САУРАНДЫҚТАРДЫҢ ҚОС ҚУАНЫШЫ

568 көрілім

Сауран ауданының Аша ауылына таза ауыз су берілді. Жоспарға сәйкес ауыз сумен қамту жұмыстарының ІІ кезеңі іске қосылып, ауылдың барлық тұрғындарына таза ауыз су тартылды. Шалғайда емес облыс төңірегінде тұрса да бұған дейін от жағып, күл шығарудың бейнетін тартқан, қыстық отынның қымбатшылығы мен тапшылығынан жапа шеккен, бұған дейін құдық суын пайдаланып келген, сапалы ауыз суды тұтыну өзекті мәселеге айналған ауыл тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Олай дейтініміз, құрылғанына 2 жыл толған Сауран ауданына қарасты Ескі Иқан ауылдық округіндегі 114 үй берекенің бастауы табиғи газбен қамтылса, аудан орталығы Шорнақ ауылдық округіне қарасты, Аша елді мекеніндегі 499 үй сапалы ауыз суға қол жеткізді. Аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев ауылдағы ағайынның айтулы қуанышына ортақтасты.

Киелі қаланың облыс орталығы атанғанына 5 жыл толуына орай, Түркістан облысында ауыл, аудан, қала тұрғындарының өмір сапасын жақсарту мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Сыры терең Сауран, заманында Түркістанмен қатар дамыған көне шаһар. Бүгінде Ескі Иқан ауылдық округінде 19000 халық тұрса, соның ішінде 3142 үйге, 27 мекемеге толық газ құбыры жүргізілген. Сондай-ақ, ауылдағы 13 көшеге 114 үйге табиғи газ берілді. Үйіне алғашқылардың бірі болып көгілдір отын кіргізген ғасыр жасаған ауыл тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері Закир Мұсаев та қуанып, ауылдағы игі шараға ұйытқы болған жандарға батасын берді. Ауыл ақсақалдары салтанатты шараның ашылу лентасын қиып, аудан әкімі табиғи газды ел игілігіне пайдалануға берілуімен құттықтады. Ол өз кезегінде көгілдір отын осы өңірдегі халықтың тұрмыс-тіршілігіне, шағын және орта бизнестің дамуына септігін тигізетінін атап өтті. Тұрғындарды үздіксіз газбен қамтамасыз етуді «QazaqGaz» ұлттық компаниясына тиесілі «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ және «Интергаз Орталық Азия» мекемесі жүзеге асырды. Ауыл тұрғындарын құттықтаған газ мамандары тұрғындарға газды қауіпсіз пайдалану ережелері көрсетілген жадынамалар таратып, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

«Бүгін біздің ауылда үлкен қуаныш болып отыр. Қасиетті айда газ келіп, бәріміз қуанып жатырмыз. Бұрын үйді жылыту үшін отын жарып, күл шығарып әбігерге түсетінбіз. Отын тасу да оңай шаруа емес. Көмір-отын да қымбат. Бұған дейін қыстыкүні орта есеппен 7-8 тонна көмір жағатынбыз. Енді міне бұл бейнеттен құтылдық», – дейді ауыл тұрғындары.

Дәл осы күні ашалық тұрғындарға тіршілік нәрі жетті. Қаншама жылдан бері таза ауыз судан тапшылық көріп келген ашалықтардың қуанышы еселеніп жатыр. Бүгінде тереңдігі 720 м. су ұңғымалары мен сыйымдылығы 200 м³ су қоймалары халық игілігіне жұмыс істеп тұр. Ауыл тұрғындарының әлеуетін көтеру бағытында тағы да 32 үйге қосымша ауыз су құбыры тартылуда. Аудан әкімі елді мекендерді тіршілік нәрімен қамту жұмыстары одан әрі жалғасатынын, алдағы уақытта Ескі Иқан, Ибата, Қосмезгіл, Жүйнек, Қарашық, Шорнақ елді мекендерін де ауыз сумен қамтудың жобалық сметалық құжаттары жасалып жатқанын жеткізді.

«Бұрын құдық суын пайдаланушы едік, су деңгейі жыл сайын төмендей беруші еді. Дәмі де тұзды болатын. Бүгін, міне есігімнің алдында сарқырап ағып тұрған сапалы тұщы суды көру үлкен қуаныш. Әкелеріміз айтушы еді, келешекте көркем бір заман орнайды, сендер соның куәсі боласыңдар деп. Ауданның көркейіп, өркендеуін күнде тілеп отырамын. Енді су тапшылығы болмаса екен», – деген тілегін жеткізді ауыл тұрғыны Бақберген Тұрғынов.

Қос бірдей қуанышқа ортақтасқан аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев тұрғындарды құттықтап, аудан инфрақұрылымын жақсарту жұмысы жоспарға сай жүзеге асатынын атап өтті.

Азамат ӘЛІБЕК .

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы