«Алатау» медиа орталығында Сауран ауданы әкімдігінің брифингі өтті. Жиында аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев 2022 жыл және 2023 жылдың І тоқсан қорытындысымен бөлісті. Тарихы терең Сауранның өз алдына аудан болғанына жуырда ғана 2 жыл толған еді. Әкімнің есебінде өткен жылғы жеткен жетістіктер мен жеңістерді саралап, биылғы жоспарлар таныстырылды.
Аудан әкімі брифингке келген БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап беріп, олардың көтерген мәселелері бойынша жұмыстардың жүргізілетіндігін мәлімдеді. Ендеше, оқырман назарына Ғалымжан Қарабайұлының баяндамасын ұсынамыз.
Сауран ауданында 100 мыңнан астам халық тұрады, аудан аумағы 721,7 мың гектарды құрайды. Құрамына 12 ауылдық округі, 36 елді мекен кіреді. Жалпы халықтың 43,4 мың адамы жұмысқа жарамды, оның ішінде жұмыспен қамтылғаны 41,2 мың адам, жұмыссыздық деңгейі 5,0%-ды құрады.
ЖЫЛДЫҚ БЮДЖЕТТЕ ӨСІМ БАР
2022 жылдың қорытындысы бойынша бюджет кірісінің жоспары 1 миллиард 316,5 миллион теңге болса, нақты 1 миллиард 636,1 миллион теңге түсіп, жоспар 124,3%-ға орындалған.
Бюджеттің шығыс бөлігі жоспарындағы 7 миллиард 598,1 миллион теңгенің 99,9%-ы игерілді, 5,3 миллион теңгесі игерілмеген.
2023 жылға аудан бюджетінің жалпы көлемі 9 миллиард 135,2 миллион теңге құрады, оның ішінде жергілікті кірістер жоспары 2 миллиард 133,5 миллион теңге көлемінде бекітілді.
Жергілікті бюджетке түскен салықтар мен басқа төлемдер 2023 жылдың 3 айының қорытындысымен 583,5 миллион теңгені құрап, жоспар 145,0%-ға немесе 181,0 миллион теңгеге артығымен орындалған.
Бюджеттің шығыстар бөлігінде 3 айға жоспарланған 1 миллиард 511,4 миллион теңге 99,9 пайызға игерілді.
2022 жылдың қорытындысымен жалпы өңірлік өнім көлемі 101,0 миллиард теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 112,2%-ға өскен. Оның ішінде салалар бойынша атап өтсек:
Өнеркәсіп өнімін өндірудің негізгі үлесі 7 орта және 26 шағын кәсіпорындар есебінде. 2022 жылдың қорытындысымен кәсіпорындар – 8 миллиард 072,3 миллион теңгенің өнімін өндірген.
2023 жылдың І-тоқсанында 1 миллиард 843,8 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 104,1%-ды құрады. Ал, ауыл шаруашылығы саласында 2022 жылы жалпы өнім көлемі 87 миллиард 044,7 миллион теңгені құрады, нақты көлем индексі 101,7%-ға жеткен.
2023 жылдың І-тоқсанында жалпы өнім көлемі 6 миллиард 304,8 миллион теңгені құраған, нақты көлем индексі 104,1%.
Ауыл шаруашылығы бағытындағы «Ауыл – аманаты» пилоттық жобасына аудан бойынша 4 ауылдық округі енгізілді.
Атап айтқанда:
Қарашық ауылдық округінде 3 кооператив отбасылық сүт фермасын және отбасылық мал бордақылау алаңдарын ашуды жоспарлап отыр.
Оранғай ауылдық округінде 2 кооператив мал бордақылау алаңдарын ашу және жеміс-жидек, көкөніс өнімдерін өндіру, қайта өңдеу бағытын таңдаған.
Майдантал ауылдық округінде 2 кооператив отбасылық мал бордақылау алаңдарын ашуды жоспарлауда.
Ескі Иқан ауылдық округінде 2 кооператив отбасылық мал бордақылау алаңдарын және отбасылық сүт фермасын ашуды жоспарлауда.