ҚАСИЕТТІ ШАҺАРДАҒЫ ҚАДІР ТҮНІ

199 көрілім

Түркістан облыстық Қожа Ахмет Ясауи атындағы орталық мешітке Қадір түнін қарсы алу үшін келуші жамағаттың қарасы қалың болды. Өйткені, мың айдан да қайырлы, қасиетті Құран Кәрім түскен Қадір түнінің сауабы 83 жыл жасаған мінәжаттың сауабымен тең. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биылғы Қадір түнін сәуірдің 17-сінен 18-іне қараған түніне белгіледі. Құранда Қадір түнінің нақты уақыты айтылмайды, әл-Бұхари хадисінде Рамазан айының соңғы 10 күніндегі тақ түндердің бірі екені айтылған. Көпшілігі мұны Оразаның 27-ші түні деп санайды.

Мешіт имамдары жиналған жамағатқа Қадір түнінің қасиеті мен хикметіне қатысты салиқалы әңгіме құрып, уағыз-насихаттарын айтты. Қадір түнінде құлшылықтарды көбейтуге, Құранды көбірек оқуға, дұға-тілектер жасауға кеңестер берілді. Түркістан облысының бас имамы Ержан Төлепов қажы Қадір түнін қалай қарсы алу керектігін жеткізді. 

 «Қадір түнінде жасаған құлшылық-ғибадаттарымызды, мінәжаттарымызды қабыл етсін. Ардақты пайғамбарымыздан Айша анамыз Қадір түнінде қандай дұға жасайық деп сұраған кезінде пайғамбарымыз (с.ғ.с) мына бір дұғаны үйреткен екен. Осы дұғамен әрбір мұсылман жұртшылығы дұға жасап, Құран кітабын оқып, намаз оқып, таспих тартып, Алланың елшісіне салауаттар айтып, Алладан дұға-тілектер тілейді. Аллаһым сен кешірімдісің, кешіргенді ұнатасың, бізді кешіре гөр деген дұғаны ардақты пайғамбарымыз айтқан екен. Осы дұғамен амал жасауды Алла баршамызға нәсіп етсін» , – дейді өңірдің бас имамы.

Қадір түнін түркістандықтармен бірге қарсы алуға Арман Қуанышбаев ұстаз келіп, жұртшылық көкейіндегі сұрақтарға жауап беріп, бұл түннің қадір-қасиетіне тоқталды. Бұл түнде адамның бір жылдық тағдыры ғана емес, ризық-несібесі де жазылады. Қадір кеші күн батып, ауыз ашқан сəттен бастап таң ататын уақытқа дейін жалғасады.

Айта кетейік, биылғы Рамазан айы 23 наурызда басталды. 21 сәуірде мұсылмандар Ораза Айт мерекесін атап өтеді. Қадір түнінде жасаған құлшылықтарыңыз бен тілеген дұға-тілектеріңіз қабыл болсын!

Азамат ӘЛІБЕК.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы