ТҮРКІСТАНДА ЖАТ ҚЫЛЫҚТЫЛАРҒА ЖОЛ ЖОҚ!

576 көрілім


Жақында Facebook әлеуметтік желісінде Түркістан қаласындағы жаға ұстатқан жағдай туралы ақпарат тарады. Бұған қала орталығында орналасқан The Baza мейрамханасының инстаграм парақшасындағы суреттер себеп болды. Ақпараттарға сәйкес аталмыш мейрамхана иесі 7-мамыр мерекесі қарсаңында киелі қалаға стрептиз билейтін қыздарды шақырып, алдын ала жарнама жасаған. Халықтың айтуынша мейрамхана парақшасындағы қыздардың жалаңаш мүсіндерін желіге жүктеген бұл жағдай бұған дейін де бір-екі рет қайталанған. Бағанға асылып билейтін қыздар үшін бағдарлама жасап, жаранға жар салған демалыс орнының бұл әрекетіне түркістандықтар наразылық білдірді.

Инстаграм, Facebook әлеуметтік желісінде таралған бейнежазбалар бірнеше күн ішінде 20 мыңнан аса көрілім жинап, оларға 5 мыңға жуық пікір жазылған. Даулы мәселенің мән-жайын анықтауда қаламыздағы бір топ белсенділер үн қосып, бассыздықтың алдын алуға үлес қосты. Атап айтсақ, шаһардағы ақсақалдар алқасының мүшелері мен қаламыздың бас имамы Мұхамеджан Ергешбайұлы бастаған бірқатар ел жанашырлары аталған демалыс орнына барған болатын.

– Біздің қаламыздың 90 пайызын мұсылмандар құрайды. Мұндай әрекет біздің салт-дәстүрімізге жат. Әсіресе ата-баба, билер, хандар, ел қамын жеген тұлғалар осы қасиетті мекенде жатқандықтан, бұл жағдай біздің халыққа ауыр тиді. Сонымен қатар, қазіргі таңда ел арасына іріткі салушылар көп болғандықтан, жастарымызды жат тәрбиеге жетелейтін нәрселерден аулақ болуға үндеу мақсатында түсіндірме жұмыстарын жүргізу үшін барған болатынмын. Сол жерде қариялар, ел ағалары жиналғанда мейрамханадағы әкімші қыздарға «Біздің қала мұндайды қабылдамайды, ұят болады»- деп айтуға тырыстық. Бірақ өзіміздің қаракөз қыздарымыз менсінбеушілік танытып, айтпағанымызды айтты деп тауып, жала жапқан сәті де болды.
Алдағы уақытта мұндай нәрселер болмаса деп тілейік. Берген анықтама, үндеуімде айтқанымдай, бейбітшілік пен татулық мақсатында бұл жағдайлардың алдын алу жолында аянып қалмайтынымыз анық, -дейді қаламыздың бас имамы М.Джумадуллаев.
Бұрын соңды болмаған бұл оқиғаны бейнежазбадан көрген қазақстандықтар да қалыс қалмауда. Олардың айтуынша, стриптиз-шоуды қоғамның әр санаттағы мүшелері баратын мейрамханадағы дастарханда көрсету заң бойынша қатаң жазалану керек.
Айта кетейік, жаһандану үрдісін желеу еткен жөнсіздікке жол бермеуді белсенді азаматтар бұдан былай бақылауда ұстайтындарын жеткізді.
Дәурен ТІЛЕУХАН.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы