Сауран ауданындағы Жүйнек ауылдық округі әкімінің сайлауына жеті үміткер тіркелген. Алайда, олардың үшеуі бастапқы іріктеуден өтпесе, екеуінің кандидатурасын салық инспекциясы шығарып тастаған. Ауыл әкімінің тұңғыш сайлауы мамырдың 14-інде үш учаскеде өткізілді. Соның нәтижесінде, жергілікті тұрғын, жұртшылыққа блогерлігімен танымал отыз жастағы Төребай Абдікәрімовтың аты озды.
-Өздеріңізге белгілі, елімізді демократияландыру үдерісі шынайы түрде қолдау табуда. Алдымен Референдум, президенттік сайлау, Парламент және мәслихат депутаттарын сайлау науқандарын сәтті өткіздік. Осындай саяси науқандарға үлкен ұйымшылдықпен қатысқандарыңызға үлкен рахмет. Осы Жүйнек ауылдық округі әкімі сайлауына да бір кісідей ат салыстыңыздар. Өздеріңіздің жерлестеріңіз, су жаңа әкім Төребай Абдікәрімовті құттықтауға рұқсат етіңіздер,-дей келіп, Сауран ауданы аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Оразбек Әміреев сайлау комиссиясының шешімін оқып, ауыл әкімі Төребай Әбдікәрімовке куәлік тапсырды.
-Менің бір байқағаным, үлкенді кішілі сайлауларда жастарға көп орын берілуі. Бір үйде әкесі мен шешесі егде адамға дауыс берсе, алты-жеті баласы өздерінің ортасында жігерлілігімен көрініп жүрген жанға дауыс бергенінің куәсі болдық. Әрине, қоғамда жастарымыз көп. Бұл жерде Жүйнек жұртшылығының Төребайға таңдау жасауының себебі, ол осы ауылға ғана емес, әлеуметтік желіні пайдаланушыларға да жақсы танымал. Қазақта «Отызда орда бұзбасаң, қырықта қамал алмайсың» дегендей, қоғамдағы келеңсіз оқиғалар мен ауылдың жыртық-жамауын қорықпай көрсетіп жүрген Төребай бауырымызға ойыңды айтудан жалықсаң, өз қолыңмен орында, халқың қолдайды деген мақсатпен карт-бланш берілді. Біз жастар Төребай бауырымызды шын жүректен құттықтап, қызметіне сәттілік тілейміз. Оны қолымыздан келгенше қолдап, қорғап, бірлесе елге қызмет етеміз,-дейді Жүйнек ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Ілияс Данаханов.