Ұлы ақын, қоғам қайраткері, публицист және дипломат Олжас Сүлейменов фашизмге қарсы Ұлы Жеңісті жақындатуға үлкен үлес қосқан қазақстандық батырлардың ерлігі, өзгертуге келмейтін тарихи шындық туралы ой толғайды.
– Олжас Омарұлы, Сізді мамырдағы 1-мамыр және 9-мамыр және өзіңізге ерекше 18 – мамыр туған күніңізбен құттықтауға рұқсат етіңіз!
– Және ежелгі тарихтың сақтаушысы Мұражайлар күні де құтты болсын! Оның сыртында менің өзім де Мәдениетті жақындастыру орталығы – мемлекеттік мұражайының жетекшісімін.
– Қазіргі таңда не туралы жазып жатырсыз, не туралы жазып қойдыңыз?
– Мемуарлық жанрды игеріп жатырмын. Өзімнің жасым да осы жанрға сәйкес келеді. Ежелгі тарихпен айналысу да біраз нәрсені еске түсіреді. Көптеген тағдыры қилы да қызықты жандармен көп кездестім. Олардың әрқайсысы менің ұстазым болды десем болады. Осы мамыр мерекелері майдангерлерді еске түсіреді. Туыстарымнан Фазыл, Артық көкелерім есіме түседі. Анамның ағалары Алматыдан соғысқа аттанып, шақырылған жеріне қайта оралды. Бірі – Лейпцигтен майор болып, екіншісі Прагадан капитан болып оралды. Анамның үлкен ағасы Құрбан көкеміз соғыс басталған тұста қаза болды. Мен ол туралы «Атаусыз биік» деген өлең жаздым.
«Полктан қалың қалды тек, отыз екі найзасы…»,-дей келіп, адамның есімін тарихта қалдыруды мақсат еттім. Егер молда балаға басқа ат қойғанда, бәлкім, ол тірі оралар ма еді? Құрбан сөзінің мағынасы – «жертва» (қаз.).
– Сіздің Бауыржан Момышұлымен кездескеніңіз туралы білеміз.
– Дос болдық деп айта аламын. «Артымызда Мәскеу» атты фильмді бірге жаздық. Мен ол туралы сұхбаттарымда жиі айтып жүрмін.
– Сіз екі мәрте Кеңес Одағының Батыры даңқты ұшқыш Талғат Бигелдиновпен де дос болған екенсіз.
– Иә, Мен ол кісімен жиі кездестім. Ол менің көкем Артық Баделбаевпен жақсы дос болды. Талғат туралы «Он үшінші –ұшуға!» деген киносценарий жаздым. Ол кісінің шабуылдау ұшағының нөмірі 13 болған. Алайда, мен сексенінші жылдары Мәскеуге кетіп қалдым. Республикада, елімізде басқаша өмір басталды. Сондықтан сценаридің одан арғы тағдырын білмедім. Фильм жарық көрген жоқ. Сценарий жоғалды. Ізі де қалмады. «Қазақфильмде» мұражай болған емес, болмады да. Мұндай тарих сақталмайды. «Қазақфильмде» ғана емес, ежелгі тарих есімізде жоқ, қазіргі заман тарихын да білмейміз. Мен мұны мұражай басшысы ретінде мәлімдей аламын.
– Там-тұмдап болса да есімізде бар.
– Иә, білуге және есте сақтауға рұқсат еткендері ғана. Солайша бір буын тәрбиеленді. «Екі жердегі екі-төртті» білуге рұқсат берді. «Жеті жердегі жетіні» білуге рұқсат еткен жоқ. Осындай өлшемдегі шындықты айтуға рұқсат берілді. Ал, шындық бұл –дәрумен. Дәрумен мидың, түйсіктің, мінездің, рухани дүниеміздің дамуына азық.
– Сіз Әуезов, Шолохов, Шыңғыс Айтматовтармен кездестіңіз бе?
– Тізімді жалғастыра беруге болады.
– Бұлар әрине Бірліктер.
– Әрине, қазір тақырып мамыр мерекелері, Жеңіс күні ай бойына жалғасады. Сондықтан майдангер –жазушы Владимир Богомолов есіме түсіп отыр. Ол өзінің шамамен 1974 жылы «Қырық төртінші жылдың тамызында» атты «Новый мир» журналында жарық көрген романымен соғыс туралы жазатын әріптестері алдында ерекше беделге ие болды. Бірақ, ол соғыс тақырыбын ғана жазбаған болатын. 1976 жылы ол мені тауып алып, үйіне шақырды. Мәскеуге келгенде соған жиі жолығатынмын. Үйіне тоқтайтынмын. Бірде ол маған есікті ашып, мені үстелге шайға отырғызып, өзі сүйікті ісімен айналыса берді. Еденге төселген қолжазбадан көшірілген парақтар, ол тізерлеп және шынтағымен жылжып, мәтіндерді оқып, құлағына қыстырылған шарикті ручкамен түзетіп жүр.
– Асықпай шай іше бер. Маған әлі он минут керек.
Мөлдір шәйнектің түбінде ғана, суып қалған шәй. Богомолов менің қозғалысымды байқап қалып: «Суып қалып па? Жаңа Бондарев келіп еді, тауыспай кетті», – деді.
Ол орнынан тұрып, асханаға барып шәй қойды. Сол жақта сөйлеп жүр.
– Ол кеше маған хабарласып, жаңа қолжазбасын жіберді. Бүгін мен оны қарап, ескертуімді жасадым.
Ыстық шәйнекпен оралып, ыдыстарға құя бастады:
-Қантсыз ішемін. Сізге солай кеңес беремін. Тәтті шай тек мастықтан айығуға, бас жазуға көмектеседі. Сіз кеше қабылдаған жоқ па едіңіз? Юраның Берлинді алу жөніндегі мәтінінде –бір жарым беттік қателік бар екен. Екінші мамыр туралы жазыпты. «Соғыс аяқталды деп хабарлады. Солдаттар барлық көшедегі жасырынған жерлерінен жүгіріп шығып, аспанға оқ атып, құшақтасып, жылап көрісіп, шайдай ашылып, жарқыраған күн сәулесі беттерін жуған жасты кептіріп жіберіп жатты». Басқа да толып жатқан көркемдікке беріліп кеткен әдеби тұстары бар екен. Мен айттым: «Юра, сен ол күні Берлинде болған жоқсың. Бұл көрініп тұр». Ол таң қалды: «Қалай болған жоқсың?! Менде құжаттарда жазулы!». «Құжаттарда небір болмаған нәрселер жазыла беретіндігін біз екеуміз білеміз. Бұл бетте жартылай шындық жазылған. Екінші мамырдағы Берлинге шабуыл жасалып, жеңіске жеткені – бұл шындық. Ал, күннің шайдай ашылып тұрғаны, бұл өтірік. Екінші мамырда Берлинде түннен басталған жауын күні бойы тоқтамады. Юра, бұл бетті қайта жазып шық!». Ол өкпелеп қалды: «Иә, ол кімнің есінде қалды дейсіз. Бұған ешкім де көңіл аудармайды». Сонда мен айттым: «Юра, жазушы шындықтың қорғаушысы. Шындықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуші, күзетші. Сондықтан, бізге өтірік айтуға болмайды. Ең арғысы, қателік жіберуге де болмайды».
Юра шәйді тауыспай, сол парақты қайта жазуға кетіп қалды.
Мұндай сабақты ешқандай Әдеби институт та бермейді. Тек өмірден аласыз. Осындай бірнеше сабақтар мен тәрбиешілерім менің жазушылық жайдағы шындыққа қатысты ой-пікірімді шыңдады. Олармен кездесуде шығармашылықтағы шынайы тазалықты сақтау жауапкершілігін аласыз. Шындықтың бұрмаланғанын көрсеңіз, өзің соны қалпына келтіруге ұмтыласың.
– Олжас Омарұлы, Сіз Трамптың 1945 жылы 8 мамырда неміс фашизмін Америка мен Англияның жеңгені туралы жариялағанын естіген боларсыз. Кеңес Одағы туралы бір ауыз сөз жоқ. Әлем осы өте өрескел бұрмалаушылықты тыңдағанымен, ешкім де көңіл қойған жоқ. Тек 93-тегі бір американдық қарсы пікір білдірді. Жас американдықтар мен британдықтарға әсер еткен де жоқ. Жастар да алдыңғы буындар да шындықтан алыс пікірмен тәрбиеленді.
– Иә, жыл өткен сайын шындықтан бірте-бірте алыстап барамыз. Егер де жылнамашы адамзаттың ақыл-ойын философия билейтіндігінен хабардар болса, онда шындықтан алыстаған сайын өскелең ұрпақтың бір-бірінің өкшесін басып, артымен келе жатқанын боямасыз суреттер еді. Шындықтан алыстаған әр жыл сайын адамзат шұңқырлар мен құлама жарларды байқамайды.
– Трамп – ол түсінікті. Алайда, Ресейде сол қырық бесінші жылғы шындықты білетіндер тірі. Кезінде КСРО құрамында болған республикалардың тірі куәсі майдангерлері де тірі. Қазақстандықтардың да жеңісті басынан бастап, аяғына дейін жеткізгендер шындықты білетіндер тірі. Олар 28 гвардиялық –панфиловшылар. Ол Рейхстагқа ту тіккен Рахымжан Қошқарбаев.
– Иә, әзірге тірі. Алайда, БАҚ пен кино бұл шындықты, өтірікті қосып, былықтырып беріп отыр. Құрамы көрінбейтін сылдыр сулы суп секілді. Жақында Ресей теледидары 8- мамырда 28-панфиловшылар және әбден жарнамаланған «Ржев» фильмін көрсетті. Бір сөзбен айтқанда, екі фильм де кинокөшірменің жинағы. Кеңес Одағындағы «соғыс» туралы фильмдердің көбінде кездесетін идеологиялық маңызды көшірмені көрсетпеуімен ерекшеленеді. Ол кездегі батырлар мен көріністер құрамында ұлттық азшылықтардың өкілдері –армян, қазақ, грузин, өзбек және басқалар тұрақты түрде көрініс беретін. КСРО тараған соң, «интернационализммен» суарылған ресми және тұрмыстық осы штамп жоғалды. 28-панфиловшылар лентасында бірнеше рет кадрдың алыстау тұсынан Калмыкияның актері пулеметімен көрінді. Бұл өз кезегінде қазақтардың Мәскеуді қорғауға қатысқанын еске түсіреді. «Ржев» фильмінде сол қалмақты да таппайсыз. Ал, 1991 жылы Волоколамск даңғылында және Ржевте шындығында қазақтар не тындырды? Мен бұл шындықты алыстан бастайын. 1941 жылы 1-маусымда еліміздің батыс шекарасын Қызыл Армия қорғап тұрды. Оның құрамы 4 млн 200 мың әскермен Еуропадағы ең ірісі еді. Үш айда 4 млн адам өліп және тұтқынға алынды. Бұл құжаттағы факті.
Блицкригтің бастапқы жоспары бойынша Гитлер соғысты мамырда бастап, егер де солай болғанда, суық түскенге дейін қыркүйекте аяқталуы тиіс еді. Алайда, Алланың қалауымен бұл мерзім кешеуілдеді. Немістер Мәскеуді бетке алды. Украина, Балтық жағалауы, Белоруссия жау қолында қалып қойды. Кавказдың жолы кесілді. Енді шұғыл түрде қайдан жаңа құрамды жасақтауға болады. Винтовка ұстай алатындардың барлығы Волга, Орал, Каспий жағалауларында, Қазақстанның батыс облыстарында, одан кейін оңтүстік облыстардан болды. Мәскеуге күйрете соққы беру үшін- Волоколамск және Ржев даңғылдары таңдалды. Басты даңғылда Панфилов дивизиясы тұрды. Ол қазан мен қараша айларында Қазақстан мен Орта Азиядан шақырылып, эшелонмен жеткізілген әскерлермен үш рет толықтырылды. Ржев түбінде 100-ші бригада (Алматы), 101-ші (Ақтөбе), 102-ші, 103-ші болып кете береді.
Бірнеше жыл бұрын Ақтөбе облысының әкімі Елеусін Сағындықов облыста жұмыс жасайтын жеке мұнай компанияларының көзін жеткізе отырып, оның ішінде қытайлар да бар, Ржев түбінен мемориал тұрғызуға қаржы жинады. Мәскеудегі біздің елшілігіміз архивты ақтарып, қаза тапқандардың есімін қайта жаңғыртты. Ондаған мың есім қалпына келтіріліп, танылды. Олардың есімдері гранит тақтайшаларға қашалып жазылды. «Ржев» кинокартинасының авторлары түсірілім басталғанға дейін, осы мемориалмен танысуы керек еді. Сонда жер жастанған солдаттар орыстар, қазақтар мен қазақстандықтар әлі әскер қатарына алуға жасы жетпегендер, кино батырларындағы жауды жайратып жатқан автоматты түсінде көретін. Жаңадан әскерге шақырылғандар қолдарына автомат ұстап көрмегендер еді. Шақырылғандардың барлығына бірдей ең арғысы – үш линейкалы винтовкалар да жетіспеген.
Карантин ТД арқылы кинофильмдер көруге мәжбүрледі. Осындай шедеврлерді көріп отырып, мен ойландым. Менің ойымша, осы аса қорқынышты соғыстың басталғаны туралы нағыз фильм, жергілікті тұрғындардың патриоттық рухтарын қанағаттандыру үшін емес, сол кездегі өмір шындығын көрсетуі тиіс еді. Көрерменнен біздің сол кездегі ойсырай жеңілуіміздің сырын ашып, гитлерлік дивизияның тамаша табысы, ал, соңында, турасын айтқанда, екі социалист-диктатордың әлемді социалистік етуге уағдаласқандарын жасырмауымыз керек еді.
-Соғыс қарсаңында Сталин әскери қолбасшылар мен саяси көсемдерді қынадай қырған жоқ па?
– Сталин одақтасының алдында үрейленбек түгілі, соғыс басталғанға дейінгі қысқа мерзімде Қызыл Армияның маршалдарынан бастап, майорлармен, капитандармен аяқтап, командалық құрамды жойды. Ғаламшарда социализм жеңісін орнатуға жиырма жылдан астам уақыт бойы кәсіби әзірленген Қызыл Армияны басқарусыз қалдырды. 41-ші дивизияға кешегі лейтенанттар, полкқа –сержанттар, армияға –штабтағы дарынсыздар басшылық жасады. Сталин маңында талантты тұлғалардың болғандығын қаламады. Өзінің креслосы үшін қорықты. Ең арғысы, өзінен сәл ұзындау адамдарды маңына жуытпады. Джугашвилидің қасында бойы өзінен 5 сантиметр қысқа – Буденный мен 3 сантиметр кіші Ворошилов қана қалды. Азамат соғысынан келе жатқан кәрі-құртаң қазіргі заманғы армияны басқаруға қауқарсыз еді. Гитлер саны жағынан Еуропадағы ең көп әскердің, алайда, әлсіз тұстарын дөп басты. Соған да байланысты қазіргі заманғы Батыс КСРО-ның Гитлермен соғыстағы жетекшілік рөлін танымайды. Олар соғыс туралы жазған шыншыл жазушы-майдангер Виктор Астафьевтің жеңіске қалай қол жеткіздік: «Біз өзіміздің теңіз боп, суша аққан қанымызға немістерді бөктірдік» деген сөзін жоғары бағалайды. Бұл шындық!
-Екінші жаһан соғысына қанша адам қатысқанын, әлі күнге дейін Кеңес Одағынан қаза тапқандардың нақты санын жасырып келе жатқаны шындық емес пе?
-Иә, дұрыс айтасыз. Біздің жоғалтқанымыз туралы сан өзімізге кереғар пікірге жетелейді. Американдықтар еуропалық майданда 150 мың, ағылшындар бес жылға созылған соғыста -200 мың боздағынан айрылды. Ал, Кеңестер Одағының шығыны қанша? Нақты цифрлар әлі күнге дейін белгісіз. 1946 жылы Германия өзінің соғыстан келген адам шығындарын есептеді. Бес жылда әскери және азаматтық саладан – 8млн адам деп жазды. Сталин сол кезде бізден шығын болғандар санын 7 миллион адам деп мәлімдеді. Оның ойынша, жеңімпаздың шығыны жеңілгеннен аз болуы тиіс. Басқаша айтқанда – зор шығынмен келген (Пиррова победа). Бұл қулықты жарыққа шығарған Хрущев жалпы шығынымызды 20 миллионға жеткізді. Горбачев одан да асып кетіп, шындыққа келетін -27 млн деген санды жариялады. Өткен жылы мамырда ғалымдар ең соңғы шынайы санды – 42 миллионды атады. Алайда, Путин Жеңіс туралы ғылыми бағаны жариялауға батылы жетпей, Горбачев келтірген 27 миллионды қайталады. «Әрине, бұл да –Пиррова, бірақ алдыңғылардай емес!». Осы қорқынышты сандарды есептей отырып, елімізге келген және халқымыздың басына түскен нәубетті шынайы түрде бағалайтын болсақ, онда қолбасшы және саяси гений генералиссимус Сталиннің бет-бейнесі айқындалады.
– Соғыстан қанша майдангер қазақтар оралмады?
– Қазақстандықтар – миллионға жақын. Қазақтар -350 мың. Сол кезде өз отанымыздағы қазақтың саны екі милионнан сәл-ақ астам болды. 30- жылдардағы сталиндік реформадан кейін қазақ ауылдары қаңырап қалды. 1926 жылғы жыл санағында қазақтар саны 6 миллион 200 мың болды. Басқаша айтқанда, колхоздастыру, индустрияландыру, және мәдени құрылымдау секілді дарынсыз бейбіт реформалар салдарынан ғаламды жайлаған жаһандық соғыстан да көп шығын келтірілді.
Неліктен, біздің ғалымдарымыз осы уақытқа дейін осы парадокске назар аудармады? Неге осы уақытқа дейін біздің жазушыларымыз романдарына немесе пайымдауларына осы шындықты арқау еткен емес. Бұл білімдегі орны ойсыраған орашолақтық қоғамның интеллектуалдық және рухани өмірі жартылай шындықпен суарылғандықтан болып отырғаны түсінікті. Қоғамды социализмді феодалдық және ең арғысы құл иеленушілік қоғамда да, одан да сорақысы – алғашқы қауымдық қоғамда да құруға болады деген түсінікті қалыптастырғандықтан болып отырған жай. Сондықтан, этностар дарынсыз басқарушылардың үңгірдегі деңгейге дейін жеткізуіне келіскен сыңайлы. Мұндай басқарушылардан қалай құтылуға болады? Қоғам бұл тапсырмамен өзі ғана жеке күресіп жеңе алмайды? Мұны ХХ ғасыр көрсетті.
– Яғни, Ұлы Отан соғысында 350 мың қазақ қаза тапты. Американдықтар мен ағылшындарды қоса есептегенде, шығатын сан. Ол екі ұлы мемлекеттерде көп мөлшердегі миллиондаған халық тұрады. Ал, қазақтардың саны екі миллионнан сәл -ақ астам. Жеңісті жақындатуға қосқан аз халықтың үлесі жазушылар мен кинематографистердің тарихи тұрғыдағы бағасын алуы керек еді ғой…
– Бәрінен бұрын, қазақтардан. Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов, Рахымжан Қошқарбаев туралы бірде-бір кітап шыққан жоқ. Кітап өз алдына, бірде-бір салиқалы очерк, мақала, ең болмағанда эссе де шыққан жоқ! Өзінің халқын, оның батырларын, ұлы тұлғаларын сыйламау – қазір ғана пайда болған жоқ. Бұл өз кезегінде біздің ежелгі, орта ғасырлық, жаңа тарихымыздың болмағандығын білдіреді. Мен бұрын айттым. «Қазақфильм» Талғат Бигелдинов туралы сценариді сақтамаған. Оған қосымша Жазушылар Одағына «жылы» сөздер қосуға болады. Мен 1960 жылдың аяғында «әрбір Жазушылар Одағының мүшесі және әрбір біздің қатарымызға кіруші соғысқа қатысқандар туралы бір әңгіме, әскери оқиға туралы эпизод, естелік, соғысып жатқан армияның тіршілігі туралы жазып, Одақтың кітапханасына өткізіп қойсын» деген ұсыныс жасаған едім. Онда жиналған қор болашақта соғыс туралы роман жазатын прозаиктерге көмек болар еді. Бұл ұсынысқа съездің залы ду қол шапалақтады. Бірақ, өкінішке орай, бірде-бірі соғыстан оралған туыстары, көршісі, таныстарымен кездесіп, сөйлесуге талпынған жоқ. Ол кезде майдангерлер қатары көп еді. Біз теңдессіз бағалы қор жасақтаған болар едік. Жинамадық. Ең арғысы, мен үлгі ретінде өзім жазып, тапсырған дүнием де сақталмады.
– Біз осы соғыс туралы шынайы ақпаратты қайдан ала аламыз?
-Біз олар туралы тек ресми баспа-сөзде ғана жарияланған ақпараттардан ғана өте аз білеміз. Біз Бауыржан Момышұлы 1941 жылы қыста Кеңес Одағының Батыры атағын алуы тиіс екендігін, ал Президент Назарбаевтың табандылығымен тек өмірінің соңында ғана алғандығын білеміз.
– Ол оқиға былай болған. 1941 жылы қарашада жеделхат түсіп: «Панфилов дивизиясындағы екі қазаққа Алтын Жұлдыз – офицер мен қатардағы жауынгерге берілсін» делінген. Бауыржанды бірден алғы шепке шақырған. Ол артынша полк командирі ретінде корпус штабына жеткен. Онда – Әскери штаб мүшелері.
«– Аты-жөніңізді, әкеңіздің атын, әлеуметтік жағдайыңызды толығымен жазыңыз.
– Неге?!
– Сіздер мені үкіметтік наградаға ұсынып жатырсыздар. Ал, менің полкым қырылып жатыр. Сіздер маған қағаз толтыруға шақырасыздар?!
Деген де, Бауыржан Момышұлы бұрылып, атына мініп шепке аттанған. Әскери кеңестің мүшесі оның артынан қарап тұрып, тыныш қана марапаттау парағын жыртып тастаған. Бұл туралы, арада ондаған жыл өткен соң, тыныш қана тиісті құжатты толтырған Батыр атағын алған қатардағы жауынгер айтып берді. Бауыржан соғыстың аяғына қарай, полковник, дивизия командирі атанғанымен Жұлдызды алуға ұсынылған жоқ. Оның мінезі бейбіт заманда да, билік сатысымен өсуіне кедергі келтірді. Соғыстан соң, оны Мәскеудегі Әскери академияға тактикадан сабақ беруге жіберді. Алғашқы лекциясы. Толқу болғанымен сабағын өткізді. Академия бастығының кабинетінде оқытушылар армияда Бектің «Волоколамское шоссе» кітабынан даңқы шыққан жаңа әріптесін бірауыздан құттықтады. Бастығы да мақтады. Бірақ басқалар секілді шын жүректен еместігі байқалып тұрды. Мұны байқаған Бауыржан: «Жолдас генерал, ескертуіңіз бар ма?»,- деп сұрақ қояды.
-Бәрі де жақсы. Тек қана қазақша акцентіңіз кедергі келтіріп отыр. Осыдан құтылу керек.
Бауыржан кителін жедел киіп алып, нақты әрі анық түрде: -Жолдас генерал, осыдан қазір құтылуға рұқсат етіңіз? Пошел на хер! Акцентім жоқ па?». Оның профессорлық карьерасы осылай аяқталды. Міне, бұл жағдай туралы мәскеулік, Әскери академияның бұрынғы оқытушысы айтып берді. Біздің Бауыржан туралы қызықты материалдар менде аз емес.
1963 жылы Бауыржанмен бірге Кубаға бармай қалғаныма өкінемін. Бірақ сол барған кезіндегі қызықты жайлар есімде қалды. Сол кездегі Кубаның әскери министрі Рауль Кастро «Комсомольская правда» газетіне берген сұхбатында: «Куба Кеңес батырларынан кімді біледі?», деген тілші сұрағына Рауль: «Чапаев пен Бауыржан Момышұлын біледі»,- деп жауап беріпті. Сол кезде Бауыржан Момышұлының тірі екендігін білген Кубаның қорғаныс министрі Бектің кітабының әскери училищеде оқулық ретінде жүргізілетіндігін тілге тиек етіп, сол бойда, Бауыржан Момышұлын Кубаға шақырады. Баукең мені Жазушылар Одағында тоқтатып алып:
– Менімен бірге барасың ба, менің адъютантым боласың!
– Бара алмаймын, Бауке, ертең таң-ертең Сирияға ұшып бара жатырмын. Құжаттарыммен билетім қолымда.
Ол келгесін қақпаның алдына кубалық бір топ газетті әкеліп тастады. Газеттердің барлығының бірінші бетінде – ұшақтың трапынан түсіп келе жатқан Баукеңнің портреті. «Кеңес Одағының ұлы жауынгері Бауыржан Момышұлы, Куба топырағына хош келдіңіз!,-деген атпен ондаған журнал-дық суреттерімен берілген. Ол Қорға-ныс министрінің бұйрығымен тағайын-далған құрметті күзеттің командирінің басқаруымен кубалық дивизияның па-радын қабылдап тұр. Сол кезде «Қазақ әдебиеті Бауыржан туралы түкке тұр-майтын шағын ақпарат (жалкий пас-квиль) ешкімге белгісіз автордың шы-ғармасын берді. Біздің радиомыз, теле-дидарымыз «Казахстанская правда», не «Социалистік Қазақстан» Бауыржан Момышұлының Кубаға триумфпен қабылданған шарасынан жақ ашпады. Осындай дәстүрлі, өзінің тарихи тұлға-ларына бөлектеу көзқарасы әлі күнге дейін жалғасып келеді. «Өзіңнің Ота-ныңда пайғамбарлар жоқ және болуға тиісті емес!». Осылайша, ұлттық на-мыссыздық, азғындаушылық туындайды.
-Рахымжан Қошқарбаев-тың Рейхстагқа ту тіккені туралы оқиға бұрмаланып келе жатқан жоқ па, осының шындығы қайсы?
-Ол әңгіме Рахымжан Қошқарбаевтың соғыстың соңғы күні туралы өз қолымен жазып берген естелік әңгімесі болатын. Оның өзі жазған. Мен онымен Алматыдағы Октябрь көшесіндегі моншаның дирек-торы болып жұмыс істеп жүрген кезін-де әңгімелестім. Сонда достастық. Одан кейін Алматыдағы Калинин кө-шесіндегі ең жақсы қонақүйдің дирек-торы болған кезінде де, кеңсесіне кір-дім. Оны бар шындықты айтуға үгітте-дім. Тек қана шынайы шындықты, ешнәрсені жасырмай жазуға кірісті. Ол тап мен сұрағандай 30 сәуірдегі түн-дегі барша болған оқиғаны жасырмай, орденді Булатов екеуінің Рейхстагқа жер бауырлап барғанын жазды. Кейін, арада ондаған жылдар өткен соң, маған оның әңгімесінің басқа тапсырыс бойынша жазған жаңа вариантын көрсетті. Мен ол әңгімеден батырдың образын ірілендіру үшін Рейхстагқа шабуылдағандар туралы ойдан қосылған тұстарды байқадым. Бұл картина «ресми орындарда» айтылып жүрген картинаға қарама-қайшы емес болатын. Маған карантин кезінде «Новая газетаның» 9-мамырға әзірленген қағаз түріндегі нөмерін әкеліп берді. Оның алғашқы екі беттеріндегі Н. Жилиннің Григорий Булатов пен Рахымжан Қошқарбаев туралы мақаласын оқыдым. Онда Рахымжан Қошқарбаевтың алғашқы авторлық таза шындыққа құрылған әңгімесінің жұрнағы да қалмаған. Тек қана көпірме қосымшалардан құралған. Мен сол алғашқы мәтінді әрбір сөзіне дейін ойыма шегендеп, жаттап алған болатынмын. Ол менің Рейхстагқа шабуыл жасаған жүздеген жауынгерлер туралы түсірілген кинокартиналар жасаушы «көркем әдеби шындыққа» көзқарасымды оятып, тәрбиеледі. Қошқарбаев Рейхстагқа ешқандай шабуыл жасалмағандығын жазды.
Рахымжан Қошқарбаев – ол да өз кезегінде пайғамбар. Ол маған соғыстың соңғы күніндегі шайқас туралы шындықты баяндады. Мен жастық шағымнан «Берлиннің құлауы» атты фильм есімде. Рейхстагқа шабуыл. Егоров пен Кантария күмбезге шабуылмен жетіп, Жеңіс туын қадады. Бұл эпизод Юрий Озеровтың барлық фильмдерінде бүге-шігесіне дейін қайталанды. «Азаттық» фильмінде сериал түсірілді. Енді нақты білдім: Берлинге шабуыл жасалды, Бірақ Рейхстагқа шабуыл жасалған жоқ. 30-сәуірде түнде бомбалаудан жартылай құлаған Рейхстагты ешкім де қорғаған жоқ. Империялық канцелярия басқа ауданда жертөледе. Қошқарбаев пен оның орденді досы Григорий Булатов ешкім оқ жаудырып жатпаған алаңнан, бос тұрған Рейхстагқа өтеді. Сол кезде Кеңес Одағының басқыншылар жаулап алған жерінен келген екі орыс әйел сөмке секілді керекті заттарды жинап жүрген көрінеді. Бірде-бір неміс кездеспеген. Қошқарбаев өзінің ышқырындағы қызыл жалауды шығарады. Мұндай қызыл матаны қалаларды азат етерде, әрбір алынған үйдің төбесіне қадау үшін офицерлерге тарататын. Рейхстаг алынды деп есептеуге болады. Булатовтың бойы кіші, әрі салмағы да аз. Рахымжан оны иығына отырғызып, ол Рейхстагтың кіре берісіндегі колоннаның төбесіне жалауды қадайды. Келесі күні таңертең колоннаның үстінде осындай ондаған жалаулар желбірейді. Сосын бір қызыл армияның жауынгері алаңды жүгіріп өтеді. Оны Қошқарбаев шақырып алып, ұсталған әйелдерді бөлімшенің жақын маңдағы штабына жеткізуді тапсырады. Ал, әңгіменің әрі қарай өрбуі, Егоров пен Кантария жөніндегі аңыздар, Рейхстагты алудағы қантөгіс кезіндегі ерлік істерге батырлық жұлдыздар аспаннан жауғандай беріледі. Мен бұл мәліметті кітабымда бұйыртса, жариялаймын. Мен онда әйелдерді штабқа жеткізген солдаттың да Алтын Жұлдыз алғанын айтамын. Ал, Алтын Жұлдызды Қошқарбаев та Булатов та алған жоқ. Олар ешқандай да ерлік жасамағандығын біледі. Ал, олай болса, Алтын Жұлдызбен марапатталғандар да ерлік жасаған жоқ.
«ОЛ ЖАС – ОН МОЛОДОЙ» жинағынан алынды.
Қазақшаға аударған:
Ескендір ЕРТАЙ.