“Играй, гармонь!”. Бүгін осындай атауда Қазақстан халқы Ассамблеясының ғимаратында облыстық гармоншыларлың (баян) байқауы өтті. Славян мәдени орталығы мен “Южный Казахстан” газетінің ықпал етуімен жүзеге асқан шараны қолдаған Түркістан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы облыс көлеміндегі нағыз баян аспабының құлағында еркін ойнайтын этнос өкілдерін бір сахнаға жинады.

Осыдан бір жеті бұрын аталған байқаудың өтетіндігі әлеуметтік желілерде хабарланған болатын. Содан бері еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін додаға қатысуға ниет білдіріп, өтініш тастаған. Бүгінгі байқауда Шымкент қаласы мен Түркістан облысы аудандарынан ұзын саны – 30 үміткер бақ сынады. Кәсіби және әуесқой музыканттар баян аспабының сүйемелдеуімен халық әндері мен классикалық сарындағы әуендерді және заманауи авторлардың туындыларын өнерсүйер қауымға жолдады.

Жалпы, баянды жанына серік еткендер бүгінгі эстрадада фонограммадан алшақ жүріп, дайын музыкадан бас тартқандар. Орайы келсе шабыттанып, аспаптан шыққан әртүрлі әуенді әдемі әспеттеуге құмар жандар. Байқау барысында көрермендердің ыстық ықыласына бөленген қатысушыларды белгілі гармоншы, Халықаралық байқаулардың жеңімпазы Махмуд Үрімбаев бастаған қазылар алқасы бағалады.
Сонымен сенбілік кештің әрін ашқан байқау қорытындысы да белгілі болды. Алғашқы әуесқойлар арасында 3 жүлдені еншілегендер қатарында Изенко Николай Сергеевич, Серезидинов Илдар Гафрудинович және Бизгалов Алексея Петровичтер бар. Ал, арнайы “Кәсіби жас баяншылар” номинациясын иеленгендер Евтухов Александр Анатольевич, Пирматов Дінмухамед, Сұлтанбай Дәулет ІІІ дәрежедегі дипломдармен марапатталса, Қалдыбай Бекнұр, Қаршыбай Алмас, Мақұлбеков Медет ІІ дәрежелі диплом иелері атанды. Моисеев Данил, Айнабек Ернұр, Паршин Константин І орынға лайық деп танылды. Көптен күткен байқаудың Бас жүлдесін Нұрислам Нышанбаев жеңіп алды. Байқауда бағы жанған жүлдегерлер кешкі Гала концертте тағы да өнер көрсетуге мүмкіндік алды.
АҚМАРАЛ ҒАНИҚЫЗЫ