Түркістан облысы Төле би ауданында 6-сынып оқушысына директордың орынбасары мен ата-аналардың бірі жұдырық жұмсаған. Бұл жөнінде http://yassy-tur.kz/ хабарлайды, Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Оқиға 19 мамыр күні 1-мамыр ауылында орын алған. Оқиға барысында екі ер адам баланы ұрып, балағаттағаны дәлелденді. Бүгінде жеткіншекті тәрбиелемек болғандардың әрекетіне қатысты тергеу басталды.

Жауаптылардың айтуынша, ұл бала сыныптас қызға тиіскен. Мұны әкесі естіп, мектепке келіп, жиналыс ашқан. Директордың орынбасар мен қыздың әкесі баланы ортаға алып, қол көтерген. Оқушыға жұдырық жұмсаған мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары осыдан кейін өз еркімен жұмыстан кетті.
“Мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары кінәсін мойындап, өз еркімен жұмыстан шығып кетті. Екінші мектептің психологы мен сынып жетекшісіне сөгіс жарияланды. Білім бөлімінің тарапынан қауіпсіздік сақтамағаны үшін мектеп директорына қатаң сөгіс жарияланды”, – деді Түркістан облысы Төле би ауданы бөлім басшысының міндетін атқарушы Бекайдар Тойлыбаев.