Түркістан облысының өңірлік коммуникациялар бөлімінде облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының бастығы Дінислам Болатханұлының БАҚ өкілдерімен брифингі өтті. Жиында Түркістан облысының білім ордаларында «2022-2023 оқу жылының аяқталуы, қорытынды аттестаттау және оқушылардың жазғы демалысы бойынша баяндамасымен бөлісті басқарма басшысы.
Қазіргі таңда Түркістан облысында 1 мыңнан астам орта білім беру ұйымдары қызмет етуде. Оның 907-сі мемлекеттік, қалғаны жекеменшік мектеп болып табылады. Ондағы оқушы саны – 515 079. Бүгінгі брифинг арқылы білім алушы балалардың халықаралық, республикалық білім сайыстарындағы көрсеткіштері де өткен оқу жылымен салыстырғанда біршама өскендігі де белгілі болды.

Басқарма басшысы білім беру саласында қызмет етіп жүрген педагогтардың жұмысымен де бөлісті. Жалпы, облыс бойынша 81 919 педагогтер бар. Қазіргі таңда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында педагогтердің біліктілік санаттарын беру электронды Е-ПАРТФОЛИО форматқа көшірілген. Ағымдағы жылы электронды форматта 6 мыңнан астам педагогтер құжатын тапсырған. Облыстық аттестация комиссиясының шешімдері ағымдағы жылдың шілде айында шығады.
Көптің көкейіндегі ҰБТ мәселесі жайында да мәлімдеді Дінислам Болатханұлы. Ағымдағы жағдай бойынша Түркістан облысы бойынша 29491 мектеп бітірушілердің 21 065-і Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыруға өтініш берген. Олардың қазіргі таңда тестілеу тапсырғаны – 4357, шығармашылық емтихан тапсырғандар саны – 614, түрлі себептермен тестілеуге қатыспағаны – 79 түлек.
Сондай-ақ, Түркістан облысында өткен оқу жылында жалпы жазғы сауықтырумен 206 269 бала қамтылған.
Оның ішінде, қала сыртындағы лагерлер – 57 710 балаға, мектеп жанындағы лагерлер – 148 559 балаға ұйымдастырылған. Алдағы жоспар бойынша демалыс орындарының саны және аумағы артып, нәтижесінде, балаларды қамту 24%-ға немесе 71 390 балаға артады деп күтілуде.
Досхан ТӨЛЕГЕНОВ