашалайтын болып шықты. Сол кездерден бастап, мені  аниме әуесқойы деп атап кетті. 

– Әсел ханым, қалай ойлайсыз соңғы жылдары  аниме жасөспірімдер арасында сұранысқа ие ертегілердің біріне айналып үлгерді мұның сыры неде?

Мен ойлаймын анименің жастар арасында танымал болуының басты себебі – оның сюжетінде деп. Солардың ішінде ең көп тараған түрлері  – манга (жапон комикстері), жеңіл романдар (новелла) немесе компьютерлік ойындар. Ал әдеби шығармалар аз қолданылады. Сонымен бірге, екінші себебі оның жанрында екені хақ. Классикалық жанрдан бөлек анимеде көптеген қызықтыратын жанр түрлері кездеседі. Сондай-ақ, ол аудиторияға қарай  бөлінеді. Мәселен, Кодомо – 12 жасқа дейінгі кішкентай балаларға арналған, Шонен – ​​12 жастан асқан ұлдарға арналған, Шоже – 12 жастан асқан жас қыздарға, Сеинен – ​​үлкен еркектерге, ал Джосей – әйелдерге арналған болып бөлінеді. Анименің әрбір эпизоды 23 минуттан аспайды сондықтан да көруге өте ыңғайлы. Жапон ертегілерінің тағы бір жақсы тұсы – аниме әуесқойлары арасында жаңа достар табуға болады.

Қоғамда аталмыш ертегілерге қатысты бірқатар теріс пікірлер қаптап жүр. Яғни бала психологиясына кері әсерін тигізеді, яки  қатыгездікті оятады, немесе оларды қылмысқа, өз-өзіне қол жұмсауға итермелейді деген көзқарас қалыптасқан. Бұл статистиканың рас өтірігін екендігін психолог маман Жәнібекова Бибігүл тарқатып берді.

– Бибігүл ханым, анимация жасөспірімдердің психикасына теріс әсерін тигізеді деген сөз қаншалықты шындыққа жанасады?

– Аниме өнердің басқа түрлері секілді жасөспірімдердің ғана емес, сондай-ақ, барлық адамның ішкі дүниесі мен психологиясына әсер етуге қауқарлы қойылым саналады. Басқа фильмдер, ертегілер және кітаптар сияқты, аниме де эмоцияларды шайқай отырып, эмпатия жасай алады. Өйткені аниме кейіпкерлері, шындыққа қарама-қайшы әлемде болғандықтан, жиі импульсивті және сезімтал болады. Мұндай кейіпкерлер жасөспірімдер аудиториясын қызықтыра түседі. Сонымен қатар  анименің зиян тұстары да анықталған. Кейде жақсы немесе жаман кейіпкер болсын, оларды пұтқа айналдыру және зорлық-зомбылықты романтизациялау сынды жасөспірім балалардың сау психикасын орасан зор күйзеліске ұшырата алады.

Айта өту керек көптеген жасөспірімдер өз жасына сәйкес келмейтін аниме қарайтыны рас. Дегенмен аниме сериалдарының басым бөлігі 20 жастан ассқан жеткіншектерге арналған болады. Байқасаңыздар эпизодтарда агрессия, қатыгездік, зорлық-зомбылық, жыныстық қатынас көріністері болуы мүмкін – балалар мен жасөспірімдер мұндай көріністерді көру арқылы жарақат алуы әбден мүмкін. Себебі балалардың сыни ойлауы жеткілікті дамымаған. Ал психологиялық жарақат балада депрессия белгілерін тудыруы мүмкін.

-Анимеге қызығушылық пен суицидтік мінез-құлық арасында қандайда бір байланыс бар ма?

– Егер баланың психикасы сау болса, ол күйзеліске ұшырамайды дегім келеді. Себебі адам фильмсіз ертегісіз-ақ  күйзелісте жүрген болуы мүмкін. Сонымен бірге, баланың мінез-құлқында суицидтік тенденциялар байқалмаса ауыр сюжеттегі аниме арқылы  балада суицидтік ойлар туындамайды. Ал психологиясында ауытқу жағдайы байқалған жеткіншекке аниме көру өз-өзіне шабуыл жасауына түрткі болуы мүмкін.

– Әлеуметтік желілердегі түрлі көріністер бала психологиясына кері әсерін беріп жатады осы жайында толық тарқатып бересіз бе?

– Негізінен алғанда ата-аналардың қойған шектеулері мен тыйым салу әдістері көбінде нәтиже бермей жатады. Сол себепті де әлеуметтік желілерде жас ерекшеліктеріне байланысты шектеулер де  болуы керек. Жасөспірімдерде көбінесе максимализм жағдайында тыйым салыну яки дауыс көтеру жағдайынла олар  кектену әрекетіне көшеді. Баланың жадында  олардың ата-анасы үлкендер әлеміне бағыт-бағдар беруші жан есебінде сақталады. көрсетуші. Сондай-ақ, ата-аналар баланы өмір сүруге, ортаға бейімделуге, жағымсыз эмоциялармен күресуге, мәселелерді шешуге, тәуелсіз тұлға болып қалыптасуына көмектеседі. Ал жасөспірім шағында баланың қателігін ең алғаш ата-ана түсіндіруі керек. Ең маңыздысы ата-ана мен бала ертегіні немесе фильмді бірге отырып, көруі және талқылауы қажет. Бұл тактика ғылымда дәлелденген. Ертегіні тамашалай отырып, баладан қай кейіпкер ұнағанын және не себепті ол кейіпкер жанына жақын болғанын да сұрауы тиіс. Ата-аналар баланың мүдделерін түсінуге тырысуы керек. Егер ертегі көру барысында  жасөспірімнің көңіл-күйін түссе, өзін жайсыз сезінсе, онда бұл жағдайда дәрігерге хабарласу керек немесе баламен көбірек уақыт өткізіп, жиі бірге демалыс күнін ұйымдастырған абзал, – дейді психолог маман.

Азиза МУРСАҚМАТОВА,

ХҚТУ, журналистика кафедрасының студенті.                                                                  

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы