РӘМІЗДЕРГЕ ҚҰРМЕТ – ПАРАСАТТЫЛЫҚТЫҢ БИІК ӨЛШЕМІ

490 көрілім

Мемлекеттік рәміздер – ұлтымыздың ең асыл құндылығының бірі. Ел егемендігінің символына баланатын көгілдір аспанмен астасқан Туымызды, қастерлі Елтаңбамызды, жүректерді шымырлатып, намысыңды жанитын Гимнімізді тек биіктен көрсету әрбір азаматтың міндеті. Осы құндылықтарға деген құрметті іс жүзінде жетілдіре түсу мақсатында Сауран ауданында «ҚР Мемлекеттік рәміздерін насихаттау және ұлттық стандартқа сай қолдану бағытындағы жұмыстар» тақырыбында әдістемелік семинар өтті. 

«Мен үшін жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» – дейді ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсарин. Сондықтан, аталмыш шараға қатысқан ұстаздарға бұл семинар байтақ даламыздың бойтұмарына деген құрметті одан әрі жақсарта түсудің тағы бір жолы деп қарастыруға толық негіз бар. Кездесуге арнайы келген Мемлекеттік рәміздерді насихаттау жөніндегі ұлттық орталығының директоры Хамза Руслан Пангерейұлы да аталмыш бастаманың маңыздылығын ескерусіз қалдыруға болмайтынын жеткізді. Себебі, Тәуелсіз еліміздің еркіндік белгісіне айналған рәміздеріміз жайында ең алдымен мемлекеттік мекемелерде тер төгіп жүрген азаматтардың білуі қажет.

Шынында да, ұлт құндылығының көрінісіндей болған рәміздеріміздерімізге бей-жай қарауға болмайды. Егемендіктің айғақтарының қадірін білгенімізбен, көп жағдайда олардың орналасу тәртібі назардан тыс қалып жатады. Осы орайда, бүгінгі кездесудің көпке сабақ боларына күмән жоқ.

«Елтаңба, Ту, Әнұран – Тәуелсіздігіміздің басты құндылықтарының көрінісі, бейбітішіліктің, бірлік пен келісімнің, өсіп-өркендеудің белгісі» – деген еді өз сөзінде ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев. Расында да, бүгінгі өткен семинарға қатысушылар рәміздердің қадір-қасиетін толықтай түсінуге мүмкіндік алды. Спикер Руслан Пангерейұлы ұлт нышанының шығу тарихына, авторларына тоқталып, оларда орналасқан символдардың өзіндік рөлі туралы толықтай таныстырды. Тәуелсіздік алғалы бері жасалған өзгерістерді айтып, маңыздылығына тоқталды. Рәміздердің қайда, қалай орналастырылуына да ерекше көңіл бөлінген. Семинар арқылы бейбітшілігіміздің төлқұжатына айналған символдармен тереңірек танысқан ұстаздардың, ауылдық округ әкім аппаратының, дербес бөлімдер мен мекеме мамандарының көкейдегі сауалдары қойылып, ашық, әрі айқын жауап берілді. Сауран ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі Қалеке Марат Ержанұлы тарихи мекенге арнайы ат басын бұрған Руслан Пангерейұлына алғыс білдіріп, аудан үшін кездесу маңызының жоғары екендігін атап өтті.

Досхан ТӨЛЕГЕНОВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы