ЖЕҢІСТІ ЖАҚЫНДАТҚАНДАРҒА ЖАҒДАЙ ЖАСАУ- ПЕРЗЕНТТІК ПАРЫЗЫМЫЗ

1  370 көрілім

Ұлы Жеңіс мерекесін еліміз жылда дәстүрлі түрде мерекелейді. Алайда, соғысқа қатысқандар қатары күн санап сиреп барады. Қазір екі ардагеріміздің ғана көзі тірі. Әбжаппар Дайрабайұлы мен Немет Абдрасиловтардың өзі ғасыр жасаған тұлғалар деуге болады. Сондықтан да, алдағы уақытта тыл, ауған соғысы және отты нүктелердегі соғыс ошағында болған жастарымызға көп көңіл бөле бастауымыз керек. Өйткені, кез -келген мемлекетте патриоттық тәрбие мәселесі алдыңғы орында тұрады.

Шындығында, Жеңіс күні – 9 мамырды қарсы алу мен мерекелеуді салтанатты өткізу, бұл отанға деген патриотизм мен сүйіспеншіліктің, қазақстандықтардың, әсіресе, жастардың рухани дамуының көрінісі. Аға ұрпақтың өз кезегіндегі міндеті – өскелең ұрпақ бойында жалпы азаматтық құндылықтарды, Отанға деген адалдықты, халыққа адал қызмет етуді, ант алдындағы беріктікті, еңбекқорлықты, заңды құрметтеуді, аға ұрпаққа деген сыйластық пен құрметті қалыптастыру. Осыған орай «Ардагерлерді ардақтайық» акциясына жыл сайын қаланың барлық ұйымдары түгелдей дерлік қатысады. Жастар мен өскелең ұрпаққа білім беретін ұйымдардың бәрінде «Ерлік сабағы» аясында оқушылар мен студент жастармен, еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізіледі.

Жеңімпаз солдаттардың даңқты ерлігі халықтың жадында мәңгі сақталады. Бұл 1941-1945 жылдары Отанды қорғаған аға ұрпақтың ерлігі мәңгілік есте қалатынының, жастардың әрдайым сол ерлікке тағзым ететіндігінің дәлелі.

Ерлік тарихы ешқашан ұмытылмауы тиіс. Жастарға үнемі үлгі-өнеге болатын ардагерлеріміз баршылық. Атап айтсақ, соғыс майданында қан кешіп, ересен ерліктің үлгісін көрсетіп, Кеңес Одағының батыры атақтарына ие болған Құрбанбай Рысбеков, Абдолла Үсенов, Файзулла Юлдашев және Расул Исетов сынды аға буынды мақтан тұтамыз. Сонымен қатар бүгінгі күнгі ұрпаққа үлгі болардай Немет Абдрасилов, Фазыл Азимов, Әбжаппар Дайрабайұлы мен Қалдар Исахановтай қарияларымыз бар. Олардың кешегі өткен алапат соғыстағы ерліктерін паш ету мақсатында қаланың көрікті жерлеріне баннерге салынған суреттері ілінді. Күнделікті өмірде жиі қолданылатын «патриотизм», «Отанға деген сүйіспеншілік», «Мәңгілік ел» ұғымдары жәй айтыла салған жалаң сөз емес, оның тамыры тереңде жатқан рухани ұлттық ұғым. Соны жастарымыздың санасына сіңіру аға ұрпақтың қоғам алдындағы парызы.

Бүгінгі таңға Түркістан қалалық ардагерлер ұйымының құрамында 20 бастауыш ардагерлер ұйымы болып, олардың есебінде барлығы 14240, оның ішінде Ұлы Отан соғысына қатысқандар – 2, тыл ардагерлері – 425, оның ішінде соғыс майданында қайтыс болған жауынгерлердің жесірлері – 24, жалғыз басты қарттар саны – 3 ардагер (зейнеткер) тұрады.

Өздеріңіз білесіздер, өткен жылы шілде айында сайлау конференциясы ұйымдастырылып, өткізілді. Осы конференцияның қорытындысымен бірқатар ұйымдастыру мәселелері қаралып, ардагерлер ұйымының төрағасы мен оның екі орынбасары және отыз жеті адамнан тұратын ардагерлер кеңесінің құрамы бекітілді. Жаңа құрамдағы ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен есеп беру кезеңінде ардагерлер кеңесінің бір пленумы, ардагерлер кеңесі алқасының бес отырысы және ардагерлер ұйымының үш жиналысы өткізілді. Ардагерлер кеңесімен есеп-сайлау конференциясынан бері мыңнан астам қатысушыны қамтыған төрт семинар-кеңес ұйымдастырылып, өткізілді. Ардагерлер туралы және олардың тұрмыс тіршілігі жайлы бұқаралық ақпарат құралдарында отызға жуық мақала, әлеуметтік желілерде көптеген материалдар жарияланды.

Ардагерлердің жеке шығармашылықпен айналысулары нәтижесінде үш кітап жарыққа шығарылды Оның ішінде зейнеткер Сағынтай Жүзеновтің «Жастарға ақыл кеңес», «Өнегелі өмір жолы» кітаптары, Гүлжаз Қарыбектің ардагеріміз Жарқынбек Құлбайымбетов жайлы «Ұстаз» атты кітабы жарық көрді.

Ұйымның ардагерлері қала көлемінде он мыңнан астам жастардың қатысуымен өткізілген жиырмаға жақын ірі көлемдегі іс-шараларға белсене қатысып, ол жерлерде жастарды қазақстандық патриотизм, ата-бабамыздың үздік салт-дәстүрлері негізінде тәрбиелеу жұмысы бағытында мағыналы әңгіме-кездесулер өткізді.

Есеп беру кезеңінде ардагерлер кеңесіне қатардағы ардагерлерден өздерін ұйымға қабылдау, үйлеріне табиғи газ енгізу және басқа бағыттағы мәселе бойынша ондаған арыз-өтініш түсіп, олардың барлығына дер кезінде қанағаттанарлықтай жауаптар берілді.

Халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мәліметі бойынша тоқсанға жақын ардагердің тұрмыстық жағдайына тексерулер жүргізілген және тиісті әлеуметтік көмектер көрсетілген. 337 ардагер шипажайларға жіберілген.

Ардагерлер ұйымының мүшелері жастарының ұлғаюына қарамастан қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, қала көлеміндегі өткізіліп жатқан көптеген мәдени-танымдық және спорттық іс-шараларға қатысып келеді.

Қалалық мәдениет және спорт бөлімі мен облыстық «Фараб» әмбебап кітапханасының негізінде аудандар мен қалалардың тараптарынан ұйымдастырылып өткізілген «Рухани жаңғыру» керуендері кезінде біздің ардагерлердің белсенділігі ерекше көрінді.

Ардагерлеріміз қала көлемінде өткізілген «Өзбекәлі Жәнібековке-90 жыл» дөңгелек үстеліне, «Жүректен жүрекке» қайырымдылық акциясына, «Ясауи кесенесіне жарық беру», «Отбасымен он тал ек» акциясына, «Әжелердің киіз басу өнері», «Ясауитану» оқушылар арасындағы республикалық байқауға, «Құран Кәрімді мәнерлеп оқу мен жатқа айту» республикалық байқауға, «Ерлік-елге мұра» акциясына, «Ел алғысы-Еңбекке» акциясына, «Қала әкімінің шыршасы» және басқа да ауқымды мәдени іс-шараларына қатысып, белсенділіктерін танытты.

Сонымен қатар, қала әкімі Нұрбол Тұрашбековтың ұйымдастыруымен өткізілген қаланың жаңа құрылыстарына саяхат жасау, «Қарттар күніне», «16 желтоқсан-ҚР Тәуелсіздік күніне», «9 мамыр – Жеңіс күніне» орай жасалған іс-шараларына ардагерлеріміз қатысып, қаламыздағы Райымбек Сейтметов атындағы сазды-драмалық театрдың бірнеше қойылымдарын және жаңадан ашылған сазды-драма театрында «Бөрте», «Фариза» және басқа да спектакльдерін тегін көрулеріне мүмкіндіктер алды.

«Әкелер мектебі» бағдарламасының аясында соңғы айлардың өзінде қаламыздағы №14 жалпы орта мектеп, М.Әбенова атындағы жалпы орта мектеп, №1 А.Байтұрсынов атындағы мектеп-лицей, №28 мектеп-лицей, №16 Т.Бигелдинов атындағы жалпы орта мектеп, №4 С.Сейфуллин атындағы мектеп-лицей, №18 М.Жұмабаев атындағы жалпы орта мектеп, №17 Ататүрік атындағы мектеп-лицей оқу орындарында арнайы сабақтар ұйымдастырылып өткізілді. Сонымен қатар, осы мектептерге бекітілген ардагерлеріміз бен ардагерлер кеңесінің мүшелері белсене араласа отырып қатысты.

Қала көлемінде қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, өздерінің азаматтық парыздарын ардагер ретінде абыроймен атқарып жүрген көптеген ардагерлеріміз тиісті марапаттар мен мадақтауларға ие болып отыр. Атап айтқанда, тек өткен жылдың шілде айынан бері әр түрлі атаулы күндерге орай («Қарттар күні», «Тәуелсіздік күні», «Халықаралық әйелдер күні», «Бірлік күні», «Жеңіс күні») қала әкімі мен қала мәслихатының алғыс хаттарымен 100-ге тарта ардагеріміз (оның ішінде 12 ардагерге үйіне апарып берілді), облыстық «Фараб» әмбебап кітапханасы дирекциясының алғыс хаттары және бағалы сыйлықтары мен 10 ардагеріміз марапатталса, 5 ардагеріміз Түркістан қаласы әкімі мен қалалық мәслихаттың шешіміне сәйкес «Түркістан қаласының құрметті азаматы» атақтарына ие болып, арнайы төс белгілерімен марапатталғандықтарын мақтанышпен айта аламыз.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылдың 2 желтоқсанындағы Жарлығына сәйкес 1 ардагеріміз «Халық алғысы» және 14 ардагеріміз «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталып, барлығымызды қуанышқа бөледі. Одан басқа сегіз ардагеріміз қоғамдық ұйымдардың тарапынан «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» қоғамдық естелік медальдарымен марапатталғандарын айтуымыз керек.

Қазіргі таңда біздің ардагерлер ұйымы тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Дегенмен алдағы уақытта қоғамдағы бірлік пен ынтымақты, тұрақтылық пен бейбітшілікті, тәртіп пен тыныштықты дәріптеуде, жастарымызды озық үлгідегі салт-дәстүріміз негізінде тәрбиелеуде біздің атқарар жұмыстарымыз жеткілікті. Сондықтан, барлығыңызды осы бағытта аянбай еңбек етуге және белсенділік танытуға шақырамын. Ендеше Ұлы Жеңіс күнінің қарсаңында барлықтары-ңыздың отбасыларыңызға және өздеріңізге зор денсаулық, ырыс-дәулет, бақ-береке, ынтымақ пен бірлік тілеймін.

Ж.ҚҰЛБАЙЫМБЕТОВ,

Түркістан қалалық ардагерлер ұйымы кеңесінің төрағасы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы