ТҮРКІСТАНДЫҚТАР ЛГБТ-ҒА ҚАРСЫ НАРАЗЫЛЫҚТАРЫН БІЛДІРДІ

780 көрілім

          17 мамыр – гомофобия, трансфобия мен бифобияға қарсы күрес күні.  1990 жылы дәл осы күні Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас ассамблеясы гомосексуализмді психикалық сырқаттар тізімінен алып тастаған болатын. Ал халықаралық гомофобияға қарсы күрес күні ресми түрде 2003 жылдан бастап атап өтіледі. Осыған байланысты бүгін әлеуметтік желіде «Feminita» қозғалысының белсенділері Жанар Секербаева мен Гүлзада Сержан Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңында ЛГБТ туын көтерген суреттерді желіге жүктеген болатын. Аталған жазбада:

– Халықаралық гомофобия, лесбофобия, трансфобияға қарсы күрес күні құтты болсын! Біз, Феминита, адамдардың құқықтарын қорғау үшін бәрін жасаймыз, мониторинг жүргіземіз. Тағы да айтарымыз – біз өз жерімізде өмір сүреміз және заңды құқықтарымызды пайдаланамыз. Ал егер олар бұзылса, біз оларды қалпына келтіру үшін бәрін жасаймыз. Біз көптеген одақтастарымызды, феминистерді, белсенділерді жинағанымызды мақтан тұтамыз және олардың барлығы біздің феминистік принциптерді қолдайды. Біздің рухымыз жеңілмейді!  – делінген.  

Бұл жазба қазақстандықтардың және қала тұрғындарының наразылығын тудырды. «Сан ғасырлық салт-дәстүріміздің, асыл дініміздің темірқазығы болған Түркістанда мұндай бассыздыққа жол бермеу керек»,  «бұл арсыз құндылықтарға заң аясында шектеу қою керек»- дейді желі қолданушылары. Түркістан қаласындағы зиялы қауым өкілдері де киелі қалада мұндай жат қылықтарға жол берілмеуге шақырды. Құзырлы органдар мен жауапты мекемелер мәселенің мән-жайын анықтауда.

Осы мәселеге қатысты 12 сәуірде өткен  мәжілістің жалпы отырыста депутат Ардақ Назаров ЛГБТ-ға тыйым салуды ұсынған болатын. Оның айтуынша,  ақпараттық кеңістікте біржынысты неке, жыныс ауыстыру мәселелері еркін насихатталып жүр. Бұл – дүниетанымымызға жат нәрсе. Сондай-ақ, қазір жекеменшік мектептерде, Астана, Алматы сияқты ірі қалаларда гейлердің насихаты белсенді жүріп жатқанын да ескерте кетті.

Айта кетейік, «Feminita» қозғалысының белсенділері Жанар Секербаева мен Гүлзада Сержан парақшасында жарияланған суреттер мен бейнеқұттықтаулар осыдан бірнеше күн бұрын түсірілгені белгілі болды.

ДӘУРЕН ТІЛЕУХАН.

*суреттер әлеуметтік желіден алынды

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы