Ауылда жарық болғанымен ескі бағандар баудың ішінде қалып кеткен. Ол бағандардың жалпы саны 17. Ескі ағаш бағандардың барлығы да жел соқса, баудың бұтақтарына сымы ілініп, сол сәтте жарық жалп етіп өшеді. «Оңтүстік жарық» мекемесінің басшылығы бұдан құлағдар. Алайда, олар ескі бағандарды жаңа цемент бағандармен алмастырып, қалың орман болып кеткен баудың ішінен шығару орнына, жақында ғана алмастырған есептегіш құралдарын жаңартуды талап етіп отыр екен.
Ауыл тұрғындары талға шығып ойнайтын, жеміс-жидек теретін балалары үшін алаңдаулы. Себебі, көп талдардың арасымен өткізілген сымдардан жауынды күндері ток қашса, балаларға өте қауіпті. Сондықтан, тұрғындар бау ішіндегі ескі бағандарды жол бойына шығарып, жаңаларымен алмастырса деген тілектерін айтады.
