ҚАЙЫРЛЫ ІСТЕР ҚАНАТ БІТІРЕДІ

450 көрілім

Биыл қасиетті Рамазан айы күн мен түннің теңеліп, айналаға шуақ шашар Наурыз айымен тұспа-тұс келді. Мол сауап алуға асыққан әрбір жан отыз күн оразада ауыз бекітіп қана қоймай, мұқтаж жандарға қолдау көрсетіп, қамқорлығын аямауға тырысады. Мұндай істер – ұлтты ұйыстырып, құндылықтарды арттыратын ізгі амалдар екені анық. Ал Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2023 жылды «Ислам және ізгі қоғам» жылы деп жариялауы жауапкершілікті тіптен арттырғандай. Ізгілік айы мен тіршілік атаулыға нәр беретін жаңару мерекесінің қатар келуі көптеген жақсылықтарға жол бастағаны сөзсіз. Соның бірі Түркістан қаласының белсенді жастары мен депутат жастардың бірігіп, осынау рақымшылық айы алдында қиналған отбасыға шексіз қуаныш сыйлауы.

Әңгімені басынан бастайық. Түркістан қаласы Қорқыт ата №74 үйде тұратын көпбалалы Оңғар отбасының үйі 2022 жылдың қазан айында өртке оранады. Себеп – тозығы жеткен электр сымдарынан ақау шыққан. Құдай сақтап, түнгі сағат 3-терде шырт ұйқыда жатқан отбасында ересек қыз ерте оянып, қалған отбасы мүшелерін дер кезінде сыртқа алып шығады. Оянған көршілер өрт сөндірушілерді шақырам дегенше үй жанып, опырылып ортаға түседі. Осылайша Оңғар отбасы қыстың алдында үй-күйсіз қалады. Үй егесі жалғыз басты ана Есболғанова Қаламқас қапелімде шарасыз күйге ұшырайды.

«Ел іші алтын бесік» деп бекер айтылмаса керек. Қайырымды жандардың арқасында іс дереу қолға алынып, көмек қолын созушылар жұдырықтай жұмыла бастайды. Ең алдымен мектеп әкімшілігі мен Отырар секторының бұрынғы меңгерушісі Нұржан Жүнісов қиналған отбасы жайлы жан-жаққа хабар беріп, қолдаушыларды іздей бастайды. Балалар оқитын №19 мектептің тәрбие жөніндегі орынбасары Ерлан Хансейітов қалалық мәслихат депутаты Ғалымжан Худияровтың есігін қағады. Мән-жайды түсіндіргеннен кейін Ғалымжан мырза күттірместен қаладағы өзі араласатын жігіттерге хабар береді.

Түркістан қалалық мәслихатының депутаты Ғалымжан Худияров: «Өздеріңіз естігендей, Оңғар отбасы осындай қиын жағдайға тап болғаннан кейін, ең алдымен бізге №19 мектептің тәрбие жөніндегі орынбасары Ерлан Хансейітов балалардың бүкіл киімдері жанып кеткендіктен мектепке келе алмай жатқанын айтып хабарласады. Отырар секторының бұрынғы меңгерушісі Нұржан Жүнісов бастаған ұжым осы мәселеге бей-жай қарамай көмек қолын созуға кіріседі. «Адам кез келген уақытта неге ұшырайтынын бір Алла біледі», дереу балалардың киімдерін әперіп, бұл жайлы тиісті адамдарға хабар бердім.

Осы орайда «Ақ-жол» ЖШС басшысы Оғылжан Васитовадан екі миксердің бірін сатып алсақ, бірін өздері көмек ретінде бергеннен кейін сол отбасының туыстары іргетасын құюға кірісіп кетті. Айта кеткен жөн, Ә.Нұрмаханов атындағы спорт мектебінің жаттықтырушысы Нұрсұлтан Құдайбергенов өте белсенділік танытып, шұғыл шот ашып, «город» аумағының жастары бірауыздан кірісіп, қажетті қаражат сомасын жинап берді, шлакоблоктарын түсіріп берді. Бұрынғы мәслихат төрағасы Мақсат Таңатаров, қала депутаттары Н.Үмбетұлы қаржылай көмектерін берді, ал депутат Ардақ Мансұров жылу қазандығын әперіп, жылыту құбырларымен қамтамасыз етті. Осылайша, «жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп мұқтаж жандарға қашанда қол созуға дайын ұйымшыл «город» аумағының жомарт жастары мұрындық болып 4 бөлмелі үйдің төбесін жауып аяқтауға түгел атсалысты. Айта кету керек, жылда осы қала жастарының ұйытқы болуымен мұқтаж жандарға көмектесу дәстүрге айналған».

Үй иесі, жалғыз басты ана Қаламқас Есболғанова: «Ойламаған жерден басыма мұндай қиындық түскеннен кейін ары қарай не болар екен деп елестетудің өзі қиын болды. Бірақ қайырымды жандар арамызда аз емес екен. Шүкір деймін, жомарт жандардың арқасында далада қалмадық. Жолдасым өмірден өткен. Колледж оқитын қыздарым, мектеп жасындағы екі балам бар. Өзім базарда кішігірім шайханада бәліш пісіріп нәпақамды тауып жүрмін. Қаламыздың қамқор жігіттері Ғ.Худияровтың, М.Таңатаровтың бас болып қадағалауымен көп жұмыс бітіп, сондай-ақ ағайын-туыстың көмек беруімен жаңа үйге кірдік. Хамо деген жігіт үйдің терезелерін алып берді, Дони деген азаматтың көмегін айтпай кетуге болмайды. Жанашырлық танытқан аты аталған азаматтардың арқасында біткен іс болды. Олар көмектеспегенде жаңа үйге кіру үш ұйықтасам түсіме кірмес еді. Жасаған істерінің қайырымын өздері көрсін, сауабына молынан кенелсін деген ерекше алғысымды білдіремін».

Иә, әлем қайырымды адамдармен әдемі екені рас. Жақсы істер мен қайырымдылық әрекеттер адамға қанат бітіреді, қиналған жанға қуаныш сыйлайды, жарқын өмірге үміт отын тұтандырады. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, біз де қасиетті айда қайырымды жандардың асыл әрекеттерін айта кетуді жөн көрдік. Жанымызда жомарт жандар көп болсын!

Несібелі ИМАНҚҰЛОВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы