БІТІМГЕРЛІК БӨЛМЕ БІРЛІККЕ БАСТАЙДЫ

1  575 көрілім

Бүгін Ататүрік атындағы №17 мектеп-гимназиясында «Медиация» кабинеті ашылды. Бітімгерлікке шақырған бөлмені жасақтау негізінен облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының бастамасымен жүзеге асырылған. Мақсат біреу – екі тарапты араздықтан арылту, татулықта мәмілеге келтіру.


Салтанатты ашылуында облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Қанатбек Қоңырбаев медиаторларға сәттілік тілеп, лента қию құрметіне ие болды. «Бөлменің жайлылығы көңілге қонымды» – деген төраға мүмкіндігінше дау-жанжалды алдын алуда ішкі мәселе аудиторияда аяқталарына сенім білдірді.


«Оқушылардың бір-бірімен, ата-ана мен ұстаздар арасында кикілжің болмас үшін медиация қызметі құрылып отыр. Мектепішілік мәселелерді дау-дамайсыз шешуге жол ашылды. Жыл басынан бері жобаны пысықтау үшін тәжірибе ретінде қолданып, тараптар келісімімен оң шешімдер қабылданып келеді. Уәжді сотқа дейін жеткізбеу амалдарын жүргізудегі еңбек нәтиже береді деген ойдамын»,- деді мектеп директоры Рахила Үрімова.


Білім ұясында арнайы медиация курсынан өтіп, қоғамдық медиатор сертификатына ие болған 9 маман жұмыс атқаратын болады. Мұғалімдер мен ата-аналардан құралған топтың алдағы уақыттағы жұмысына мектеп психологі Захра Ахметова жетекшілік етпек.

Нұртас КЕҢЕСБЕКОВ,
«Түркістан».
Суреттер автордікі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы