КІТАПХАНА МАМАНДАРЫ БАСҚОСТЫ

1  471 көрілім

  «Кітапханадағы өзекті мәселелер: оқу бағдарламаларын, оқулықтарды, оқу-әдістемелік құралдарды, басылымдарды эксперттік талдау». Осындай атаумен рухани шаһарда жиын өтті. Ж.Жабаев атындағы №11 жалпы орта мектепте өткен «Артық ғылым – кітапта» атты облыстық шығармашылық топтың отырысы Түркістан облыстық әдістемелік орталық КММ-нің жылдық жоспарына сәйкес ұйымдастырылды. Бұған өңірімізге қарасты қалалар мен аудандардың кітапхана мамандары қатысты.

  Шара шеңберінде келген меймандар аталмыш білім ордасының оқушылары дайындаған концерттік бағдарламаны тамашалады. Психологиялық тренингпен жалғасқан отырыс кітапханашылардың біліктілігін арттырды. Басқосуды Түркістан облысы әдістемелік орталығының әдіскері Ақмарал Темирбаева ашып, жүргізіп отырды. Келелі кездесу барысында жоспар бойынша тиісті тақырыптар талданып, ұсыныстар мен пікірлер тыңдалды. Сондай-ақ, Ж.Жабаев атындағы №11 ЖОМ-нің кітапхана меңгерушісі Бақыткүл Алипова білім бұлағы саналған кітапты жас ұрпаққа дәріптеп, осы саланың алға қадам басуына үлес қосып жүрген мамандардың жұмысына жоғары баға беріп, атарылтып келген қонақтарға алғысын білдірді.

  Сонымен қатар, Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына сәйкес рухани байлықты дәріптеушілер мен ұлағатты ұстаздардың өлең-жырлары көпшілік назарына ұсынылды. Бұдан бөлек, мамандарының өзекті ойлары ортаға салынып, қазіргі таңдағы баспалардың тым көптігі мен оқулықтардағы олқылықтар мен сапасыздықтар тілге тиек етілді.

   Жиынды  ТОӘО әдіскері Ақмарал Мейірбекқызы қорытындылап, жаңадан құрылған шығармашылық топтың жылдық жоспары бекітілді.

Орынбек ҚАСЫМБЕКОВ,

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы